02 Шілде, 2014

Астанадағы саммит

1767 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
WF124525_DxO_1және оның Қазақстан-Германия қатынасындағы маңызы Менің Қазақстандағы әріптестерімнің кәсіби мерекесі – Дипломатиялық қызмет күніне орай Қазақстанның бас газеті – «Егемен Қазақстан» бетінде қазақстандық дипломаттар жүргізіп келе жатқан аса маңызды жұмыстар туралы әсеріммен бөліскенді жөн көріп отырмын. Бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінен шыққан мемлекеттер арасында Қазақстан тамаша табыстарға жеткен елдер қатарына жатады. 1991 жылдың 16 желтоқсанында, осыдан бар-жоғы 23 жылға жетер-жетпес уақыт бұрын тәуелсіз ел атанған Қазақстан бүгінде Еуразия өңірінде ең саяси тұрақты және экономикалық бәсекеге қабілетті мемлекет болып табылады. Егер әлем картасына көз салсаңыз, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық ортада орналасқанын көресіз. Шетелдік бақылаушыны қашанда елдің бұрынғы Кеңес Одағынан «мұраға қалған» күрделі де көпқырлы проблемаларды еңсеру жолындағы шешімді күш-жігері таң-тамаша қалдырады. Бұған мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардағы үздіксіз жүргізілген әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларды қосыңыз. Осындай даму жолы Қазақстанды қазіргі таңда халықаралық аренада жоғары құрметке ие мемлекеттер қатарынан табылдырып отыр. Сыртқы саясатында Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы көпір рөлін атқаруға табыс­ты ұмтылыс танытуымен ерекшеленеді. Осымен бір мезгілде, бұрыннан келе жатқан Шығыс пен Батыс арасындағы қарама-қайшылықтарды еңсеруде де айтарлықтай күш-жігер жұмсап келеді. Халықаралық ұйымдар арасында нақ осы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Шығыс пен Батыс арасында көпір орнату мақсатын өзінің басымдығы ретінде қарастырады. Сондықтан Қазақстан дәл осы ұйым шеңберінде ерекше бастамашылық танытып, төрағалыққа тапсырыс беруге шешім қабылдады. ЕҚЫҰ-ға тапсырыс 2003 жылы түссе, оның басқарушы органдарында дереу осы мәселеге байланысты туындаған пікірталастар басталып кетті. Барлық мемлекеттер – ЕҚЫҰ мүшелері алғаш рет төрағалықты Венадан Шығысқа қарай орналасқан ел алуы керек деген ортақ пікірге тоқтады. Олардың барлығы Қазақстан төрағалығы ұйымның барлық мүшелерінің арасындағы тұтастықты күшейтеді деген ұстаным білдірді. Бірақ, Қазақстан, шын мәнінде, лайықты кандидат  па деген де мәселе көтерілді. Бұл орайда пікірдің екіге жарылғаны да жасырын емес. Бұл мәселенің Еуропа Одағына мүше елдерге – ЕҚЫҰ-ның барынша көп бөлігін құрайтын елдерге де қатысы бар еді. Олардың кейбіреулері Қазақстандағы демократиялық стандарттар мен адам құқы проблемаларын сақтау жайын алға тартып, әзірше Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселесін күн тәртібінен алып тастауды ұсынды. Екінші біреулері, соның қатарында Германия да бар, қарама-қарсы пікір білдіріп, Қазақстандағы саяси тұрақтылықты атап көрсетті және кандидатурасын қолдайтынын ашық жариялады. 2007 жылдың қарашасында пікірталас ЕҚЫҰ елдері Сыртқы істер министрлері кеңесінің қаулы қабылдауымен аяқталды. Онда Қазақстанға 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету өкілеттігін жүзеге асыру тапсырылатыны атап көрсетілді. Таластың осылайша оң шешілуі Қазақстанға өзінің саяси беделін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік берді. Бұл жеңісті үлкен құрметпен тек достас елдер ғана емес, сондай-ақ, бұрынғысынша сыни көзқарастағы кейбір әріптес елдер де айтып жатты. Қазақстан бірден ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін орындауға дайындығын бастап кетті. Мұнда Германия тарапынан жасалған қолдау да айтарлықтай рөл атқарды. Ол 2007 жылы Еуропа Одағы қабылдаған Еуроодақтың Орталық Азия елдері үшін стратегия жасау жөніндегі топқа жетекшілігі кезінде көрінді. Бұл стратегия ынтымақтастықтың сая­сат, экономика және мәдениет салаларындағы кең көлемді бағдарламаларының сұлбасын белгілеп берді. Содан кейін Германия бастамашылық танытып, екіжақты негізде: 2009 жылдың басында  Берлин Астанаға өзінің жоғары лауазымдағы консультантын жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Оның міндеті Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа дайындық барысында қолдау көрсету болды. Бұл миссия үшін мен таңдалған едім. Германия-Қазақстан уағда­лас­тығына сәйкес мен Астанаға өз міндеттерімді орындау үшін 2009 жылғы тамыздың ортасында келдім. Келе салысымен мені сол кездегі Сыртқы істер министрі М.