Қоғам • 03 Сәуір, 2023

Алматыда есірткі сатқан бармен 10 жылға сотталды

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Полиция қызметкерлері оның қылмыстық әрекетін өткен жылдың тамыз айында әшкереледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда есірткі сатқан бармен 10 жылға сотталды

«Мефедрон жеткізу арнасын анықтау іс-шарасы нәтижесінде біздің бөлім қызметкерлерінің назарына қаладағы ойын-сауық мекемелерінің бірінде жұмыс істейтін бармен түсті. Оның жұмыс орнында – түнгі клубтың бар кассасында мефедрон сатылымы ұйымдастырылғаны анықталды. Күдікті есірткі сату кезінде қолға түсті. Барды және жеке тінту кезінде одан сатуға дайындалған, ішінде мефедрон байламдары бар темекінің екі қорабы тәркіленді. Тергеу шаралары ұсталған азаматшаның тұрғылықты жерінде жалғасты. Күдіктінің құрбысы есірткіден құтылғысы келді, бірақ бұл ойы жүзеге аспай қалды. Сатуға дайындалған 20 доза мефедроннан бөлек, электронды таразы, қаптама материалы және есірткі заты бар 3 байлам табылды», деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Осылайша, түнгі клубта есірткі сатқан бармен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен В. есімді азаматша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 3,6-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.