02 Шілде, 2014

Сапалы емдеу шарасы – сырқат дауасы

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасының бастамасымен өмірге келген «Саламатты Қа­зақстан» бағдарламасы ден­саулық сақтау саласының ұзақ мерзімге арналған тиімді шараларын белгілеген тұғырнама болып табылады. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында ел тұрғындарының денсаулығын нығайтуға ынтымақтастық жауап­кершілігі жүктелген. Елорданың денсаулық сақтау саласында өзінің салмақты орнын алатын №2 қалалық аурухананың ұжымы осы бастамалардың баянды болуына барынша басымдық беріп келеді. Соңғы үш жыл көле­мінде біз аурухана аясындағы  емдеу шараларын оңтайландыру мақсатында ауқымды жұмыс жасадық. Астана қаласының тұр­ғындары күннен-күнге артып келе жатқандығы бар­шаға мәлім. Осыған байланыс­ты қала­лық денсаулық сақтау саласы мекемелеріне жүктелетін жауап­­кершілік жүгі де аса зор. Бір ғана мысал, 2013 жылы №2 қалалық ауруханада 14 525 адам стационарлық ем қабылдаса, 2014 жылдың өткен үш-төрт айында аурухананың қабылдау бөлімі арқылы 15 мың адам тіркеліп  емдеу шараларын қабылдаған. ERA_9107+ Біз Денсаулық сақтау ми­нистрлігі тарапынан қолға алын­ған реформалардың тиімділігін арт­тыруға күш саламыз. Бұл ретте, кли­никалық шығынды азайту тобы, сырқаттарға қаншалықты медициналық қызмет көрсетсе, соншалықты қаржыландыру жүйелерін қолданамыз. Меди­циналық қызметті арттыру жолында қаржыландыру жүйесі емдеу шараларының тиімділігіне тікелей қатысты жолмен іс-жү­зіне асырылады. Ауруханада менеджменттің жаңа жүйелері – ішкі мүмкіндіктерді тиімді бас­қару, қаржы үнемдеу, басқару жүйелерін жетілдіру арқылы тиімділікке қол жеткізу тәсілдері қолданысқа ен­гізілуде. Үстіміздегі жылдың басынан біздің ауруханада еңбекақы төлеу жүйесін әртараптандыру тәсілі өндіріске енгізілді. Яғни, кім қан­ша ота жасайды, клиникалық бөлімдерде сырқаттарға меди­циналық қызмет көрсету сапасы қаншалықты жоғары, емдеу шараларының тиімділігі қандай деңгейде, сырқаттар тарапынан түскен арыз-шағымдар мен алғыс-хаттардың ара салмағы қандай? Міне, осы көрсеткіштер арқылы әрбір клиникалық бөлім­нің жұмысына баға беріледі. Қазір №2 қалалық ауруханада 15 клиникалық бөлімше жұмыс істейді. Қалалық денсаулық сақ­тау саласының сұранысына байланысты соңғы кезеңде ауруханамызда жақ және бет әлпеті хирургиясы, травмотология бөлім­шелері ашылды. Біздің ауру­хана кешенінде негізінен медицинаның ең күрделі де жау­апты саласы – медициналық хирургияға басымдық берілген. Медицинаның ең күрделі бұл саласында аурухана үлкен жетіс­тіктерге жетіп отыр. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде ғана біз­дің ауруханамызда 11464 күр­делі ота жасалды. Ауруханаға қабылданатындардың 80 пайызы шұғыл медициналық көмекке зәру болған сырқаттар болып табылады. Бүгінгідей жаһандық бәсе­келестік белең алған кезеңде ден­саулық сақтау мекемелері де уақыт талабынан сырт қалмауы керек. Осыған байланысты біз ауруханада заманауи инновациялар мен жаңа технология­ларды қолдануға бірінші кезекте күш саламыз. Бірқатар шет­елдік клиникалармен тығыз ынтымақтастық қарым-қа­тынас орнатып, өзара тәжірибе алмасамыз. Германияның танымал да, білікті кардиохирургтарының №2 қалалық ауруханада ше­берлік-сыныптарын өткізу дәс­түрге айналған. Нақ осындай инно­вациялық ізденістердің нәти­жесінде біз өзіміздің ауруханадағы кардиохирургиялық бөлімде жұ­мыс істеп тұрған жүрекке ота жасау, яғни жүректі жасанды аппаратқа қоспай-ақ ота жасау тәсілін енгіздік. Бұл аурудың асқынуына тосқауыл қойып, сырқат адамның реанимация бөлімінде жататын мерзімін қыс­қартуға жол береді. Сонымен бірге, ауруханадағы урология, таракальді хирургия, құлақ, тамақ және мұрын ауруларын емдеу бөлімдері жаңа технологияларды кеңінен қолдану барысында жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Өмірдің қай саласы болмасын, білікті маманға жүктелетін жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Бұл мәселенің әсіресе, денсаулық сақтау саласында салмағы ерекше артатыны да ақиқат. Өйткені, медицинада біліксіз маман қате­лігінің орны ешқашан толмайды. Осы өмірлік қағиданы басшылыққа алып, біз аурухана кешенінің білікті мамандармен қамтамасыз етілуін ерекше үлкен жауапкершілікпен жүзеге асырып келеміз. Бұл ретте жоғарыда аталған урология бөлімін басқа­ратын, бас дәрігердің хирургия саласы бойынша орынба­сары Тимур Мұратовтың, таракальді хи­рургия бөлімінің жетекшісі Қайрат Жәркеевтің, лор бөлімінің жетекшісі Ермек Иманғалиевтің жаңашылдыққа негізделген ізденісті еңбектерін ерекше атап өткен жөн. №2 ауруханада қазіргі таңда 155 жоғары білімді дәрігерлер 300-ден астам орта буын медицина қызметкерлері еңбек етеді. Біз олардың кәсіби шеберлігін шыңдап, астаналықтардың ден­саулығын қорғау жолындағы қалтқысыз қызметтерінің сапалы болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Осындай тыңғылықты тәр­тіппен жан-жақты ойластырылып жасалған шаралардың арқасында қазір біздің №2 қалалық аурухана тек қана шипалы емдеу шараларын атқарып қоймайды, сонымен бірге, еліміздің денсаулық сақтау саласының негізіне айналатын инновациялық технологияларды енгізетін ғылыми шеберлік орталыққа айналуда. Осы орайда, қала әкімі Иман­ғали Тасмағамбетовтің, Ден­саулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың тарапынан біздің ауруханамызға көрсетіп отырған шын мәніндегі нәтижелі көмектеріне шынайы алғысымызды білдіреміз. Мақсат ЖАНТҰРҒАНОВ, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты.