Шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау білдіру, әсіресе несиелендіру жағдайын оңтайландыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Шалғайдағы ауыл тұрғындарына тиісті игіліктің бәрі қолжетімді болатыны, ол үшін мемлекет көрсететін қызметтер туралы заңдарға өзгертулер енгізілетінін атап айтты.
Расында, елдің күнкөріс көзіне айналған шағын және орта бизнесті дамыту күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы саланы кеңейту арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдап, олардың өз нәсібін кәсібінен табудың мүмкіндігі молая түсері сөзсіз. Жасыратыны жоқ, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары өспесе, кеміп отырған жоқ. Олардың арасында мемлекеттік қолдауға мұқтаждары да жоқ емес. Сондай-ақ спорттық нысандарды жаңғырту жайы назардан тыс қалмады. Қарап отырсаңыз, барлығы да адамның жайлы ортада қалыпты өмір сүруіне жасалған нық қадамдар деуге болады.
Президенттің «Ауыл – алтын бесігім», «Ауыл аманаты» атты бағдарламаларды іске асыруда мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілетіндігі, жер, су мәселесінде де өте маңызды жайттардың көтерілуі шын мәнінде әлеуметтің әлеуетін күйттеген қадамдар деп қабылдадым. Адами капиталды дамыту, кадрларды даярлау, білім сапасын арттыру, мектептердің техникалық базасын нығайту мен шекаралы аймақтардағы 65 ауылдың тұрмыстық жағдайын жақсарту жайы бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері екендігін аңғартады. Сонымен қатар «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын түбегейлі қайта қарау қажеттігі де елең еткізді.
Ел аманатын арқалаған мәжілісмендер мен әр деңгейлі мәслихат депутаттары бірлесе жұмыс істегенде ғана «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қалыптасады» деген сеніммен сөзін аяқтады. Бүгінгі сессия жұмысы қоғам алдында зор міндеттер тұрғанын, оны жүзеге асыру арқылы халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы әлдеқайда жақсара түседі деген үміттемін.
Нәйлә ҮМБЕТОВА,
Құрмет орденінің иегері
Алматы облысы