Мәселе • 30 Наурыз, 2023

Шыбын-шіркей шырғалаңы

490 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Керекудің әкім қаралары қансорғыш жәндіктерге қарсы күреске айрықша көңіл аударып, оған өңірлік деңгейде маңыз берілетін болған. Мамырдың ортасын ала қанаттанып ала қоятын шіркейдің жолына ештеңе де бөгет бола алмайды. Қыбырлаған жан-жануарға жаудай тиетін бұл жәндіктен Ертістің бойын ен жайлаған елді мекендер қатты зардап шегеді.

Шыбын-шіркей шырғалаңы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шіркейдің адамдарды талауы былай тұрсын, қара бұлттай тө­ніп келетін оның шабуылынан үй құс­тары, жас төлдер тырапай асып өліп қалады. Өрісте мал жайылудан қалып, көктемнен көтерем шыққан ірі қара­лар шіркейдің зобалаңынан арам қатқанын да көргенбіз. Қысқасы, мамыр-маусым айларында еліміздегі ең ұзын өзен бо­йын қоныс еткен ауылдар мен шаһарлар үшін бұл қансорғыштар кәдімгідей үлкен проблема. Одан соң шілденің ортасына дейін ызыңдап есті шығаратын сары масаның әлегі тағы бар.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов өңірдегі шыбын-шіркейге қарсы күрестің жа­йын жақсы білетін маманның бірі. Ғалымның ақыл-кеңес беруімен жыл сайын арнайы мамандар тобы әуелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, одан соң өңдеу шараларына кіріседі. Қанат Қамбарұлының айтуынша, шыбын-шіркейдің соңғы 50 жылда адамдар мен жан-жануарға жаудай тиіп, агрессиялық тұрғыда мінез-құлық танытуының өзіндік себептері бар көрінеді. Себебі бұл жәндіктер дернәсілге айналған уақытынан-ақ күйзеліс күй кешеді. Ғалым бұл өзгерісті былай түсіндірді:

– Ертіс – көбіне жазық далада ағатын үлкен өзен. Әдетте мұндай өзендердің бойында шіркей популяциясы көп болмайды әрі агрессорлық мінез-құлқы онша озбыр болмауға тиіс. Егер су айдынындағы табиғи үдерістер бұзыла бастаса, ондағы жәндіктердің күнделікті өмірлік салты да өзгеріске ұшырайды. Мұны айтып отырғаным, 1970 жылдарға дейін, яғни Шығыс Қазақстандағы каскадты су бөгеттері салынбай тұрып, Ертіс табиғи жолмен жылына екі мәрте таситын. Әуелі қар еріп, мұз жүргендегі уақыт. Одан соң маусым айының ортасында, Алтай тауларында жатқан мұздақтар еріген кезде. Бірақ ғалымдардың айтуынша, бұл екі тасу үдерісі табиғи болғандықтан баяу жүрген. Бұл ырғаққа өзенді тіршілік еткен балықтар мен түрлі жәндіктер, соның ішінде қансорғыштар да ғасырлар бойы бейімделіп кеткен ғой. Каскадты су қоймалары тұрғызылған соң, Ертіс жылына бір ғана мәрте, көктемгі мезгілде жасанды түрде таситын болды. Ол дегеніміз миллиондаған текше метр су бір мезетте бөгеттен жіберіле салады. Тасқын су жолындағы барлық шөгінділерді аударып, құм-қоқысты жол бойы шашып әкеледі. Судың бір мезетте күрт көбейіп, өзеннің өз кемерінен асуы ондағы жәндіктерді күйзеліске душар ететінін байқаймыз. Олардың кейбірі дұрыс дамымай қалады. Соның ішінде су жылып, дернәсілдері өсе бастаған болашақ шіркей түрлері өте ашуланшақ болып, яғни агрессиямен жетіледі. Сөйтіп, өз дамуында қаншама қиындықты өткеріп, қоректену тапшылығына ұрынады. Әсіресе, аналықтары жұмыртқалап, қанаттанған шақта аштық сезімін басу үшін бірден ақуыз іздей бастайды. Ал ақуызды алудың ең оңай жолы – жылы қандыларға жармасып, қанын сору. Жылы қандылар дегеніміз бұлар – тіршілік иелері, адамдар мен жануарлар, аң-құстар, дала тышқандары, т.б. Сөйтіп, шіркейлердің үйірі жолында кездескен жылы қандыларды тарпа бас салып, талайды. Бұл жәндіктер тіпті жетілу кезеңінде өзеннің көлеңкелі жерлеріне үймелеп, бір-біріне кедергі келтіретіні де мәлім. Әр тіршілік иесі өмірге келгенде соңына ұрпақ қалдыру миссиясын орындайтыны белгілі ғой. Бұлардың да қысқа тіршілік мәні жұмыртқасын молынан салып кетуден тұрады, – дейді ол.