Тәжин қабылдады. Онымен мен жұмысымның негізгі бағыттарын үйлестіріп алдым. Бұл жерде әңгіме елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы тақырыптық басымдықтарды айқындау, сонымен қатар, менің қазақстандық дипломаттарды дайындауға қатысуым турасында өрбіді. Менің тікелей әріптесім Қазақ­станның Сыртқы істер министрлігі болды. Бірақ Президент Әкім­шілігімен, Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар коми­тетінің басшысымен, сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігі Дип­ломатиялық академиясының ректорымен байланыстар қалып­тастырылды. Әу баста менің қызметімнің мерзімі төрт ай деп белгіленген еді, бірақ, 2009 жылдың соңында Қазақстан тара­пының қалауы бойынша ол ұзартылды. 2010 жылдың басында, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету өкілеттігін қабылдап алғаннан кейін, менің жұмысымның сипаты да өзгерді. Енді төрағалықпен байланысты міндеттемелерді орындауға ықпал ету талап етілді. Менің міндеттемелерім қатарына ЕҚЫҰ қызметінің түрлі тақырыптары бойынша талдамалық жазбалар құру және бағдарламалық құжаттар дайындау қосылды. Ақыр соңында мен ЕҚЫҰ саммиті үшін қорытынды құжаттар дайындауға қатыстым. Тұтастай алғанда, мен Астанада консультант ретінде алты ай жұмыс істеу құрметіне ие болдым. Қазақстан билігі тұңғыш рет өзінде Германиядан келген сыртқы саясат сарапшысын қабылдады. Бұл өзара сенімділіктің жоғары деңгейі мен ынтымақтастыққа дайындықтың, әсіресе, Германия-Қазақстан қарым-қатынасына тән әріптестіктің айқын көрінісі болды. Мен қазіргі кезде Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген кездерімді үлкен ризашылықпен еске алып тұрамын. Аталған ведомствода жоғары білікті әріптес-дипломаттармен істес болсам, бұл бізге жоғары кәсіби деңгейде ынтымақтасуға мүмкіндік берді. Қазақстан төрағалығының биік шыңы Астанада 1-2 желтоқсан күндері республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет және үкімет басшыларының саммиті болды. Бұл араға 11 жыл салып ЕҚЫҰ-ға мүше елдер өкілдерінің басын жоғары деңгейдегі кездесуде қайта қосуға қол жеткізген Президент Назарбаевтың ерекше еңбегі еді. Астана саммитіне қатысушылар қабылдаған декларацияда ЕҚЫҰ-ға мүше барлық 56 елге ұсынымдама мазмұндалды. Онда қауіпсіздік мүдделеріне бағдарланған саяси бағытпен жүру қажеттігі атап көрсетілді. Осы мақсатқа бастайтын жекелеген қадамдар іс-қимыл жос­парында бекітілген болатын. Басты қағидат мемлекеттердің өз қауіпсіздігін басқа мемлекеттердің есебінен қамтамасыз етуге ұмтылыстан бас тартуы деп көрсетілді. ЕҚЫК-нің (ол кезде ЕҚЫҰ емес, ЕҚЫК – ред.) Хель­синкидегі Қорытынды актісі қабылданғаннан соң 35 жыл және Париж хартиясынан кейін 20 жыл өткенде бұл декларация ЕҚЫҰ-ның Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі мүше елдеріне қауіпсіздік саласындағы ортақ мүдделер туралы қаперге салатын, сөйтіп, «қарғи-қабақ соғыс» қалдықтарын түп-тамырымен өткенде қалдыруға шақыратын белгі болды. Бүгінде, өкінішке қарай, осы жол бойынша ілгерілеуді кешеуілдетіп отырған, бірінші кезекте, Украинадағы сияқты оқиғалар бар екенін мойындауға мәжбүрміз. Алайда, Астана дек­ларациясында мазмұндалған міндеттемелер ЕҚЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттер үшін бұрынғысынша күшінде қалып отыр. «Қырғи-қабақ соғыс» кезеңіне қайта оралу барлық елдерге қымбатқа түсетінін сезіну қай кездегіден де маңызды болып табылады. Осымен байланысты Қа­зақ­станға, 2010 жылы саммит қабылдаған ел ретінде, ерекше жауапкершілік жүктеледі. Нақ Украинадағы дағдарысты құбылыстарды есепке ала отырып, Қазақстанға Астанадағы саммит шешімдерін толықтай жүзеге асыруды өзінің сыртқы саясатының тұрақты басымдығы етуі қажет. Халықаралық қоғамдастық тарапынан танылған және іс жүзінде тексерілген көпірлер құру саясаты Қазақстанға осы міндетті шешу үшін ерекше дөп келеді. Бұл бүкіл Еуразия өңіріндегі сая­си тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі айтарлықтай нығайтуға септесер еді. Мұның Германия-Қазақстан екі жақты қарым-қатынасын одан әрі дамытудың жаңа дәуірі бола алатыны да сөзсіз. 2012 жылдың 29 тамызында Германия мен Қазақстан қабылдаған «Бірлескен мәлімдеменің» 8-ші пунктінде Астана саммиті декларациясының осы қарым-қатынастар үшін маңызы ерекше атап көрсетілген. Енді декларация мазмұнын жүзеге асыру екі елдің бірлескен міндеті болып табылады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан дипломатиясын кәсіби мерекесімен тағы да құттықтағым келеді және оған Қазақстанды өсіп-өркендету жолында үлкен табыстар тілеймін. Дитер БОДЕН, Германияның ЕҚЫҰ-дағы бұрынғы елшісі, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысындағы консультант.