Экология • 29 Наурыз, 2023

«Қызыл кітап»: Жаңа басылымның жаңалықтары

1833 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі «Қызыл кітаптың» сипаты туралы қызықты деректер өте көп. Мұның қызыл түсі тыйым, тоқта, жойма, дабыл мен қауіп деген түсініктерді білдіреді және бұл адамдардың назарын аудару және әлемнің варварлық жойылуын тоқтату үшін жазылған. «Қызыл кітап» табиғатты қорғауға арналған ғалымдардың жануарлар мен өсімдіктер жөнінде жинаған фактілері болғанымен, бізде бұл құзыреті бар кітап болып саналады.

«Қызыл кітап»: Жаңа басылымның жаңалықтары

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

Бүгінде қызыл қасқыр, қара күзен, қабылан және кейбір тау арқарларын енді қазақ жерінен жолықтыра қоюымыз екіталай. Өйткені бұл жануарлардың Қазақ­стан жерінде кездескені жайлы жарты ғасырдан бері бірде-бір дерек жоқ. Түрлі экологиялық фак­торлар мен жүгенсіз кеткен бра­коньерлік шабуылдардың кесірінен аталған аңдардың орнын сипап қалдық.

Елімізде «Қызыл кітаптың» бесінші басылымы жеткілікті қаржыландыру болмауынан ке­шеуілдеп келеді. Он жылда бір басылып шығатын «Қызыл кi­тапқа» өсімдіктер мен жануарлар түрлерін ен­гізу және одан шығару жөнінде ұсыныстар әзір­леу үшін ведомствоаралық ботаникалық-зоологиялық комиссия қарайды. Кең-байтақ Қазақ­стан аумағының табиғат жағдайына сәйкес өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесі де алуан түрлі болып келеді. Қазақстан фаунасының гено­қоры кітабының (1989) мәліметінше, елімізде тек омыртқалы жануарлардың (балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер) 835 түрі есепке алынған. Ал омыртқасыз жән­діктердің тек жартысына жуы­ғы ғана анық­талған, яғни 50 мыңдай шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, өрмекші, кене, ұлу бар.

2006 жылы Үкімет қаулысымен бекі­тілген «Қызыл кітапқа» дөңге­лек­ауыздылар мен балықтардың 18 түрі мен түршелері, қосме­кенділердің 3 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, құс­­тардың 57 түрі және сүт­қо­­рек­тілердің 40 түрі мен түр­ше­лері, барлығы омыртқалы жануарлардың 128 түрі (түршесі) енген. Олардың арасында, жо­ғарыда атап өткеніміздей, І санат­тағы сүтқоректілердің төртеуі – қызыл қасқыр, қара күзен, қабы­лан, тау арқарларының Қызылқұм, Алтай және Қаратау түршелері, құстардан ақ ләйлек, қызғылт бірқазан, ителгі, лашын, бидайық түрлері Қазақстан ж­е­рінен бір­жола жоғалып кетсе, мәрмер шүре­гей­дің қоныстануы жайлы 20 жылдан аса уақыт­тан бері дерек жоқ.

Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитетінің хабарлауынша, табиғат қорғау заңнамасын бұзу де­ректерінің жыл сайынғы динамикасы артпаса, азайып отырған жоқ. Са­лыс­тыр­малы түрде қымбат ба­ға­­ланатын мүйізіне бола қара­құйрық, елік браконьерлер қо­лынан жиі оққа ұшатын көрінеді. Мәселен, 2018 жылы 2 арқар, 19 қарақұйрықты заңсыз ату дерегі тіркелген. Жойылып бара жатқан түрге жататын ителгі мен сұңқар құстарын аулау да толастар емес. 2016 жылы 25 ителгі, 2018 жылы 23 сұңқар, 7 ителгі құсы заңсыз шетел асқан. Зоолог маман­­дардың айтуынша, өзен кәмшаты, қара кірпі, ала жертесер, аққұйрық, үлкен мықи, тұрымтай, жұмбақ шыбыншы, әсем шымшық түрлері популяциялары мөл­шерден тыс көбейгендіктен, «Қызыл кітаптың» үшінші басылымына енгізілмей, тізімнен шығарылған екен.

Қазақстанның қазіргі жануарлар әлемі, сонымен қатар бұ­рынғы геоло­гиялық дәуір фау­насы жайлы жаңа ғылыми мә­ліметтер алу, олардың эволюциясын зерттеу және қоршаған орта жағдайына байланысты популяция динамикасының заң­дылығын анықтау – Зоология институтының мін­деті. Аталған институт мамандары сирек жа­нуарлардың таралуы мен саны жөнін­дегі мағлұматтардың аздығын, сәйкесінше сақтау шаралары жөнінде қандай да бір шешім қабылдау қиындық тудыратынын алға тартады.

«Еліміздің «Қызыл кітабы» тек қана сирек және құрып бара жатқан аң мен өсімдік және жәндіктердің тізімін жинақтап қана қоймайды, бұл кітап кәдімгідей құ­қықтық мәртебесі бар құ­жат саналады. Батыс Еуропа немесе басқа да ел­дермен салыстырғанда, біздің «Қызыл кітаптың» айырмасы – осында. Көптеген елде оны ғы­лыми институттар немесе қоғам­дық ұйымдар шығара береді. Бізде және ТМД елдерінде «Қызыл кітаптың» заңдық мәртебесі бар, сондықтан оның жасақталуы – мем­лекеттің бақылауында. Яғни Үкімет жануарлардың сирек кез­десетiн және құрып кету қаупi төнген түр­лерiнiң тiз­бесiн бекітеді. Соның негізінде әзір­ленген «Қы­зыл кітап» аң және өсімдік түрлері туралы толыққанды ақ­паратты қамтиды. Онда аңның латынша, қазақша, орысша атауы, құрып кеткен немесе жойылып бара жатқан, қалпына келген түр бойынша мәртебесі көрсетіледі», дейді Зоо­логия институтының бас директоры Роман Ященко.

Оның айтуынша, 1991 жылы шыққан Қазақстанның «Қызыл кітабының» екінші басылымы қаржы тапшылығына байланысты ротациялық көшірме арқылы бар-жоғы 500 данасы басылған. Қазір бұл кітап сирек кездеседі. Бұдан кейін 2003 жылы мемлекет қолдауымен Зоология институты мен «ТЕТИС» ғылыми қоғамы қолға алып, «Қызыл кітаптың» екінші бөлігін шығарды. Онда зиянкестердің 85 түрі, 2 өрмекші тәрізділер қамтылды. Оның бірі – Түркістан шаяны. Алайда ба­сылымның омыртқалыларға ар­налған бөлігі шықпады. 2010 жылы баспадан шыққан «Қы­зыл кітаптың» таралымы алдыңғы­лардан анағұрлым өскен.

«Қызыл кітап» дегеніміз негізгі үш данадан тұрады. Біріншісі – Үкіметте, екінші данасы уәкілетті орган – Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде, үшін­шісі әзірлеушіде қалады. Бұл – Зоология институты. Осыдан кейін барып ол кең таралымға шығады», дейді Зоология институтының мамандары.

Кітап қазақша, орысша және ағыл­шын­ша әзірленеді. Айта кетерлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі коми­тетінде Зоологиялық комиссия бар. Оның құрамына түрлі сарапшылар кіреді. Зоологиялық комиссия екі бөлік­тен тұрады, біреуі – балық түрлеріне арналған, екіншісі басқа барлық аң түріне жауапты. Зоология институтының мамандары соңғы комиссия құ­рамында бар.

«Қызыл кітапқа» жануар тү­рін енгізу немесе алып тас­тау – Зоологиялық ко­мис­сияның құ­зыретінде. Сондай-ақ ел Пре­зиденті осындай шешім қабылдай алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылы Кас­пий итбалығы Өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiне алынды.

Айта кетерлігі, биыл Жайықта кезде­сетін күтім (ойықтіс) деген балық жануар­лардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiнен шығарылыпты. Керісінше, Зоо­логиялық комиссия шешімімен тізбеге жолбарыс қосылған.

«Біз Ресейден Амур жолбарысын Бал­қаш маңына Іле-Балқаш табиғи резерватына жер­сіндірмекпіз. Қазір жолбарыс өмір сүре алу үшін жағдай жасалып жатыр. Ең алдымен, ландшафт өмір сүруге қолайлы болуы қажет. Ол немен қоректенеді, сол ескеріледі. Қазір экожүйені қал­пына кел­ті­ру жүргізіліп жатыр. 2024-25 жылдары алғашқы жол­барысты беру жоспар­ланып отыр. Неге Уссури немесе Сібір жолбарысы таңдалды? Өйткені ол – жойылып кеткен Тұран жолбарысына генетика жағынан ең жақын түр. Қазір кейбір генетик ғалымдар осы екі жолбарысты Құрлықтық түршеге жатқызады. Қалпына келті­рілетіндіктен, қазір жолбарыс сирек кез­десетін құрып бара жатқан түр қатарына алынды», дейді институт басшысы.

Экобелсенді Сәкен Ділдахмет жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге болатынын айтады. «Балқаш маңы – сулы батпақты-қамысты аймақ. Қазір резер­ватта жолбарысқа барлық жағдай жасалып жатыр. Азық-түлік базасы саны өсірі­ліп келеді. Олар – тоғай бұғысы, елік, қабан. Сондай-ақ то­раңғы ағашын қайта отыр­ғызу қолға алынған. Ең бастысы, ха­лықпен үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр», дейді ол.

Бір қызығы, кейінгі жылдары ғана саны өсіп, қалпына келе бастаған киікті кейбір адамдар сиреп кеткен аңдар қатарына жат­қызылады деп санайды. Алайда бұл қате түсінік екен.

«Киік Қазақстанның «Қызыл кіта­бына» енбеген. Көп адам осылай деп қа­телеседі. Бұл – елімізде ауланатын аң сана­тында. Алайда Халықаралық Қызыл тізімге жойылып бара жатқан жануар ретінде алынған. Киік Қазақстанда, сонымен қатар Батыс Қазақстанның Ресеймен шектесетін аудандарында кездеседі, сонымен қатар Моң­ғолияда бір түрі бар. Оның саны – 7-9 мыңдай ғана, өте аз. Осы киік түрінің басты қоры бізде, үш популяция – Бетпақдала, Үстірт және Батыс Қазақстан популяциясы. Бұл түр қысқа уақытта тез көбейе алатынымен ерек­шеленеді. Біз қазір сондай көбейген кезе­ңін көріп отырмыз. Олардың саны өте жыл­дам азайып кетуі мүмкін», дейді Р.Ященко.