Театр • 02 Сәуір, 2023

Ымдау тіліндегі алғашқы спектакль

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында есту қабілеті нашар адамдарға арналған ымдау тілінде алғаш рет спектакль қойылды.

Ымдау тіліндегі алғашқы спектакль

Алматы қаласы саңы­раулар қоғамының өнерпаз­да­рынан құралған «Өрлеу» шығар­машылық ұжымы қазақ сахна­сында алғаш рет өз өнерле­рін паш етті. Онда да көңіл көте­ретін жеңіл қойылымды емес, белгілі жазушы Шыңғыс Айт­матовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасы желісімен «Мәңгүрт» қойылымын сахналады. Өз жадын жоғалтып, шыққан тегін, туған тілін, тарихын ұмытудың қаншалық ауыр трагедия екенін жас ұрпаққа, адамзатқа ескертіп отыру – бүгінгі жаһандану заманында ең өзекті мәселе десек, артық айтқанымыз емес.

Идея авторы және қоюшы режиссері – Алматы қаласындағы есту және көру мүмкіндігі шек­теулі жандардың мәдени демалысын ұйымдастырумен айналысатын «Демалыс» бөлі­мінің басшысы, кинорежиссер, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ғазизхан Әділханов және ишара жағынан дайындаған Жанар Қадырқызы Бектұрғанова.

Ал рөлдерді сомдаған Әлім Меңдібаев (Жуан-жуандар қо­жайыны), Біржан Әбдірашитов (қожайын көмекшісі), Лаура Ко­ролева (Найман-ана), Ел­дос Маратұлы (Жоламан), құл­дар­ды бейнелеген Анастасия Са­мойлова, Алена Рязанова, Нұр­сұлтан Оразалиндердің сахнада нанымды бейне шығару үшін бар ықыластарын салып еңбек­тенгені көрініп тұрды. Бұлар – тағдырдың жазуымен есту қабілетінен айырылса да, тумысынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын, аса сезімтал, өмірге ерекше ғашық жандар.

Айта кетейік, өткен жылдың 7-13 қарашасында бұл ұжым Мәс­кеу қаласына арнайы барып, «Ишара аумағы» V Халық­ара­лық фестиваліне қатысып қайтқан. «Өрлеу» шығармашылық ұжымы Ресейдің түкпір-түкпірінен келген 17 өнер ұжымымен қатар фестивальдің алғашқы күні-ақ Мәскеу жұртшылығын мұң­ды да астарлы «Мәңгүрт» қойы­лымымен дүр сілкіндірсе, Таш­кенттен келген «Шығыс Азия» ұжымы көз қарықтырар сұлу костюмдерімен, сазды әуен­дері­мен «Аладдин» ертегісін қой­ды. Сөйтіп, фестивальдің «Ең үздік сахналық костюм» аталымын жеңіп алған ала тақиялы ағайындар осы жолы Алматыға келіп, жарқ-жұрқ еткен өнерін тағы бір тамашалатты. Көршілердің бұл гастрольдік сапары туысқандарын қолдап-қол­паштауы деп бағаладық. «Өрлеу» өнерпаздарына алдағы өнер додаларында сәттілік тілейміз.

 

Гүлжанат ТАУБАЙҚЫЗЫ,

студия жетекшісі