Қоғам • 30 Наурыз, 2023

TikTok-та Наурыз мерекесі туралы бейнероликтер 120 млн рет қаралды

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қысқа видеороликтер жасаумен мәшһүр болған TikTok платформасы танымал контент авторларының қолдауымен тұңғыш рет #Наурыз2023 онлайн-фестивалін өткізген болатын. Наурыздың аяғында мәреге жеткен жоба платформа қауымдастығының айрықша назарында болып, хэштег бойынша контент 120 миллионнан астам қаралым жинады, деп хабарлайды Egemen.kz.

TikTok-та Наурыз мерекесі туралы бейнероликтер 120 млн рет қаралды

TikTok-тағы танымал контент авторларының ғана емес, Мәдениет және спорт министрлігі және  «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қолдауымен өткен онлайн-фестивальге қызығушылық танытқандар, атсалысқандар өте көп болды. Енді ең үздік роликтер байқауының жеңімпаздары еліміздің ең сұлу мекендеріне сапар шегеді.

Егер әр заманның өзіне сай сазы болатынын ескерсек, қазіргі таңда TikTok әлемнің әр түкпіріндегі елдердің мәдениетін жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін тілдесу құралы іспетті. Ал TikTok-тағы онлайн-фестиваль платформаның Қазақстандағы ірі қауымдастығының басын қосты. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі отандастарымыз Наурызды қалай атап өткенін паш етті: жерлестеріміз бір біріне жүрекжарды лебіздерін төгіп, жыл басынан жақсылықтар тілеп, мерекелік дастархан дайындап, ұлттық әндерді әуелетті. Әр өңірдің өзіндік дәстүрлері мен салты салтанат құрды. Қорытындылай  келгенде жоба хэштегіндегі роликтер 120 миллионнан астам қаралым жинады.

Платформа қолданушылары Наурыз-көжеден неше түрлі мәзірден бастап, дәмі тіл үйірген асылған ет пен қуырдақ, былқылдаған бауырсақ сияқты ерекше мерекелік тағамдар дайындаудың сырымен бөлісті. Еліміздің түкпір-түкпірінен мерекелерден репортаждар жүргізіліп, нағыз халықтық мейрам нақыштары паш етілді. Танымал контент авторлары мереке тарихы туралы баяндап, өздері де ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдардың сұлулығын насихаттады. Әрине, платформа ұлттық әуенге бөленіп, басты музыкалық трендтерінің бірі дәстүрлер мен заманауи мотивтерді үйлестіретін «Қамажай» қазақ халық әнінің ремиксінің биі болды.

Жобаға қатысқан барлық қолданушы арасында ең жаңашыл бейнероликтердің авторлары анықталған кезде, Қазақстанның түкпір-түкпірінде Наурыз қалай тойланатыны туралы көркем суреттеме жасаған @malikatakira бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орынға асылған еттің отбасылық рецептін бөліскен @pak_lafamilia ие болды. Үшінші орынға таудағы би түсірілген ролик авторлары @kz_white_angel_kz лайық деп танылды.

Жеңімпаздарға Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ тағайындаған «Rocket Go Travel» туристік компаниясынан бағалы сыйлығы – Қазақстанның ең көрікті мекендеріне саяхат жасау бұйырып отыр.

«Біз еліміздегі ірі қауымдастықпен бірге Наурыз мерекесінің салтанатын асырғанымызға  өте қуаныштымыз. TikTok-ты мерекенің мың құлпырған бояуларымен, ғажайып әуендермен, көздің жауын алатын дастарқан, би және керемет көңіл-күйлермен толтырғаны үшін қолданушыларымызға рақмет! Сіздердің арқаларыңызда бүкіл әлем бойынша Қазақстанның мәдениеті қаншалықты әдемі және бірегей екені туралы барынша көп адам біле алады», дейді TikTok-тың Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы Операциялық бөлімінің басшысы Екатерина Блинец.

«Осынау жоба еліміздің әр өңіріндегі мерекенің ерекшеліктері туралы айтып, мәдениетіміздің алуан түрлілігін заманауи форматта көрсетуге мүмкіндік берді. TikTok Қазақстандағы әртүрлі ұрпақтар арасында, соның ішінде жастар арасында танымал. Ұлттық дәстүрлерімізді онлайн-платформалар арқылы насихаттау өте маңызды», деді Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

«TikTok-пен серіктестігіміздің арқасында ең үлкен мерекеміз – Наурызды тойлауға барынша назар аудартып, әлемнің түкпір-түкпірінен қолданушыларымызға еліміздің әртүрлі өңіріндегі мәдениеттің алуан түрлілігі мен байлығын көрсетуге ұмтылдық. Шындығында, биылғы мерекенің ауқымы кең әрі бірқатар өңірде туристік маусымның ашылуының нышаны іспетті болды», дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.