Мәселен, «Respublica» партиясының 50 пайызы жастар, 6 депутаттың 3-еуі жас депутат. Бұл – «Жаңа Қазақстан» деп аталған дәуірдегі жаңа сайлау. Соған сай өзіндік ерекшеліктері де болды. Биылғы сайлауда партиялардың жастарға көп көңіл бөліп, олардың пікірімен кеңесіп жатқаны қуантады.
Сайлау алдында ұйымдастырылған теледебат та бұрын-соңды болмаған жоғары дәрежеде өтті. Сол кезде-ақ бірнеше адам өзінің өткір пікірімен көзге түскен еді. Нақтырақ айтқанда, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанованың ой-толғауы ұнады. Сонымен қатар «Amanat» партиясынан Асхат Аймағамбетов секілді азаматтарымыздың қатарға қайта қосылғанын көпшілік күтті деуге болады. Қазақстан халық партиясынан Ирина Смирнова да Мәжіліс депутаты болды. Бұл сайлаудан жаңа леп пен өзгерісті көп байқап отырмыз.
Сондай-ақ депутаттардың жас ерекшелігіне ғана емес, мүмкіндігіне де ешқандай шектеу қойылмады. Шетелде мүмкіндігі шектеуі жандар өзгелермен тең өмір сүреді. Оларды кез келген ортадан көруге болады. Мүгедектігі бар азаматтарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Біздің елде де осы бағытқа қарай бет түзеп келеді. Ол үшін ең алдымен Мәжіліске мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын түсінетін азамат келіп, ортаны өзгертуге әсер етуі керек. Ерекше жандардың билікте отырғанын және өздеріне қатысты мәселе жөнінде шешім қабылдай білгенін дұрыс деп есептеймін. Жаңа партиялар өз электоратының сенімін ақтап, қоғам талабындағы өзекті мәселелер шешімін табатынына сенім мол.
Әсем ҚАЙДАРОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институты
басқарма төрағасының орынбасары