Қазіргі балалар сүйіп көретін шетелдік мультфильмдерді ана тілімізде дыбыстау идеясын «Қайнар» орталығының педагог-ұйымдастырушысы Еркін Құсан ұсыныпты. Қосымша білім беру мекемесінде былтыр «Ұлттық колорит» үйірмесі ашылған еді. Мемлекеттік тілдегі медианы дамытуды мақсат еткен үйірме мүшелері ұзақтығы жеті минут болатын «Бэймакс» мультфильмін дубляждап, ғаламторда балаларға ұсынған.
– Бұл идеяға негізінен елімізде іске қосылған «ÖZINŞЕ» балалар мен жасөспірімдерге арналған стриминг сервисі түрткі болды. Мультфильмдерді неге ана тілімізде сөйлетпеске деген ой келді. Алғашқы өніміміз ретінде шетелдік «Бэймакс» мультхикаясының бірінші бөлімін былтыр жазғы каникул уақытында аударып, дыбыстадық. Он шақты бала қатысқан дубляждау барысында көптеген техникалық қиындыққа кезіксек те, барлығын дұрыс аяқтаған секілдіміз. Youtube платформасында 57 мыңнан аса көрермен тамашалап, ұнады деп лайк басқан. Бұл табысымыз бізді шабыттандырып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауына қатысуымызға түрткі болды. «Өзгеше бол» дубляж студиясы жобасы 33 жеңімпаздың қатарынан көрінді. Сөйтіп, грант қаржысына студияға қажет дыбыс жазғыш жабдықтар мен техникалар сатып алдық. Енді дыбыстау сапасы жақсара түсетініне балалар қуанып отыр. Болашақта өзге мультхикаяларды ана тілімізде дыбыстап, жергілікті кинотеатрда жасөспірімдерге көрсетсек деген ойымыз бар, – деп жоспарларымен бөлісті үйірме жетекшісі.
«Бэймакс» мультфильміндегі басты кейіпкер – суперқаһарман роботты дыбыстаған Шәміл Жақсыбаевтың айтуынша, бұл – дыбыстау өнеріндегі алғашқы жоба. Он төрт жастағы жасөспірім үйірмедегі ұстазының арқасында көп ерекшелікті үйренген. Ал оқушы Ділназ Рамазанова Кико әжейдің даусын салған. Былтырғы жазғы демалысын дыбыс жазу студиясында өткізгеніне еш өкінбейді.
Дубляж студиясында кәсіпқой дыбыс жазу құрал-жабдығынан бөлек дыбыс жазуға арналған арнайы бөлме, аударма жұмысына арналған орын және қосымша түсірілімдер жүргізуге мүмкіндік беретін алаң қарастырылған. Мұндай мүмкіндіктер балалардың қызығушылығын ұлғайтып, енді шетелдік «Сәттілік» мультфильмін дубляждауды ұйғарып отыр. Бір жарым сағатқа созылатын қызықты мультхикая аударылып болған соң жергілікті кинотеатрда көрсетілуі мүмкін.
Жалпы, фильмдер мен мультфильмдер – тілді танымал етудің тамаша тәсілі. Былтырғы жылдың соңында жарық көрген «Аватар: су жолы» кинокартинасын Aray Media Group студиясы әдеби әрі заманауи стильмен ерекше дубляждағаны есімізде. Екібастұздағы «Ұлттық колорит» үйірмесі кәсіби тұрғыдан өсу үшін болашақта аталған студиямен байланыс орнатуды көздеп отыр. Одан кейінгі үлкен жоспардың бірі – анимациялық студия ашу. Ана тіліміздегі бейнеконтентті дамытуды мақсат еткен үйірме мүшелері танымал платформадан өз арналарын ашуды да ойластырып қойған. Бүгінде бұл үйірмеге жергілікті мектептерден 30 бала тұрақты барып жүр.
Екібастұз қаласы