Медицина • 30 Наурыз, 2023

Үндістандық дәрігердің көмегі

618 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Медицина білікті дәрігерлердің табанды еңбегінің нәтижесінде дамиды. Осы мезетте ғылыми медици­налық орталықтардың тәжірибесін өзге ауруханадағы дәрігерлер уақыт сәтімен меңгеретініне үміттіміз. Жуырда елімізде алғаш рет төменгі қуыс венаны резекциялау және қайта құру, синтетикалық протезбен бауырды трансплантациялау операциясы сәтті өтті.

Үндістандық дәрігердің көмегі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық ғылыми онколо­гия орталығының маманда­ры бастап, Үндістаннан кел­ген тәжірибелі дәрігер Сель­вакумар Наганатхан, «Uni­versity Medical Center» кор­поративтік қорының бас­қарма төрағасы Ю.Пя, кар­диохирург Т.Леспеков жә­не анестезиолог И.Вах­ру­шев бірлесіп, «Back table» диафрагмасының бір бөлі­гін резекциялау арқы­лы «Гепатэктомия» операция­сын жүргізді. Мұндай опе­рациялар тек жоғары маман­дандырылған орталық­тарда өтеді. Өйткені опера­цияға тә­жірибелі, көпсалалы маман­дар шақырылады.

Осы жолы бауыр трансплантациясына қатысты операция Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасын­да өтті. Науқас осыдан же­ті жыл бұрын орталыққа жү­гін­генде ауруы асқынғаны бел­гілі болған. Содан бе­рі пациент түрлі емшара қа­­был­дағанымен аурудан айы­ға алмаған. Анти­па­ра­­зит­тік терапиядан да, өкі­ніш­ке қарай, бәлендей өзгеріс бол­маған. Ағзадағы паразит қа­шанғы байлауға көнеді, бір­те-бірте жүрекке тарала бастайды. Науқастың кө­рер жарығы бар екен, осы тұста Ұлттық ғылыми онколо­гия орталығы, Ұлттық ғы­лы­ми кардиохирургиялық ор­талығы және Үндістан ма­ма­ндарының тобы бірігіп науқасты аман алып қалудың қамына кіріскен. Пациенттің деректерін зерттеу барысында паразиттің жүрекке тарала бастағаны анықталған. Бұл төменгі вена кавасының синтетикалық графтасын орнату үшін жүрек қызметі мен жүрек-өкпе айналымын уақытша тоқтатуды қа­жет етуі мүмкін. Осындай кедергілерді қаперге алған дәрігерлер операцияға бір кісідей жұмылып, кез келген қарсы көрсеткішге дайын, сақ кірген.

Науқастың денсаулығын жіті тексеру кезінде анықтал­ғандай, паразит оң жақ ат­риумға және төменгі қуыс венаға таралған екен. Абырой болғанда бұл жағдай опера­ция барысында жүрек қыз­метін және жүрек-өкпе айна­лы­мын тоқтатуды қа­жет етпеген. Осындай 16 сағат 17 минутқа созылған күр­де­лі операцияның сәт­ті аяқ­талғаны аурудың осы түрін емдеуге ел медици­насының қауқары жетеді дегенді ұқ­тырады.

Негізі Орталық Азия эхинококкоз және альвеокок­коз паразиті бойынша эн­де­­-миялық аймақ саналады екен. Сондықтан елде мұндай ауруға шылдыққан науқастар санаулы деп айтуға келмейді. Бауыр альвеококкозы туралы аз-маз айтар болсақ, ол паразиттік тіндердің ин­фильтративті өсуімен және қашықтықтан метастаз бе­ру мүмкіндігімен сипаттала­ды. Кейде оны бауыр ісігімен салыстырады. Демек, мұн­дай жағдайда науқас ем қа­был­дамаса, оның 10 жылға дейін өмір сүруі небәрі 10-20% құрайды екен. Әрине, бұл – әбден зерттелген салыстырмалы көрсеткіш. Па­ра­зиттік ісік толығымен жойыл­ған жағдайда хирургия әдісі жалғыз радикалды емдеу болып қала береді. Өкі­ніштісі, ауруы асқынған науқастардың денсаулығы мұндай ем-шараға келмей жатады. Тиісінше, диагноз бойынша пациенттердің 60-70%-ынан паразиттік массаларды толығымен алып тас­тау мүмкін емес.