Шыбын-шіркейдің даму, қанаттану үдерісі сыртқы ортаның әсеріне тікелей байланысты екен. Яғни күн күрт ысыса, өзен-көлдегі, шалшықтағы судың температурасы да жоғарылап, дернәсілдер тезірек дамып шыға келеді. Былтыр мамыр айының салқын болуынан шыбын-шіркейдің қанаттану үдерісі кідіріп, нәтижесінде Павлодар қаласының тұрғындары шіркейдің шабуылына аса ұшырай қойған жоқ. Жыл са­йын көктемде қансорғыш жәндіктерге қарсы биологиялық және химиялық өңдеу шаралары басталып, ол жаз бойы жалғасатыны белгілі. Олардың қай уақытта іске кірісіп, қай кезеңде кідіруі тиістігін дернәсілдердің дамуын зерттеумен айналысатын ғылыми топ мүшелері белгілеп отырады. Ғылыми зерттеу жұмыстарының арқасында соңғы уақытта Ертіс – Баян өңірінде өңдеу жұмыстары жүйеге түсе бастаған. Алайда кейбір уақытта, мәселен 2017 және 2021 жылдары мердігерлер жұмысқа кеш кірісіп, шіркейлер ерте ұшып, жұртшылықтың мазасын алды. Арнайы топ мүшелері мен ендігі мердігерлер сондай кемшіліктерден сабақ алса игі.

Ғалым Қ.Ахметов соңғы 20 жылда өзі бақылап жүргендей, шіркейдің дүрк етіп көтерілуі көктем-жаз айларында әр 7-8 күн сайын қайталанып тұрады екен. Жәндіктердің жұмыртқасы суда алғаш пайда болған кезде олармен күресудің еш нәтижесі жоқ. Павлодар облысында жыл сайын шіркейге қарсы «Бактицид» деп аталатын микробиологиялық препарат қолданылатынын айтып өтейік. Препарат дернәсілдер топтасқан су айдындарына әуеден, кемемен және жаяу жүріп шашылып, онымен қоректенген қансорғыштар ішегі бұзылып, қырылады. Яғни биологиялық дәрі дернәсілдер өз бетімен қоректене алатын даму деңгейінде ғана нәтижелі. Мамандар бақылап отырады да, уақыты жеткенде «Бактицидті» шашып, оларды жояды. Дей тұрғанмен, шіркейдің популяциясын біржола құртып жіберу деген ойға сыймайтын дүние. Бекітілген стандартқа сүйенсек, егер әлгі биологиялық препарат шашылған жерлердегі қансорғыштардың кемі 80 пайызы қырылса, өңдеудің нәтижелі жүргізілгенін білдіреді. Ал қанаттанып шыққан шіркейлерді жою үшін кезекте химиялық, барьерлік өңдеу күтіп тұрады. Ол елді мекендердің айналасындағы шөптесін жерлерде, ағаш тоғайларында жүргізіледі.

