Сұхбат • 31 Наурыз, 2023

Трансмай несімен қауіпті?

400 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта маргарин мен спредтердегі гидрогенезделген майларға қатысты қолданыстағы техникалық регламентті жеңілдету туралы және олардың өнімдегі мөлшерін қазіргі 2%-бен салыстырғанда 20%-ға дейін жеткізуді ұсынған ақпараттар шығып жатыр. Азық-түлік өнімдеріндегі трансмайлар құрамын неліктен шектеу керек екені, оның денсаулыққа қандай қауіп төндіретіні жайлы Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті, отандық ғалым-нутрициолог, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты Юрий Синявскийден сұрап білдік.

Трансмай несімен қауіпті?

– Юрий Александрович, қазір елімізде қолданыстағы «Май өнім­дерінің қауіпсіздігі туралы» стан­дартты жеңілдету және май өнім­дерінде өнеркәсіптік, гидро­генез­­делген майларды көбей­туге рұқсат беру жөніндегі ұсы­нысқа қалай қа­рай­сыз?

– Бұл ұсынысты жаман деп қана емес, антимемлекеттік деп айтар едім. Мұндай қадам Қазақстанда жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық ауруларды, қант диабеті, семіздік сияқты кеселдердің өсуіне алып келеді. Гид­ро­генезделген майлар дегеніміз – трансизомерлер немесе денсаулыққа аса қауіпті өнеркәсіптік трансмай­лар екені әлемдік медицинада баяғы­да дәлелденген. Елімізде жүрек кесел­дері жөнінен көрсеткіштеріміз онсыз да нашар. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім де жоғары. Қант диабеті де көбейіп, «жасарып» барады, артық де­не салмағымен байланысты кеселдер көбейіп жатыр. Мұның барлығы да трансмайлары бар тағамдармен тікелей байланыс­ты. Мемлекет ең алдымен ұлттың денсаулығына қам­қорлық жасап, адамдарды зиян­ды тағамдардан қорғауы керек. Өз­гелердің өнеркәсіптік немесе сау­да­дағы мүддесіне еруге болмайды. Трансмайлар – коммерциялық тұрғы­дан келгенде май өнімдерінің өзіндік құнын бірнеше есе төмен­детуге мүм­кіндік беретін тиімді кондитерлік қос­па екені даусыз.

– Трансмайдың қаупін, қандай өнімдерде болатынын, не­ліктен оларды тұтынуды қысқарту керек екенін тарқатып айтып берсеңіз?

– Трансмайлар немесе кейде қарапайым түрде гидрогенезделген майлар деп аталатын май қышқыл­дарының трансизомерлері – сұйық өсімдік майын қатты майға айналдыру арқылы өнеркәсіптік тәсілмен алынатын қанықпаған май қышқылдары. Бұл үдеріс гидрогениздеу деп атала­ды. Технология майды барынша тұрақ­тандырып, тотығып, ашып кетуге бейімділігін төмендетеді. Осы тех­но­логия арқылы, тіпті, ыстық күн­дерде де қатты болып қала беретін жә­не ұзақ уақыт бойы сақталатын таны­мал кондитерлік майларды өнді­руге болады. Бұл азық-түлік тауар­ларының логистикасы мен аспа­дық индустрияға арналған әртүр­лі ком­поненттің жаһандануы тұрғысы­нан алғанда өздеріне пайдалы, мұндай майлар айлар бойы контейнерлерде, қоймалар мен дүкен сөрелерінде бұзыл­май тұра береді. Әрі бағасы да өте арзан болғандықтан, одан жа­сал­ған өнімдердің де бағасын төмен­детуге мүмкіндік береді.

