Кеше кешкі мезгілде және бүгін таңертең Атырау қаласын түтін тұмшалап тұрды. Осыған байланысты тұрғындар әлеуметтік желіде шағым айтып жатыр.
«Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс өртеніп жатыр. Бұл – Атырау қаласының маңындағы Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы аумақ. Кеше, 2 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 19:00 шамасында қамыс өрті шамамен 85 гектар аумақты шарпыды. Төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері 80 гектар аумақтағы өртті сөндірді. Жел екпіні өртті сөндіруге қиындық келтіріп тұр. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Бүгін теңіз жағалауындағы қамыс өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 38 қызметкер, 4 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа тартылған.