Пікір • 29 Наурыз, 2023

Мәжілістің «мінезі»

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шетелдің парламентіне таңғаласың. Қашан көрсең айтыс-тартыс, күн тәрті­бі­не қойылған мәселені ұңғыл-шұңғы­лына дейін талқылап жатады. Әсіресе, Ұлы­британияның Қауымдастық палатасының отырыстарында талай қызық болады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Тұманды Альбионда «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алудың сәті түскен. Сол кезде тілдік курстан өтіп жүргенде ұстаздарымыз бізді Парламент үйіне апарған-ды. Қауымдастық палатасының кезекті жиынын тамашалап, қызу пікірталасты тыңдадық. Бұл бір жағынан ағылшын тілін үйренуге көмектессе, екінші жағынан Біріккен Корольдіктің заң шығарушы мекемесі қалай жұмыс істейтінін білуге таптырмас мүмкіндік еді.

Осыдан кейін аталған елдің Парламент отырыстарын әрдайым бақыламасақ та, ара-тұра YouTube секілді әлеуметтік желі­лерден түрлі қызықты сәттерін көріп тұрамыз. Мәселен, бір видеода депутаттар Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсонның атқарып жатқан жұмысын майшаммен қараған. Қауымдастық палатасының спикері Линдси Хойл жиын кезінде ішкі тәртіпке бағынбай, сөзді бөле берген екі депутатқа «Аузыңды жап та, шығып кет!», деп айқайлайды. Келесі кадрда кезекті сауалға жауап берген Борис Джонсонның сөзіне депутаттар гуілдеп наразылық білдіреді.

Енді бір видеода лейбористік партия мен консервативтік партия мүшелері жаға жыртысардай пікір таластырады. Мәселе салық жүйесіне келгенде лейбористік партияның мүшесі Деннис Скиннер сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмеронды сұрақтың астына алып, «Панама қағаздарына» қатысын, салықтан жалтарғанын алға тартады. Сөзінің соңын «Бұған не айтасың, Dodgy Dave? (Дүмше Дэйв)», деп аяқтайды. Ұлыбритания парламентінің ережесіне сәйкес, депутаттар бір-бірінің жеке басына тиісуге болмайды. Сондықтан спикер Джон Беркоу одан dodgy сөзінен бас тартуды сұрады. Бірақ Д.Скиннер айтқанынан қайтпай, тағы да «Дүмше Дейв» дегенінен танбады. Ақыры палата спикері оны отырыстан шығарып жіберді.

Қарай берсеңіз, осындай қызықтар өте көп. Депутаттардың бірі «Өтірікші», деп айқайлайды, парламент мүшесі спикермен айтысып, кімнің әрекеті дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауға тырысады. Палатаның жұмысын уақытша тоқтатқаны үшін спикерге «Ұят, ұят, ұят», деп наразылық білдіреді. Шот­ландиялық депутаттар бір ауыздан жиыннан шығып кетеді. Қойшы, әйтеуір бітпейтін ұрыс-керіс. Кез келген маңызды мәселені жан-жақты талқылап, оның бүкіл кемшілігін баса айтып, қабылданатын заңның мінсіз болуына барын салады. Тіпті спикерге «ұят» деп айқайлап, үкімет басшысын «өтірікші» деп айтуға қысылмайды.

Жалпы, әлем елдеріндегі парламенттің қызық-шыжығы мұнымен бітпейді. Кей елдерде заң шығарушы орган мүшелері тіпті жаға жыртысуға әзір. Мәселен, Украи­на Радасында депутаттар бір-біріне жұды­рық ала жүгіргеніне талай мәрте куә болдық. Грузия, Армения секілді елдерде де мұндай жағдай кездесіп тұрады. Көр­шілес Қырғызстандағы Жоғарғы кенеш депутаттары да кейде жағаға жармасатынын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-біліп жүрміз. Түркияда Ұлы ұлттық мәжіліс мүшелері талай мәрте жекпе-жектің кермек дәмін татты.

Мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та да талай оқиға жетерлік. Конгресс мүшелері Капитолийде бір-біріне жиі жұдырық ала жүгірмесе де, өңірлік деңгейдегі депутаттар талай мәрте жаға ұстасқаны белгілі. Одан қала берді, Сенат пен Өкілдер палатасы – қызу пікірталастың нағыз ордасы. Әлбетте, АҚШ енді-енді қалыптасып жатқанда Конгрессте талай тартыс өткен. Әбүйір болғанда, кейінгі жылдары мұхиттың арғы бетіндегі депутаттар сабырлық сақтап тұр.

Тіпті қой аузынан шөп алмастай көріне­тін жапондар да маңызды заң жобасын талқылағанда барын салады. Мәселен, 2015 жылы шетелде әскери-оқу жаттығу жиынын өткізу туралы заң жобасын қарау кезінде пікірталас қызып, ақыр соңында Жапония депутаттары жұдырыққа жүгінуіне тура келіпті. Қысқасы, дамыған елдердің қай-қайсына қарасаң да парламент отырыстары айтыс-тартысқа, дау-дамайға толы. Ұсынылған заң жобаларының ұзақ уақыт егжей-тегжей талқыланбай қабылдануы сирек.

Құдайға шүкір, біздің Сенат пен Мәжіліс­тің отырыстары тыныш жағдайда өтеді. Депутаттардың бір-біріне құрметі шексіз, өзара артық пікір айтпайды. Спикердің сөзін де құлақ салып тыңдауды жөн көреді. Парламентке енген құжаттар бір ауыздан қабылданады.

Жаңа жасақталған төменгі Палата депутаттары да тату болып, халықтың мүддесі үшін жұмыс істейді деп сенейік.