Білім • 03 Сәуір, 2023

Құжат қабылдау басталды

464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік басқару академиясында магистратура және докторантурада оқуға құжат қабылдау басталды. Науқан 29 маусымға дейін жалғасады. Академия ректоры Ерлан Әбіл арнайы баспасөз мәслихатында Admission талаптарын айтып, белгіленген грант мөлшерін атады.

Құжат қабылдау басталды

Академия ректоры Ерлан Әбілдің айтуыншамемлекеттік қызметшілерді даярлауға Үкіметтен магистратура бағдарламасына 120, докторантураға 12 грант бөлінген.

«2023 жылы оқуға қабылдау 6 магистратура бағдарламасы, күндізгі оқу бөлімінде 3 докторантура бағдарламасы бойынша және өндірістен қол үзбей оқытылатын 2 модульдік бағдарлама бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ академияда ақылы түрде күндізгі бөлімде және модульдік форматта білім алуға мүмкіндік бар», деді оқу орнының ректоры.

Конкурстық іріктеудің алғашқы кезеңі онлайн, сұхбаттасу кезеңі бетпе-бет жүздесу форматында өтеді. Құжат тапсыру https://admission.apa.kz порталында жүргізіледі. Биылғы қабылдау кезеңінде бірқатар өзгеріс бар.

«Халықаралық қатынастар» бағдарламасы бойынша оқу мерзімі 1 жылдан 2 жылға дейін ұзартылды. Докторантура бағдарламалары үшін жұмыс өтілі бойынша талап 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды. Егер өткен жылы басшы қол қойған жолдама алдын ала оқуға түсу кезінде, яғни конкурстық іріктеуден кейін тапсыруға мүмкіндік берілсе, биыл үміткерлер жүйеге қол қойылған жолдаманы 29 маусымды қоса есептегенде құжат қабылдау аяқталғанша тіркеуі керек. Тағы бір айта кетерлік жайт, биылдан бастап модульдік оқыту қағидаты бойынша магистратура мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға, яғни квазимемлекеттік және жеке сектор өкілдеріне ғана арналады», деді Ерлан Әбіл.

Сонымен қатар академияны мемлекеттік тапсырыс бойынша B+ (GPA 3,33) көрсеткішпен аяқтағандар, оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, ревизиялық комиссияларда, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (Астана қаласы мен оның аудандарындағы жергілікті атқарушы органдардан, мәслихат аппаратынан, ревизиялық комиссиялардан, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінен басқа) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және оның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша конкурс өткізілместен қызметке орналаса алады.

Тағы бір өзгеріс, академия түлегі-мемлекеттік қызметшінің оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеу жөніндегі міндеті алынып тасталды. Енді мемлекеттік қызметшіге академияда оқуын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте 3 жыл жұмыс істеу жеткілікті.

Сондай-ақ «Білім туралы» заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бұрын білім алған мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша академияға магистратураға немесе докторантураға қайта оқуға түсе алады.