Қазақстан • 29 Наурыз, 2023

Алтын қоры бойынша 15-орындамыз

540 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр еліміздің алтын өндіру өнеркәсібі үшін табысты жыл болды. Отандық металлургтер рекордтық көлемде 73 тоннадан астам тазартылған алтын өндірді.

Алтын қоры бойынша 15-орындамыз

Құрамында алтыны бар кен өндірісі айтарлықтай өсіп, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 39,4 млн тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 19,5%-ға (6,4 млн тонна) артық. Ал құрамында алтыны бар қойыртпа өндірісі 11,9%-ға азайып, 455 мың тоннаны құ­рап отыр. Бұл ретте өңдеу сег­ментінде өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірісі 129,6 тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 13%-ға өскен. Оның ішінде тазартылған алтын өндірісі 73,2 тонна (жылдық өсім 9,9%) болды.

Сонымен алдыңғы жылдарға көз жүгіртсек, 2018-2020 жылдары аралығында сектордағы жылдық өндіріс өсімі 20%, тазартылған алтын өндірісінің өсімі 37,9%-ды құрапты. «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заң нормасына сәйкес, ел аумағында өндірілген құрамында алтыны бар барлық шикізат ел ішіндегі аффинаж зауыттарында өңделуге тиіс. Барлық тазартылған алтынның негізгі бөлігін «Тау-Кен Алтын», «Қазцинк» ЖШС Өскемен метал­лургиялық кешені және «Қазақ­мыс Корпорациясы» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының асыл металл цехы осы үш ірі зауыт өндіреді. Бағалы металл өндірушілерінің республикалық қауымдастығының мәліметінше, 2022 жылы барлық тазартылған алтынның 49%-ын 30-дан астам жер қойнауын пайдаланушылардан шикізат қабылдайтын «Тау-Кен Алтын» ұлттық зауыты өндірген. Өндіріс үлесі бойынша екінші орынды «Қазцинк» (39,1%), үшінші орынды «Қазақмыс» корпорациясы (10,4%) иеленген.

Сарапшы мамандар қазіргі таңда еліміз бойынша құрамын­да алтыны бар шикізатты өнді­ре­тін жер қойнауын пайда­лану­шылардың саны артып отырған­ды­ғын, олардың арасында алтын өндіруді негізгі мақсат еткен компаниялар да, басқа металдарды өндіруге бағытталған алтын ілеспе өнім саналатын кәсіпорындар да бар екендігі айтылды. Мәселен, «Қазцинк» компаниясы Шығыс Қазақстандағы бірнеше түсті металл кен орындарын (мұнда алтын ілеспе өнім) және Ақмола облысында орналасқан еліміздегі ең ірі Васильковское алтын кен орнын игерудегі кен орнының барланған қоры шамамен 370 тоннаны құрап, былтыр компания 546 мың унция алтын өндірген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,2%-ға төмен. 2022 жылы Polymetal-дың алтын өндіруші компаниясының кә­сіп­орындарында да алтын экви­валентінде 541 мың унция өндірілді. Өндіріс нәтижелерінің есебіне сәйкес, екі ірі учаскеде (Бақыршық кен орны және Варваринское хабын) тиісінше 2,2 млн және 3,8 млн тонна кен өндірді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2% және 6%-ға артық. Алайда бұл кеннен алынған алтын концентраты 3%-ға аз болды. Бұл өн­дірілген тау жынысының құ­ра­мында алтын­ның аз болуымен байланыс­ты. Ірі алтын өндіруші компаниялар қатарына 2021 жылы Қазақ­стандағы ең көне алтын өнді­ру­ші «Қазақалтынды» қосып алған «Алтыналмас АК» АҚ және еліміздің төрт өңіріндегі кеніштер мен өңдеу зауыттары енген. Биыл ақпанның ортасында «Алтыналмас АК» АҚ басқарма төрағасы Дияр Қанашев Қазақстан Президентімен кездесіп, компания жобаларында соңғы үш жылда 40 тоннадан аса алтын өндірілгенін айтқан болатын. Жетекші алтын өндірушілердің тізіміне жеке аффинаж цехы бар «Қазақмыс» корпорациясы мен «Kaz Minerals» та кіреді. Екі кәсіпорын да ірі мыс өндірушілері. Алтын олар үшін ілеспе металл дайындайды. Былтыр кәсіпорындарда қойыртпадағы алтын өндірісі 171 мың унцияға жеткен (2% өскен). Осыншама қажырлы еңбектің нәтижесі болса керек, Қазақстан алтын қоры бойынша әлемдік рейтингте 15-орында тұр.