03 Маусым, 2010

Бақытты балалықтың жайнаған жазы Алатау аясында, Алматы көшелерінде жалауын желбіретті

561 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Балаларды қорғау күнінің тамаша мерекесі әуелі Орталық мәдениет және демалыс саябағында шат-шадыман балалар шеруімен басталды. Көптеген концерттерді, фестивальдерді, конкурстар мен жарыстарды бір арнаға тоғыстырған ауқымды акция “Біз сенің балаларыңбыз, Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз” ұранын ту етіп, Қазақстанның азаматтық Альянсының “Бірлігіміз жарасқан” атты ақпараттық-әлеуметтік науқаны аясында өтті. Мерекеге ұйытқы болған қала әкімдігі, мемлекеттік және коммерциялық құрылымдар жас жеткіншектердің ұмытылмас жарқын салтанатын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бірауызды ұйымшылдықпен өткізді. Саябақтың жазғы алаңында таң сәріден ән қанат қақты. Мұнда балалар шығармашылығының “Балғын балалық шақ” дәстүрлі фестивалі ашылды. Одан соң жиылған жас қауым “Мейірім” фестивалінің қорытынды гала-концертін тамашалады. Жас көрермендер алдында балалар үйлерінің және денсаулығы кеміс балаларды емдеу мекемелерінің жас жеткіншектерімен бірігіп республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Мақсат Жәутіков таспаға түсірген фестиваль гимні алғаш рет орындалды. Жеңімпаздардың гала-концерті Алматы балалар құқығын қорғау департаментінің, Марат Оспанов атындағы қоғамдық қордың және “Бозторғай” МҚ қоғамдық қорының қолдауымен өтті. Әлбетте, бұл игілікті іске қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия да мүдделілікпен атсалысты. Жас орындаушы дарындар фестиваль демеушілерінен грамоталар, дипломдар, естелік жүлделер мен сыйлықтар алды. Ал ұйымдастырушылар гимн жазылған дискілерді сыйға тартты. Марат Оспанов атындағы қор президенті Бақыт Оспанованың айтуына қарағанда, биыл бұл шараға демеушілер ықыласы мол болып, мұның өзі интернат мекемелерін жақсы ынталандырған. Биылғы мерекенің бір ерекшелігі, ол өзінің жалғасын таппақ. Жеңімпаз балалар үшін тренингтер ұйымдастырылатын болып шешілді. Демек, олардың өмірден өз орындарын табуына мүмкіндік те мол болмақ. Бүлдіршіндер алдында мемлекеттік қуыршақ театрының әртістері өнер көрсетті. Балалар суретінің конкурсына қатысушылар асфальт үстінде өздерінің Азиада туралы таным-түсініктерін бейнеледі. Спорт алаңдарында отбасылық эстафеталар, спартакиадалар және мектепке дейінгі бүлдіршіндердің өнер сайыстары өткізілді. Бұл күн Алатау аясындағы бақытты балалықтың жарқын көрінісіндей болды. Балмұздақ та, тәтті лимонад та, қоғамдық көлікте жүру де тегін. Балаға бақытты болу үшін қамсыз-мұңсыз шуақ күлкіден артық не керек. Қорғанбек АМАНЖОЛ, “Егемен Қазақстан”.