Онкология орталығында күні бүгінге дейін 70-тен аса бауыр трансплантациясы жасалыпты. Әрине, нәтиже жаман емес. Соған қарамастан бауыр трансплантациясы қа­зір сирек жасалады. Себебі белгілі, елде мәйіттік таранс­плантация дамымаған. Тек 2017-2018 жылдары осы ба­ғытта ілгерілеу байқал­ға­нымен, коронавирус пандемиясынан кейін көрсеткіш едәуір төмендеген. Мысалы, былтыр бауыр трансплантациясы екі мәрте мәйіттік донордан жасалған. Ал туыс­тық трансплантация бойын­ша донорлардың көрсет­кіші науқасқа келе бер­мейді. Өйткені донордан бауырдың 60 пайызын бөліп алу қажет. Осыдан соң донор бұрынғыша қалыпты өмір сүруге тиіс. Орта есеппен туыс­тық 10 донордың шама­мен бірі ғана опрецияға келеді екен. Демек Ұлттық онко­логия орталығы мәйіттік донор аз болғандықтан, туыс­­тық донорды көбейтуге ба­сымдық бергені тегін емес.

Сәтті операциядан кейін араға шамамен ай са­лып Үндістан дәрігері Сель­­ваку­мар Наганатхан күр­делі операция және ел меди­цина­сының әлеуеті жайында аз-кем пікір айтқан еді.

«Операцияға кірген ақ желеңді жандардың бәрі­не алғыс айтамын. Па­циент­­тің жағдайы одан әрі де жақ­сы болады деген үміт­те­міз. Жасыратыны жоқ, опе­ра­ция күрделі болды. Кар­диохирургтермен бір­лесіп жа­сайтын операцияларды осыған дейін бірнеше мәрте көрдік. Сол үшін Қа­зақстан дә­рігерлерінің ша­қыртуымен келдім. Паразит жүрекке, жүректің жолдарына өткен соң операцияға кардиохирургтер де қатысты. Ал бұл кесел тек бауырда болғанда біз ойлағандай қиын болмас еді. Қазақстан дәрігерлерінің бауыр трансплантациясын емдеудің жаңа әдіс-тәсіл­дерін игеруде әлеуеті жоға­ры деп білемін», дейді дәрігер.

Сельвакумар Наганат­хан еңбек жолында 15 жыл­да 3 мың­нан аса транс­план­тацияға қатысса, оның ішінде 20-ға жуық операция­ны кардиохирургтермен бірлесіп жасаған екен. Де­ген­мен кез келген опе­ра­ция­­ға емін-еркін кіру­ге бол­­­майтыны түсінікті. Яғ­ни мұнда еліміздің білік­ті дәрі­герлерінің еңбегін елеу­сіз қалдыруға болмай­ды. Олар операция үстелін­де және одан ертерек, науқас­тың операцияға дейінгі ахуалын жылдар бойы бақылап, оған үміт сыйлады.

«Маған 2016 жылы жазда осы орталықта диагноз қойылды. Сол кезде операция жасауға кеш қалғанымызды білдік. Тек трансплантация жасау керек деді. Бауырдың бөлігін кескеннен пайда жоқ, өйткені сырқат тамырларға өтіп кетіпті. Сосын біз тексеруден өтіп, мәйіттік донор бойынша күту парағына тұр­дық. Себебі ол кезде дәл менің диагнозым бойынша туыстық донордың көмегімен елде бірде-бір трансплантация жасалмағанын білдім. Қиыны, ағамның тамырлары өзіне керек. Ал маған вена мен бауыр тұтас қажет болды. Күту парағында 7 жыл ішінде мәйіттік донор табылмады. Осы уақыт аралығында паразитке қарсы ем-шаралар қабылдадым. Бірнеше операциядан өттім. Кейінгі жыл­дары жағдайым күрт на­шар­­лай бастады. Былтыр жаз­да өзіміздің дәрігерлер Үн­дістаннан хирург алдырып, туыстық донордан транс­плантация жасау туралы ұсы­ныс түсті. Менің басқа амалым қалмады, келістім. Ағам екеуміздің қан тобымыз, салмақ пен бойымыз да 100 пайыз сәйкес келіп тұрды. Дәрігердің нұсқауын орындап, ол күндерден аман-есен өттік. Орталықтағы барлық дәрігерге, ағама алғысым шек­­сіз. Қазір ахуалым жақсы, үйге шықтық. Апта сайын тек­­се­ріліп жүрміз», дейді нау­қас.

Елімізде осы диагноз­бен ауруханаға түскенімен, өкінішке қарай, ауруы асқы­нып, донор тапшы­лығынан жан тапсырғандар бар. Пара­зиттік ауру қатерлі ісікке ұқ­сап өсіп, жылдам тараған соң, диагнозды ерте қойып, асқынудың алдын алған маңызды. Негізі эхинококкоз және альвеококкоз сынды паразит ауруын ит тұқымдас жануарлар тасымалдайды екен. «Осындай паразит неге Орталық Азияда көп тарайды?» деген сауалдың жауабы осы. Яғни қаңғыбас иттерден де қауіп көп.