Оқиға • 29 Наурыз, 2023

Жұмадағы оқиға

254 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кәрі адамның төсек тартып, ана дүниеге әне-міне аттанғалы жатқаны күлкілі дүние емес. Бұл – қайғылы оқиға. Бірақ Тынымбай Нұрмағанбетовтің шығармаларын оқып отырып, қанша жерден мұңды болса да егіліп бір шын жылай алмайсың. Езуіңе күлкі үйіріліп, ащы әжуасына кейде мырс етіп, кейде астарын түсініп, мезет ойланып қаласың.

Жұмадағы оқиға

«Жұмаға қараған түн» әңгімесіндегі Пәрікүл кемпірдің өлімі, дәлірек айтқанда, бүткіл ауылдың науқастың үзілгенін асыға күтуі жүрекке салмақ салмайтын жеңіл күй шайып өткендей әсер қалдырады. Мұның сыры, әрине, жазушының өмірдің шындығына қылдан нәзік юмор араластыра отыра суреттеуінде болып отыр. Әңгіме жанрының классигі атанған автордың мақтасыз бауыздайтын жып-жылы сарказмын оқырман қауым жақсы біледі. Сол үшін де айдан аса төсек тартып жатқан жалғызбасты Пәрікүлдің ауылдастарының «бүгін өледі-ау» деген үмітсіз үміттеріне риясыз мәз болысады. Бәлки, өз жанымызды – қазақтың мінезін көріп күлеміз. Осы тек қазақтың емес, барша адамға тән мінез екенін де мойын­дау керек.

Иә, түрлі оқиғада түрлі күй кешетін, алуан сезімде болатын адамның жаны әрқашан құбылмалы. Айыбы жоқ, Пәрікүл кемпір алғаш төсек тартқанда ауылдас­тары біраз әбігерленіп-ақ қалған. Бұл жалғаннан өтер деген пендеден олар да бар ықыласымен көмегін аямады.

«Біреуі кемпірдің алыста тұратын қызына телеграмма берсе, екіншісі отынын түсіріп, тағы біреуі ертеңді-кешкісін малына қарады. Абысын-ажындары ас-суын әзірлеп, шайын қойып, отын жағып, күңгір-күңгір әңгімемен ұзақты күнді науқастың жанында өткізіп жүрді. Пәрікүлдің ауыл шетіндегі ескерусіздеу үйіне көңіл сұрай келгендері бар, басқасы бар, біреу кіріп, біреу шығып, ертеңді-кеш ауылдастары дүмеп жатты».

Сөйткен Пәрікүл кемпір жұрт күт­кендей оңайлықпен өле қоймады. Сол тө­се­гінде тырп етпестен бір қалыпты жата берді – не кеткен жоқ, не тұрған жоқ. Ауыл ішіндегі өлім-жітімді қауқылдасып жүріп-ақ атқарып тастайтын үлкендер бара­-бара бұл үйге соғуды да қойды. Біреу өмірден озса, «бауырымдап» жоқтау сала жөнелетін кемпірлердің Пәрікүлден «көңілі қалды». «Міне, бүгін өледі» деп күтіп шаршаған. Әу бастағы ақ-адал ниеттері де таусылуға таяу. Әркімнің өз тіршілігі, мал-суы тағы бар, бәрі өз шаруа­сымен айналып кете барды.

Десе де ауылдың аты ауыл емес пе?! Ақсақалдар араға түсіп, жалғызбасты науқасты қараусыз қалдыруға болмас деп шуласты. Пәрікүл кемпірді ендігі күзететіндер – Балуан кемпірімен, Сыбырлақ пен Қаусырма. Бәрі соңғы үміттерін жинап, ауыл шетіндегі елеусіздеу үйге еріне еніп жатты. Бірі от жағып, бірі аяқ көтеріп, енді бірі ұйқыға кетті. Пәрікүл сол баяғыдай. Жүзіне қараған ауылдастары ылғи «беті бері қарамас» десетін. Бұл жолы да Балуан бүгінгі түннен қалмас деп жорыды. Іле-шала ертең жұма екені есіне түсті. «Байғұстың не дегенмен несібесі зор екен-ау».