– 2000 жылдардың басында Ертіс өзені бойын зерттеп жүрдік. Сонда бір дециметр аумақта шіркейдің 6 мың данаға дейін дернәсілі кездесетін. Өңдеу жұмыстары жыл сайын жүйелі жүргізіліп келе жатқанының нәтижесі болуы керек, қазір бұл норма 1 мың данаға дейін төмендеген. Негізі дернәсіл даму барысында төрт мәрте түлейді, содан аман өтсе ұшып кетеді. Тағы бір қызық айтайын, 2000 жылы Ертіс өзенінің Павлодар қаласы аумағында (ағыстан жоғары – 50, ағыстан төмен 50 шақырымға дейін) осы жәндіктің 5 түрі кездесті. Ал 2007-2016 жылдар аралығында олардың 2 түрі мүлде жоғалып кетті. Жойылып кетті ме деп жүрсек, 2018 жылдары әлгі түрлері қайтадан пайда болыпты. Сөйтсек, олардың популяциясының белгілі бір түрлері азайып, өзгеріске түсіп отырады екен. Жоғарыда айттым, Ертіс – үлкен өзен. Мұндай орасан су айдындарында әрі кетсе бұл жәндіктің 10 түрі бар шығар деп есептеймін. Бұйыртса, биыл өзеннің Ресей шекарасына дейінгі аумағын зерттеп шығатын ойымыз бар, –деп жоспарымен бөлісті ғалым.

Шіркейден кейін ылаң салатын сары масаның да соңғы уақытта тым көбейіп бара жатқаны Ертіс өзенінің жайылмаларындағы табиғи баланстың бұзылуынан болуы мүмкін. Себебі Ертіске су босатылғанда көп судың екпінінен жайылмаларға су мол шығып кететіні бар. Ал сары маса жайылмаларда, шалшық суда, өзеннің ескі арналарында жылдам дамиды. Таяз сулар күн сәулесінен тез жылитындықтан, дернәсілдер үшін дамуға таптырмайтын орын. Сары маса да – шіркей сияқты қоршаған орта жайлы болса қазан айына дейін қанаттана беретін қансорғыш.

Айтпақшы, Павлодар қаласында 2023-2025 жылдары шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстарын атқару құқығын «Хлебстрой» ЖШС конкурста жеңіп алды. Атауы біртүрлі болғанымен фирма қазынадан бөлінетін 450 млн теңгеге үш жыл бойы шаһарға қарасты саябақтар мен скверлерді, орамішілік аумақтарды және бау-бақшалардағы қансорғыш жәндіктерді құртуға құрал-жабдығымыз жеткілікті деп сендіріп отыр. Олар биылдың өзінде 8,8 мың гектар аумақты өңдеуі керек. Жергілікті тұрғын үй инспекциясының мамандары кәсіпорын қызметкерлері жүргізетін дезинфекциялық жұмыстардың тиім­ділігі 80 пайыздан кем болмауға тиіс екенін айтады. Өңдеушілер 1 нау­рыздан бастап көпқабатты баспа­налардың жертөлелеріне сұйық препараттар шашуды бастап кеткен.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева өңір бойынша биыл шыбын-шіркейге қарсы күрес шаралары 10 сәуірден басталып кететінін хабарлады. Өңдеу шараларының сапасын арттыру үшін қансорғыштан көбірек зардап шегетін Ақтоғай мен Тереңкөл аудандары және Ақсу қаласы бөлек жол карталарын әзірлеген. Проблемалы аймақтар облыс орталығында секілді әдіс-тәсілдерді жүзеге асырады. Жалпы аумағы 33,5 мың гектар жа­йылма ұшақтың көмегімен әуеден өңделеді деп жоспарланған. Ертіс өзені маңындағы суларға химиялық препарат себіледі. Әуеден және өзен үстіндегі улау жұмыстары аяқталған соң елді мекендер айналасында барьерлік өңдеу шаралары басталады.

 

Павлодар облысы