Шындығы сол, Талдықорғанда соңғы оншақты жылда пәтер кезегі мүлде сақталмаған. Кезегі әне-міне келе бергенде артқа шегініп кететінін айтып, зар қаққан халықтың қарасы көп. Мұнда әдетінше ретін тапқандар мен қолдаушысы барлар үйлі болып, жылдар бойы кезек күткендер шетке ысырылып қалған. Осы ретте қала әкімі әлеуметтік әділдікті қайта қалпына келтіруге күш салып жатыр. Бұл жауапты жұмыс Президенттің «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сай жүзеге асырылып отыр.
Мәселен, облыс орталығында бұған дейін заңсыз берілген пәтер саны 1 026 болса, соңғы сегіз айдың ішінде 1 218-ге көбейген. Мәселен, 2016-2018 жылдар аралығында жетімдерге – 60, денсаулық сақтау саласының мамандарына – 60, көпбалалы аналарға 72 пәтер берілгені анықталды. Олардың ешқайсысының құжаттары рәсімделмеген.
«Дәлелі бар, пәтерді кезекпен алып, тұрып жатқандардың құжаты тұрғын үй комиссиясы арқылы рәсімделуде. Құжаты барын дәлелдеген, бірақ мемлекеттік қызметкерлер тарапынан кеткен олқылықтар арқылы санаты расталмаған азаматтардың құжаты медиация арқылы, қолдарында құжаты жоқ, кезектен заңсыз алынғандардың құжаты сот арқылы заңдастырылып жатыр», деді қала басшысы осы мәселеге орай өткізген брифингте.
Оның айтуынша, облыс прокуратурасы мен облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің тексеру барысында бірнеше азаматтың кезегі қайтадан қалпына келтірілді. Олардың үй алуға деген құқығы толық сақталып отыр.
Былтыр аталған пәтерлерде тұрып жатқандарды анықтау мақсатында құрамында әкімдік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам белсенділері, журналистер бар арнайы жұмыс тобы құрылған. Сол кезде комиссия мүшелері пәтерлерді түгел аралап шыққан-ды. Нәтижесінде, 395 тұрғынға мәлімдеме тапсырылған. Мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтарылған пәтерлердің 11-і кезекте тұрғындарға таратылса, қалған 32 пәтер баспана кезегінде тұрған тұрғындардың әлеуметтік тұрғыда қорғауды қажет ететін санатындағыларға берілетін болып шешілген. Биыл тағы да басқа да заң бұзушылықтар көбейіп отыр.
Осы ретте 2005, 2006 жылдары кезектен заңсыз алынып тастаған азаматтарға пәтер берілді. Ал басқа облысқа ауысып кеткен мемлекеттік қызметшілердің пәтері біртіндеп мемлекет меншігіне қайтарылуда. Мысалы, 2015-2021 жылдар аралығында Талдықорғанда 1 300-ден астам пәтер мен үй заңсыз берілген. Соған сай, пәтерлерді және жалдау төлемдерін есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл түсімдердің ашықтығын, төлеушілерді бақылау және мерзімін өткізіп алуға жол бермеу шараларын қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Жиында 2013-2021 жылдар аралығында заңсыз берілген пәтерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүріп жатқаны айтылды. Күдікке ілінгендер қатарында Талдықорған қаласы әкімдігінің лауазымды қызметкерлері де бар. Қала әкімінің айтуынша, тексерулер кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталған екен. Соның ішінде бұрын берілген және жекешеленіп кеткен пәтерлердің дерегі ведомстволық архивтен табылмаған. «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған ипотекалық баспана екінші деңгейлі банктер арқылы бөлініп келген. Бағдарлама талабына сәйкес, пәтерлер «Отбасы банк» арқылы берілуі керек болған. Сол секілді «Кезекте» порталында кезекте тұрғандарға түгендеу жүргізілмеген.
«Тексеру жұмыстарының нәтижесінде деректер базасына ақпараттар енгізу арқылы 1 333 азаматтың кезектілігі қалпына келтірілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кешенді тексерулер жүргізу үшін «Отбасы банк» пен жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне тиісінше хат жолданды», дейді қала басшысы.
Жалпы, Талдықорған қаласында пәтер кезегінде 15 мыңнан астам азамат тұр. Осы уақытқа дейін себепсіз 1 700 адам кезектен алынып, орнына басқа тұрғындар кіргізілген. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, қолға алынған ауқымды жұмыс жалғасын табады. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы соңғы үш жылдағы тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі деректердің дұрыстығын анықтау туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде өңірде аталған тапсырма аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жетісу облысы