Синтетикалық, өнеркәсіптік өнді­рілген трансмайлардан басқа, табиғи трансмайлар да бар, бұлар көбінесе жануарлардан алынады. Мысалы, 80% майдан тұратын сарымайдың құрамында трансмайлардың бірі – транс-вакцена қышқылының шамамен 4%-ы бар. Сүт өнімдерінде аздаған трансмай – конъюгацияланған линол қышқылы бар. Айта кету керек, таза, табиғи трансмайлар синтетикалық май­лардан құрылымы бойынша ерек­ше­ленеді, сондықтан олар ағзада бел­сен­ді және зиянды емес. Олардың сол сүт немесе сарымайда болуы еш­қан­дай қауіп төндірмейді. Ал гидро­ге­низацияның көмегімен алынатын трансмайлар ағзадағы алмасу үдерістеріне, жүрек-қан тамырлары жүйесінің, бүйрек пен зәр шығару жолдарының жұмысына, қалқанша безінің жұмысына айтарлықтай әсер етеді. Өнеркәсіптік жоғары рационды трансмайлар жүрек ауруының қаупін 21%-ға, ал өлім-жітімді 28%-ға арттыратыны дәлелденген. Трансмайларды тұтынған кезде қандағы «жаман» холестерин, яғни төмен тығыздықтағы липопротеидтер көбейіп, керісінше жоғары тығыздықтағы липопротеидтер («жақсы», пайдалы холестерин) азаяды. Трансмайлар екінші типті диабетке душар болу ықтималдығын 40%-ға арттыратыны туралы деректер бар. Трансмайлардың балаларға да зияны орасан, өйткені олармен қаныққан жүйке жасушалары, жыныс бездері, тамырлар бала ағзасының қалыпты дамуына кесірін тигізеді.

Сондықтан әлемдік медициналық қауымдастық қазірдің өзінде бала­лар­ тамағындағы трансмайларды күрт азайту, мектеп, балабақша мәзір­лерінде, сондай-ақ мектеп буфет­тері мен оның маңайындағы дүкен­дерде трансизомерлері бар бар­лық өнімге толық тыйым салу мәселе­сін көтеріп отыр. Сондай-ақ балалар тағамына рұқсат етілмеген конди­терлік өнімдерге де тыйым салу керек, өйткені зерттеулер олар­­дың барлы­ғында дерлік транс­май­лардың мөлшері жоғары екенін анықтаған.

– Басқа мемлекеттер май өнім­де­ріндегі трансизомерлер құрамын қалай реттеп отыр? Халықаралық ғалымдар мен мамандар бұл жайлы не дейді?

– Дені сау ұрпақ өсіруді қалайтын, даму жолына түскен мемлекеттердің бәрі де трансизомерлері бар өнім­дерді тұтынуды азайту үшін нақты қадамдарға барып жатыр. Мәселен, Норвегияда құрамында қаныққан, трансмайлары, бос қанттары мен тұздары көп зиянды тамақ өнімдерінің жарнамасының балаларға әсерін азайту жөніндегі жаңартылған мем­лекеттік стратегия әзірлеп, талқылауға шығарылды. 2010 жылдың мамыр айында ДДҰ балалар аудиториясына қант пен трансизомерлері аз тағамдарды жарнамалау бойынша ұсы­ныстар жинағын мақұлдады. Бұл ұсыныстар балаларға зиянды өнім­дердің әсерін азайту үшін ұлттық және халықаралық тұрғыда бірлескен әрекеттерді талап етеді.

ДДҰ бағалауы бойынша жылына кемінде 500 мыңдай мезгілсіз ажал құш­тыратын жүректің ишемиялық ауруының негізгі себептерінің бірі – транс­майларды тұтыну. ДДҰ 2023 жылы трансмайларды жаппай тұты­нудан бас тартып, ал 2025 жылға қарай азық-түліктегі трансмайлар­ды мейлінше азайтуды мақсат етіп қойған. Алайда бұл тапсыр­маның қан­ша­лық­ты орындалатыны күмән тудыра­ды. Бұл елдер­дің ұлттық ұста­нымдарына, регламент­теріне байланысты.

