Жайықта жүзген аққуларды Махамбет ауданының тұрғыны Әйгерім Айшуақова суретке түсіріп алған. Оның айтуынша, Жайық өзені ағып жатқан тұстан құстардың дауысы естілген.
– Ақтауда тұрғанымда Каспий теңізінің жағалауына қонған аққуларды тамақтандырып, фотоға түсіруші едік. Аққудың дауысы ерекше ғой. Бала кезімнен құлағымда жатталып қалған аққудың дауысын естіп, Жайық өзеніне қарай жүгірдім. Жайыққа жеткенде өзеннің арғы жағалауына 6 аққудың қонғанына куә болдым, – дейді Әйгерім Айшуақова.
Соңғы жылдары Жайық өзенінің суы азайып, кейбір тұсы тіптен тайызданған еді. Сол себептен, айдынға аққу қонғанын жақсылықтың нышанына балағандар бар. Өйткені жағадағы жұрт айдын суы молайып, ел ырысы артқанын қалайды.
Атырау облысы