Туризм • 03 Сәуір, 2023

Жоспардағы жаңа жобалар

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Табиғаты көркем Алатаудың тау-тасы мен өзен-көлдері туризмнің қайнар көзі саналады. Отандық туризмді дамыту арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға бағытталған жобалар жоқ емес. Биыл Алматы облысының туризм саласында 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.

Жоспардағы жаңа жобалар

Бұл туралы Қонаев қаласында өткен «Alatau hike» халықаралық туристік форумында баяндалды. Алматы облысының туристік әлеуетін халықаралық нарықта ілгерілету, елдер арасындағы туристік алмасуды арттыру, шетелдік әріптестермен байланысты кеңейту және нығайтуды мақсат еткен шараға БАӘ, Италия, Ұлыбрита­ния, Нидерланд, Ресей, Әзербайжан мен Қатар елдерінен келген шетелдік сарапшы­лар қатысты. Форум қонақтарына ақпа­раттық тур ұйымдастырылып, олар өңір­дің мақтанышына айналған «Шарын», «Көл­­сай көлдері» ұлттық саябақтары мен Шон­жының ыстық суларының ғажа­йып­тарын көріп, әсем табиғатын тамашалады. Сонымен қатар Қонаев қаласының туристік әлеуетімен танысты.

Бұдан кейін Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстың туристік әлеуетін паш ете­тін және осы салада жүзеге асып жатқан игі бастамалар жайындағы промо-бейне үзіктен басталған алқалы жиын өтті.

– Алматы облысы – еліміздегі турис­тік саланың көшбасшысы. Қазақстанның үздік бестігіне кіреді. Бүгінгі таңда шетелдік туристер үшін ең қолайлы әрі дайын бағыт болып есептеледі. Облыстың туристік әлеуеті өзінің алуан түрлі табиғатымен, құмды шөлдерден бастап қарлы шыңдарға дейін жалғасады. Оның ішінде ұлттық парктер мен тарихи жерлер бар, деді халықаралық фо­румда сөз алған Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменов.

Басқосуда туризм сабақтастығы мен жаңа­шылдығы, туристік мәдениетті қалып­тастыру, өңірде туризм саласын дамы­ту, инвестицияның тиімділігі, кадр мәселесі төңірегінде ауқымды мәселелер талқы­лан­ды. Негізгі тақырыптардың бірі – ­облыс орталығы Қонаев қаласындағы еліміз­дің ең ірі су қоймаларының қатарындағы Қап­шағайдың туристік әлеуетін көтеру туралы ой ортаға салынды. Сондай-ақ өткен жылы Қапшағайға 1 млн-нан аса демалу­шы келгені және туризмді дамытудың ке­шенді бағдарламасы бойынша жағалау кеңей­тілетіні тілге тиек болды.

–  Әлемнің біраз елін араладым. Көп жердегі негізгі мәселе – тарихи орындар­­ға, туристік нысандарға жету мәселесі. Яғни жолдарды жөндеу керек деген сөз. Одан кейін туризм саласында жұмыс істейтін мамандар міндетті түрде халықаралық тіл­дерді меңгергені жөн, деген Англияның «Avrupa Media Group» жобасының басшысы Ватан Оз Шарын шатқалы мен Көлсай көлін халықаралық туризм үшін өте маңызды ­нысан санайтынын айтты.

 

Алматы облысы