Аймақтар • 02 Сәуір, 2023

Петропавлдағы арандатушылық

599 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының орталығындағы ат төбеліндей ғана арандатушы топтың «Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесі» дейтін псевдо ұйымды құру туралы жасаған мәлімдемесінің бейнежазбасы өткен бейсенбіде әлеуметтік желілерде таратылып, қоғамды дүр сілкіндірді. Абырой болғанда, осы арандатушылық әрекетке құқық қорғау органдары дереу ден қойып, тиісті шараларды қолға алды.

Петропавлдағы арандатушылық

Келесі күні Бас прокуратураның бас­пасөз қызметі: «2023 жылғы 30 наурыз­да Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша депар­таменті әлеуметтік желілерде «Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесі» құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігіне сәйкес (Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып адамдар тобының сепаратизмді насихаттауы) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Осы күні облыстық Полиция депар­таменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Іс бойынша үдеріс прокурорлары айқындалды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шең­берінде жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішін­де тінту мен алу жүргізілуде, сон­дай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайын­далды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етуге жатпайды. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында», деп ресми түрде хабарлады. Айтпақшы, Қылмыс­тық кодекстің жоғарыда аталған бабы бо­йынша кінәлілерге бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бас прокуратураның мәлімдемесі петро­павлдық арандатушылардың әреке­тін жаппай айыптап, әділ ашу-ыза білдірген республика жұртшылығын біршама тыныштандырған тәрізді. Дегенмен, қоғамда осы келеңсіз оқиғаға байланысты қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар және жекелеген азаматтар тарапынан сыни да сындарлы пікірлер айту, құзыретті мемлекеттік органдарға тиісінше талап қою жалғасып жатыр.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы «Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесі» деп аталатын ұйымның атынан шыққан бір топ адамның арандатушылық мәлімдемесін қатаң түрде айыптайды.

Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығының мызғымастығын және оған ішкі және халықаралық заңна­мамен кепілдік берілгенін мәлімдейміз.

Бұл әрекеттерді мемлекетіміздің конс­ти­туциялық негіздеріне, қауіпсізді­гіне, бірлігі мен тұрақтылығына қарсы бағыт­талған, ел мүддесіне жасалған опасыздық деп бағалаймыз.

Біз біртұтас халық ретінде қазақстан­дық қоғамда ешкімнің араздық пен сенімсіздік таратуына жол бермейміз!

Мұндай арандатушылықтар аса жауапсыздықтың көрінісі және құзырлы органдар тарапынан қатаң түрде тыйылуы керек. Кінәлілер сот тәртібімен заң аясында жазалануға тиіс.

Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтарды мұндай әрекеттерге бой алдырмауға және мызғымас бірлігіміз бен қо­ғамдық келісіміміздің негізі – хал­қы­­мызға тән даналықты, төзімділікті, сенім мен өзара сыйластықты сақтауға шақырады.

Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз және біз – қай жерде болсақ та сүйікті Отаны­мыздың өкілдеріміз, ал халықара­лық қауымдастық бізді біртұтас әрі қуат­ты ұлт ретінде таниды.

Біз әртүрліміз, бірақ бірлігіміз – әралуан­дылықта. Бұл қағидадан біз ешқашан ауытқымаймыз», деген мәлімде­ме жасады Қазақстан халқы Ассамблеясы.

Петропавл қаласының зиялы қауымы да өз араларынан шыққан «шұбар жыландарды» қатты сөгіп, оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаға тартуға шақырып отыр.

«Шекараның тұтастығына қол сұғу – елдің Конституциясын ғана емес, халықаралық нормалар мен актілерді де бұзушылық. «Халық кеңесінің» өкіл­дері Қазақстан қоғамының негіздерін шайқалтып, халық достығына теріс әсер етуге тырысты.

Осы оқиға, Қазақстан Республикасын жеке мемлекет ретінде танымауға қатысты мәлімдеме, «Халық кеңесі» мүшелерінің өздерінің тәуелсіздігі мен егемендігін жариялауы – шектен шығушылық деп білемін.