Менің білуімше, ЕАЭО техрегла­менттерінде 2024 жылға дейін өнім­дердегі трансмайлардың 2%-дық шегі қабылданды. Ал көп мемлекетте оларға бұрыннан бері толық ты­йым салынған. Мысалы, АҚШ-тың Нью-Йорк штатында 2007 жылдан бері трансмайларды тұтынбайды. «Cardiology» журналы жазып отыр­ғандай, шектеулер енгізілмеген басқа штаттармен салыстырғанда осы штаттағы жүрек ауруының статистикасы, қаныққан май қышқылдары бар тағамдарды рационнан толығымен алып тастаудың нәтижесінде 20%-дан да көп төмендегенін көрсеткен. Осы статистикаға сүйене отырып, FDA (Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау жөніндегі басқарма) АҚШ-та трансмайларды сатуды одан әрі шектеді.

Кейінірек АҚШ-тың азық-түлік өнімдерінде трансизомерлерді күрт азайту стратегиялары Дания, Аус­трия, Венгрия, Исландия, Канада, Норвегия, Швейцария менТаиландта жүргізілді. 2021 жылы оларға Сингапур қосылды. Сол жылы Еуро­ко­мис­сия ЕО елдерінде олардың санын 2%-ға дейін (100 г майға 2 г) шек­тей отырып, трансизомерлердің өнеркәсіптік өндірісі мен тамақ өнім­дерінде пайдалануды азайту туралы шешім қабылдады.

Жоғарыда айтқанымдай, Қазақ­стан­да жүрек-қан тамырлары өлімі басқа аурулармен салыстырғанда көш бастап тұр. Тағы бір айта кететіні, жас, еңбекке қабілетті жастағы адам­дардың денсаулығына қауіп төніп тұр. ДДҰ талдауы Еуропа елдерінде жүрек ауруы­нан болатын өлім-жітім көрсеткіші екі есе төмен екенін көрсетті.

– Сіздің ойыңызша еліміз май өнімдеріндегі трансизомерлерге қатысты қалай әрекет етуі керек – жекелеген компаниялар ұсын­ғандай рұқсат беру керек пе, әлде мүлдем тыйым салу керек пе?

– Дәрігерлердің бұған қатысты ойлары екіұдай емес. Трансмайларды тұтынуды барынша азайту қажет. Қазақстан және ЕАЭО нормативтік заңнамасын қатаң басшылыққа алу қажет. Сон­дай-ақ осы нормативтерді тамақ өнімдеріндегі трансизомерлер мен май қышқылдарының құрамы бойынша Еуропалық одақтың талаптары мен стандарттарымен үйлестіру қажет. Оған қоса бұл нормативтерді трансмайларының рұқсат етілген нормаларын жоғарылату, арттыру бағытында өзгертуге жол берілмейді. Керісінше барлық ел оны барынша азайтуға немесе толығымен алып тас­тауға ұмтылып жатыр. Айтып отырғанымдай, көптеген да­мы­ған елде трансмайларға толық тыйым салынған, бұл тауарлардың зат­таңбасында көрсетілген. Әлем бірте-бірте коммерциялық тұрғыдан тиімді болғанымен, денсаулыққа қауіпті өнімнен толықтай бас тартуға бет бұрып жатыр. Біз де қазақ­стандық­тардың денсаулығына зиян келтіруге жол бермеуіміз керек.

– Отандық нарықта елімізде қолданыстағы ЕАЭО стандарты мен техрегламентін орындайтын жергілікті өндірушілер бар ма?

– Қазақ тамақтану академиясы тамақ өнімдеріндегі трансмайлардың деңгейін үнемі қадағалап отырады. Бірқатар жетекші отандық өнді­рушілердің май өнімдерінде транси­зомерлердің деңгейі 2%-дан аспайтынын атап өтеміз. Жергілікті және шетелдік өнді­рушілердің өнім­де­рінің техрегламентке сәйкес келуін бақылау – жер­гілікті СЭС орган­дарының міндеті. Осы арада біздің бағалауымыз бойынша отан­дық өнімдерде бұл талаптар импорт­тал­ғанға қарағанда қатаңырақ сақта­ла­тынын айта кету керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