Ғылым • 29 Наурыз, 2023

Өнеркәсіптің қозғаушы күші – ғылым

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дамыған елдердің негізгі көрсеткішінің бірі – ғылым мен технология. Бүгінде ғылымы мен өнеркәсібі үйлескен ел озық елдер қатарына шығады. Әл-Фараби бабамыздың «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлың­ғыр» деген қанатты сөзі әлі де өзекті. Президент еліміздегі өнер­кә­сіпті алға жылжыту факторының бірі ғылым деп атады. Осы мақсатта жаңа құрылған министрлікке арнайы заң жобасын әзірлеуді ұсынып отыр.

Өнеркәсіптің қозғаушы күші – ғылым

Кейінгі жылдары жас ғалымдар гранттық қаржыландыру аясында көптеген жобаны іске асырып келеді. Олардың ішінде өндіріске лайықты, өнеркәсіптік әлеуеті бар жобалар көп. Сондай-ақ ғылымға қызығушы жастардың магистратура мен докторантурада өз білімін шыңдауы үшін және шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтуі үшін арнайы гранттар да бөлініп келеді. Гранттар санының өсуімен қатар, оларға берілетін стипендияның көлемі де айтарлықтай ұлғайып отыр. Мысалы, Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, 2021-2022 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша магистратураға – 13 263, докторантураға 1 890 грант бөлінген. Магистратура мен докторантураға гранттар бөлудің нәтижесінде жас ғалымдардың саны артты. Бұл ғылымдағы буындар арасындағы байланыстың нығаюын қамтамасыз етіп, ғылым саласының болашағына салынған инвестицияға айналды деуге болады. Алайда оларды коммерцияландыруға келгенде көптеген мәселе туындайды. Бұл мәселе ғылым мен өнеркәсіп арасындағы байланыстың болмауынан орын алып отыр. Бір ғана ақпараттық технологиялар саласын алсақ, Қазақстан нарығында көптеген шетелдік компания өнімдері миллиардтаған табысқа ие болып отыр. Бірақ логистика, банк, білім, тағы да басқа саладағы цифрлы платформаларды дамытуға, өндіріске енгізуге өз ғалымдарымыздың мүмкіншілігі мол екеніне көңіл бөлмей отырмыз. Отандық ғалым­дар­дың жетістігін өндіріске енгізе алмауымызға не себеп? Тіптен өз елімізде қолдау таппаған білікті IT-мамандардың стартаптары үлкен табысқа ие болып отыр.

Қазіргі таңда тиісті министрлік ғылым мен өнеркәсіпті байланыстыру үшін үлкен жұмыстар жүргізіп отыр. Сондай жұмыстардың бірі – ғылым туралы заңға өзгеріс енгізу, отандық өндірістермен байланысты нығайту, ғылыми нәтижені өндіріске енгізу. Жаңа технологиялармен белсенді жұмыс істеп отырған Ақпараттық және есептеуіш технологиялар инс­титуты ақпараттық және есептеуіш технологиялар, ақпарат саласында теоретикалық міндеттерді шешу үшін математикалық әдістердің қолдануға негізделген қолданбалы және іргелі ғылыми зерттеулермен айналысып келеді. Жасанды интеллектінің соңғы жетістіктері негізінде биоинформатика бойынша кең көлемдегі зерттеулерді жүзеге асыруда. Жасан­ды иммундық жүйелердің жаңа модификацияланған алгоритмдері негізінде Smart-технологиялар және оларды өнеркәсіптік автоматтандыру жүйелеріндегі, мұнай-газ саласының технологиялық үдерістеріндегі, білім берудегі және фармакологиядағы техникалық, технологиялық және әлеуметтік-экономикалық күрделі басқару объектілері үшін практикалық қосымшалар әзірлеуде. Ақпараттық ресурстардың, ақпараттарды сақтау­дың қауіпсіздігіне сұраныс артып отырғандықтан, Деректерді өңдеу орталығын құру қажеттілігі туды. Институт ғалымдары алғаш рет ақпа­рат­ты шифрлаудың отандық алго­ритмін әзірледі.

Ақпараттық технологиялар қа­рыш­тап дамыған кезеңде институт ға­лым­дарының ізденістері отандық өндірісті дамытуға жол аша отырып, экспорттық әлеуетіне де ықпал ететіні сөзсіз.

 

Өркен МАМЫРБАЕВ,

Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты директорының  орынбасары, PhD, профессор

Соңғы жаңалықтар