Бізге өз ережелерін тануға ешкімнің құқығы жоқ. Бізде заңдар, таңдау еркін­дігі, заңды Президент, Үкімет, Парла­мент және біртұтас шекарамыз бар. Мен қайығымызды тегіс жерде теңселтіп, жоғарыда аталған ұғымдарға күмән келтіретін арандатушыларды жауапқа тарту керек деп санаймын. Ең дұрысы – қылмыстық жауаптылыққа тарту», деп жазды Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты, журналист Юлия Пронина әлеуметтік желідегі парақ­шасында.

«Халық кеңесі» мүшелерінің ар-намысқа тиетін, мүлдем миға қонбайтын пікірлері жұрттың жағасын ұстатты. Бұл сепаратистердің мәлімдемесі, бірінші­ден, Қазақстан Республикасының Консти­туциясына, екіншіден, ақыл-парасатқа қайшы келеді. Елдегі мемлекеттік билік­тің беделін түсіру, шекараның тұтас­тығына қол сұғу, біздің өңірдің және тұтастай алғанда еліміздің азаматтары арасындағы татулықтың негіздерін шайқалту әрекеті көзге ұрып тұр. Менің ұстанымым – болған оқиғаны мұқият тексеріп, осы мәлімдемеге қатысы бар барлық адамды жауапқа тарту қажет!», дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ұлттық олимпиада комитетінің спортшы-нұсқаушысы Ирина Эктова.

«Бұл адамдар қоғамға іріткі салу, алауыздық пен жеккөрушілікті туғызу үшін проблемалық мәселелер мен қиын тақы­рып­тарды әдейі іздейді, тіпті бір қараған­да түкке тұрмайтын нәрселерді де сөз етеді.

Достар, осы келеңсіздікті тезірек ұмытайық! Біздің ортақ та бөлуге жатпайтын үйіміз – Қазақстан Республикасында татулықпен, достықпен, қуанышпен өмір сүрейік!», дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, заңгер Павел Афанасьев.

Жұртшылық талабы орындалып, арандатушылар сот арқылы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаларға тартылады деп сенеміз. Әйтсе де көпшіліктің көкейінде «Олар кімнің айтағына ерді?» деген сұрақ тұрғаны анық.

«Бастысы – арандатушылардың «шамадан тыс еңбегіне» ақыны кім және қандай ақшамен төлегенін анықтау: теңгемен бе, гривнамен бе, рубльмен бе, доллармен бе, еуромен бе?..», дейді петропавлдық қоғам белсендісі, кәсіпкер Александр Казанцев. Құзыретті органдар осы сауалдың жауабын тауып, тасада тұрған тапсырыс берушілерді де жалғанның жарығына шығарып, жазаға тартуға тиіс. Егер бұл арандатушылықты шетелдердің бірінің арнаулы қызметі ұйымдастырғаны әшкереленсе, онда сол мемлекетке наразылық нотасы жолдануы қажет.

Сонымен қатар осы арандатушылық әрекет неге Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылды деген сауалға да жауап іздеген жөн. Осы ретте кейінгі 23 жыл ішінде тұрғындарының саны 179,6 мыңға кеміп, жыл басында небәрі 534 мың адам, қалған халқы ең аз өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі, өмір сапасы көңіл көншітпейтіні, мемлекет құрушы қазақ ұлтының үлесі небәрі 37 пайыз екендігі еріксіз ойға оралып, толғандырмай қоймайды. Петропавл қаласында болған келеңсіз оқиғаның себептеріне тиісті мемлекеттік органдар жан-жақты талдау жасап, қорытынды шығарып, сабақ алса, игі.

Мәселен, қазір Қызылжар өңіріндегі ақпараттық-түсіндіру, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жұмыстарын барынша жандандыру қажеттігі туралы орынды пікірлер мен ұсыныстар айтылып жатыр. Осы орайда өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары һәм облыстың бас идеологы қысқартуға іліккені, сондай-ақ Тілдерді дамыту басқармасының жабылғаны қисынға келмейтін негізсіз шешімдер болды десек, артық айтпаспыз. Осындай қателіктерді түзетіп, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өңірдегі ұлттық мүддемізді қорғауға бағытталған идеологиялық жұмысқа соны серпін беретін кез жеткені сөзсіз.