Әлем • 31 Наурыз, 2023

Үндістанда ғибадатхана едені опырылып, 35 адам мерт болды

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық Үндістанның индуистік ғибадатханасында еден опырылып түсіп, 35 адам мерт болды, деп хабарлайды Egemen.kz  The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Үндістанда ғибадатхана едені опырылып, 35 адам мерт болды

Қайғылы оқиға Мадхья-Прадеш штатының Индор қаласында болған. Еден опырылып түсіп, ғибадатхана ішіндегі адамдар сатылы құдыққа түсіп кеткен.

Сатылы құдықты жауып тұрған еден тек металл торға құйылған плиткадан ғана тұратыны анықталды.

Мадхья-Прадеш штатының Ішкі істер министрі Нароттам Мишра қайғылы оқиғаны тергеу басталғаны, ал қаза тапқандардың отбасына өтемақы төленетінін мәлімдеді.

Ғибадатханада бейсенбі күні болған Рам Навами индуистік фестиваліне көбінде әйелдер мен балалар қатысқан.

Полиция әлсіз еден адамдардың салмағын көтере алмай опырылып түскенін мәлімдеді. Олар құлаған сәтте құдықта шамамен 25 фут (7,6 метр) су болған.

Жергілікті жедел қызмет жұмысшылары құдыққа түсіп кеткендерге жету үшін арқан мен баспалдақтарды пайдаланған.

Оқиға болған сәтте ғибадатханада болған әйелдердің бірінің сөзінше, кей діншілдер құдыққа қол жайып, дұға қылған күйі құлаған, олар не істерін білмеген. Өзі бұрышта тұрғандықтан аман қалған.

Билік өкілдері құтқару жұмысы жалғасып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта 18 адам құтқарылды, олардың бәрі ауруханада жатыр.

The Times of India хабарлауынша, Индора қаласы билігі ғибадатханадағы еденді қаңтарда алып тастамақ болғанын дәлелдейтін құжат бар. Себебі ол келушілерге қауіп төндірген.

Өкінішке қарай, олар жергілікті индуистердің наразылығы салдарынан жоспарынан бас тартқан.

Осыған ұқсас қайғылы жағдай былтыр қарашада Үндістанның батысындағы Гуджарат штатында болды. Ол кезде Морби өзенінде 135 адам қайтыс болған еді.