Екі кемпірдің басы қосылса, арғы-бергідегі әңгіменің бәрі айтылады. Тіпті сонау жылдарда қалған сыр да бар. Қуықтай үйде не айтылса да Пәрікүл кемпір естіп жатыр. Әрине, бұл кезде ол көп ұзамай осы отырған кемпірлердің жоқтау айтып, дауыс салатынын сезген жоқ. Өлетінін де білген жоқ.

Балуанның кемпірінің қорылынан оянып кеткен Сыбырлақ науқастың қолы сап-салқын екенін байқап шоршып түсті. Бағанағы Балуанның сөзі дәл келгені ме? «Әйтеуір кетіпті ғой»...

«Қаусырма қарсы қабырғада ілулі тұрған шаршы орамалды алды да, науқастың бетіне жаба қойды. Сөйтті де:

–Күзе-ете-еп-п отыр-рса-ақ та-а ай­­ры-ыл-еп-е қалдық ау-у, ойба-ай-ай! – деп дауыс салып Сыбырлақпен көрісті».

Адам өзі нені асыға аңсай күтсе, соған тез сенеді ғой. Өлді деген Пәрікүл тірі екен. Қолы ашық қалған соң мұздапты, Сыбырлақ кемпір білегін ұстаса, жылы екен. Ал Қаусырманың зарлаған үні әлі шығып тұр. Сыбырлақтың қой дегенін естімейді. Естімейтін жөні де бар, әйтпесе Сыбырлақ кемпір атана ма?!

«...Пәрікүл бәрін сезген. Тіпті сырттан кірген шалдардың кімдер екенін де дауыс­тарынан айырды. Өзінің тірілігін білдіріп, бірдеңе деуге де мұршасы бар-ды. Бірдеңе дер ме еді, әлде қайтер еді, ойда-жоқта у-шу болған үрейлі дауыстар науқастың да есін шығарып жібермегенде...»

Әп сәтте азан-қазан бола қалған үйде тірі жатқан Пәрікүл де өлгеніне сенейін деді. Әсіресе Балуанның кемпірінің ащы даусы бой-бойына тарап, басқа кеңістікте жүргендей қалықтай жөнелді. «Өлік табалдырықтан аттағанша бәрін біліп, естіп жатады деуші еді, сол рас екен-ау», деп ойлады.

Сонымен, Пәрікүл кемпірдің жұрт күткен «өлімі» осылай болыпты. Жұма күні өмірден өткен адамдар жұмаққа барады деседі. Расында да сол түні жаны үзілсе, жұмаққа түсетін бе еді? Ауылдастарының ақ-адал ниеті де осыған саяды. Оны Пәрікүл кемпір сезді дейсіз бе?!

Оқиғасы шағын ғана шығармада ауылдың кемпір-шалдарының әңгімесінен бөлек трагедиялық тұстар да қоса өріліп отырады. Мәселен, ауылдастарын өлмей мезі қылған Пәрікүлдің жалғыздығы. Шалы сонау шақта жөнелген. Жалғыз қызы қиянда. Күтті-күтті, ол да келмеді. Ел ішінде болған соң білінбейді ғой әрі ол кезде заман да басқа. Бүгінгі күнде де қарашаңырақта жалғыз қалған қарт-қариялар жетерлік. Жалпы, қараусыз қалған қарттардың трагедиясы – бір бөлек әңгіме.

Бұл жазушы қалай классик атанды? Мәселен, осы әңгімедегі  кейіпкерлер бізге таңсық емес, әр ауылда бар. Шынайы өмірдің адамдары. Мінезі, болмысы, іс-әрекеті, сөзі еш боямасыз суреттеледі. Яғни қарапайым адамнан идеал жасамайды. Һәм оларды бұрыс әрекеті үшін сынамайды. Оқырманға ақыл үйретпейді, тек өмірдің өзінен алынған сюжеттер.