Музей • 30 Наурыз, 2023

Қаныш ағаның коллекциясы

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Керекудегі Ertis музейінде Қаныш Сәтбаевтан қалған баға жетпес мұра – жер бетіндегі пайдалы қазбалардың үлгіле­рінен тұратын бай коллекция бар. 2019 жылы музей ашыл­ған уақытта Торайғыров университеті академиктің бұл гео­логиялық коллекциясын сыйға тартқан.

Қаныш ағаның коллекциясы

Мұнда еліміздің түкпір-түк­пірінен қазып алынған түрлі металдар мен пайдалы қазба­лардың, минералдардың, хи­миялық элементтердің үлгілері бар. Коллекциядағы түрлі кен жыныстарының саны шамамен 100-ге жуықтайды. Жергілікті геолог ғалымдардың айтуынша, таутұлғаның өлшеусіз еңбегінің жемісін байқататын бұл кен үлгілерінің жиынтығы шынында өңіріміз үшін баға жетпес бай­лық. Кезінде академиктің қызы Мейіз Сәтбаева әкесінің жолын қуып, өмірін геология ғы­лы­мына арнағаны мәлім. Мейіз Қанышқызы геология-минералогия ғылымдарының докторы атанды. Қазақстандағы кен тү­зуші минералдардың химиялық табиғаты мен мыс кеніштерінің ерек­шеліктерін зерттеумен шұ­ғылданып, әкесінің Жезқазған кен орнын ашу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастырған. Құрамы ренийге бай кен түзуші минералдардың құрылымдық-мор­фологиялық ерекшеліктері туралы докторлық диссертация қорғады. Жазған ғылыми ең­бектері мыс-құмтас кен орындарын зерттеу­ге септігін тигізген. Бұл коллекция­ны одан әрі байы­туға Мейіз Қа­нышқызының да еңбегі зор. Кейін оны әкесінің туған жері – Ертіс – Баян өңіріне тарту еткен екен.

– Мейіз Қанышұлы геология­лық экспедициялар нәтижесінде тапқан кен жыныстарын әрдайым жинап жүрген. Сөйтіп оларды әкесінің жеке коллекциясына қосқан. Енді міне жаратылыстану бағытындағы біздің музейімізде ең құнды жәдігерлердің қата­рынан орын алып отыр. Музей ішіндегі тұтас бір бөлім Қ.Сәтбаевтың коллекциясына арнайы бөлінді. Келушілер әр металл мен минерал үлгілерін сырт­тай қызықтап, олар жайлы гидтерімізден сұрап біле алады, – дейді «Ertis» музейінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.

Коллекция қатарында метаморфты тау жыныстары бар. Олар магмалық және шөгінді жыныстарға жоғары температура мен қысым әсер еткенде түзіледі. Қазақстанда сульфаттар – күкірт қышқылының тұздары да кең тараған. Бұл кәдімгі гипс алынатын элемент. Теңіз суынан тұндыру жолымен түзілетін гипс құрылыс пен медицинада материал, ал ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде қолданылатыны мәлім. Пайдалы қазбалар қатарында фосфаттар, малахиттер, мусковит, нефелин, кальцит, темірлі гнейс, мәрмәр, галит, доломит, флюорит, хризакола бар. Коллекциядан тасқа айналған ағаш үлгісін де байқадық. Тақтатастардың (сланец), гнейстердің, кварциттердің, өзге де минералдардың түр-түрі геология ғылымының аса қызықты сала екенін аңғартқандай.

 

ПАВЛОДАР