Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Аграрлы өңірдің бірден бір жетістігі – егін саласы. Халқы да соған бейімделген. Биыл фермерлер жылдағыдай емес, іске белсене кірісті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиковтың сөзіне сүйенсек, шаруаларға берілген көмек те былтырғыға қарағанда едәуір көбіректеу. Демек еңбек етем деген адамға еш кедергі жоқ.
«Осы жылы егіс алқаптарын әртараптандыру аясында қант дақылдарының алқабы екі есеге жуық ұлғайтылып, 8,1 мың гектар болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, сондай-ақ қант қызылшасын дамытудың кешенді жоспарларын орындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары жүргізіледі. Атап айтсақ, оларға тұқым мәселесімен, минералды тыңайтқыштармен және қаржылық қолдау көрсету бойынша қамтамасыз ету жағы қарастырылған. Биыл бізге қажетті егіс бірлігі 11,4 мың болса, оның 10 мыңын Көксу қант зауыты қамтамасыз етіп отыр. Қазірдің өзінде шаруа қожалықтары 4 мыңға жуық егіс агрегатын таңдап алған», дейді Б.Шампиков.
Оның айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына Көксу қант зауыты 700 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетпек. Шаруалар дизель отынымен қамтамасыз етілді, биылға жоспарланған 10 мың тонна дизель отынының 3,2 мың тоннасы мұнай базаларына жеткізілді. Бағасы литріне –212 теңге.
Жалпы, көктемгі егін егу үдерісі тұрақты жүріп жатыр. Техника ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге толықтай дайын.
Қараңыз, 2022 жылы 9,1 млрд теңгеге 546 бірлік техника сатып алынған. Биыл тағы 650 техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарында 9,7 мың трактор, 1,5 мың тұқым сепкіш және 11,9 мың топырақ өңдейтін техника бар. Көктемгі дала жұмыстарына жалпы дайындық 97 пайызды құрап отыр.
Тағы бір айта кетерлік жайт, бүгінде несиелер қаржы институттары арқылы беріліп жатыр. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына «Кең дала» және «Агробизнес» бағдарламалары аясында 5 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Қазірдің өзінде 585 млн теңге несие берілген. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарының дайындығы мен жүргізілуі жіті бақыланып отыр.
Жетісу облысы