Қоғам • 30 Наурыз, 2023

12 майдангерге – 800 мың теңгеден

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2017 жылдан бері Астана қаласының әкімдігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер мен олардың артында қалған жұбайларына қомақты әлеуметтік көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Сонымен, аталған әлеуметтік көмектің нақты көлемі қанша және бұл қанша жанға беріледі?

12 майдангерге – 800 мың теңгеден

Ашық НҚА порталында жария­ланған Астана қаласы мәс­лихатының жобасына сәйкес, 2023 жы­лы Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын әрбір Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне Жеңіс күніне қо­сым­ша 800 мың теңге мөлшерінде әлеу­меттік көмек көрсетілмек.

«2023 жылы Жеңіс күнін мерекелеуге байланысты Екін­ші дүниежүзілік соғыс арда­герлеріне және басқа адамдарға, атап айтқанда, Екінші дүниежү­зілік соғыста қаза тапқан жауын­герлердің екінші рет некеге тұр­маған жесірлеріне қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы» жоба­ға былайша түсініктеме берілген:

«Осы шешімнің жобасы «Ар­дагер­лер туралы» 2020 жыл­­ғы 6 мамырдағы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Заңының 17-бабына сәйкес әзірленді. Астана қа­ласы мәслихатының 2017 жы­л­­­ғы 12 желтоқсандағы №221/25-­VI шешімімен бекітіл­ген Ас­та­на қаласында әлеу­мет­­тік кө­мек көрсету, оның мөл­шер­ле­­рін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санатта­рының тізбесін айқындау қағи­дасына сәйкес, төмен­дегі санат­тарға әлеуметтік көмек көрсе­ті­леді: Жеңіс күні­не әлеуметтік көмек Екін­ші дүниежүзілік со­ғыс арда­герлеріне – 67 ай­лық есептік көрсеткіш (231 150 тең­ге), басқа адамдарға, еңбек ардагерлеріне (Екінші дүние­жүзі­лік соғыста қаза тапқан жауын­гердің екінші рет некеге тұрма­ған жесіріне) – 11 айлық есеп­тік көрсеткіш (37 950 теңге) мөлше­рінде көрсетіледі».

Әкімдіктің мәліметіне сүйен­сек, биыл Жеңіс күніне орай арда­герлерге 800 мың теңге, соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен жауын­гер­лердің жесірлеріне 30 мың теңге мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек берілмек.

Ресми мәліметтерге көз жү­гіртсек, 2021 жылы елордада 163 соғыс ардагері болса, 2022 жылы мұндай санаттағы 95 адам тіркелген. Ал 2022 жылы 18 адамға 1 005 221 теңгеден беріліпті. Астана қаласы Жұмыс­пен қамту және әлеуметтік қор­ғау басқармасының дерегі бо­йынша, биыл 12 ардагер қалған.

Осылайша, Астананың атағы дардай ақшасын он екі-ақ адам алады. Былай қарасақ «айдағаным бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кебі...

Екінші дүние­жүзі­лік соғыс­та қаза тапқан жауын­гер­лер­­дің екінші рет некеге тұрма­ған 1 жесіріне 67 950 теңге беріл­мек. «Бюджеттің қосым­ша шы­­ғындары 9 630 000 теңге­ні құрай­ды. Аталған жоба Қазақ­стан Респуб­ликасының қолда­ныстағы заң­намасына қайшы келмейді және құқықтық акті­лерге қойылған талаптар­ға жауап береді», делінген құжатта.

Елімізде соғыс ардагерлеріне бері­летін әлеуметтік төлем әр ай­мақта әртүрлі. Әр облыс әлеу­меттік көмек жергілікті бюджеттен қарастырылатындықтан, жыл сайынғы мерекелік жәр­дем­­ақының көлемін өздері ше­шеді. Алайда былтыр Прези­дент барлық өңірдегі ардагерлерге кем дегенде 1 миллион теңгеден беруді тапсырған еді. Сондықтан мұндай мол мөлшердегі жәрдемақыны Аста­надағы ардагерлер ғана ала­ды деген түсінік болмауға тиіс. Өкініштісі сол, қазір қан майданда кеудесін оққа төсеген майдангерлердің қатары сиреп барады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2021 жылы елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 665 ардагер болса, былтыр 387 ардагер тіркелген, осылайша, олардың саны бір жылда 278 адамға азайыпты. Алайда еліміз сол ат төбеліндей аз ғана адамдарға деген құрметін аяған емес.

Екінші дүниежүзілік со­ғыс­қа қатысқан ард­агерлерге бе­рі­летін біржолғы жәрдем­ақы­ның көлемі ТМД-ның бас­қа мемлекеттеріндегі жағдай­­мен салыстырғанда, біз­дің ел­де әлдеқайда жоғары болып шық­ты. Мәселен, Ресейде Екін­ші дүниежүзілік соғыстың арда­герлеріне Жеңіс күнінде 10 мың рубль көлемінде жыл сайынғы жәрдемақы беріледі екен, бұл – 130 доллар. Тәжік­станда да төлем мөлшері әр аймаққа әртүрлі. Мысалы, Ду­шан­бедегі соғыс ардагерлері 3000 сомони, яғни 277,69 доллар алады. Беларусьте 1 800 беларусь рублі мөлше­рінде беріледі, бұл – 636,3122 доллар. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев былтыр 1941-1945 жылдардағы Екінші дү­ние­жүзілік соғысқа қатысушыларға 1 500 манат материалдық кө­мек бере­тінін айтқан, бұл 883,07 доллар болады. Қырғыз Рес­пуб­ликасындағы ардагерлер Жеңіс күніне орай 100 мың сом ала­ды, бұл қазіргі бағаммен – 1 144,46 доллар. Өзбекстанда Жеңіс күніне орай 15 миллион сум беріледі, бұл – 1 314,11 дол­лар. Ал елімізде 800 мыңнан берілген­нің өзінде
1 741,47 доллар болады екен.