Әдебиет • 03 Сәуір, 2023

Мағжанның маржан жырлары

512 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жыл Солтүстік Қазақстан облысында ұлтымыздың классик ақынының туғанына 130 жыл толуына орай «Мағжан жылы» деп жарияланды.

Мағжанның маржан жырлары

Осыған байланысты мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Алдымен Мағжан өлеңдерін оқудан поэзиялық челлендж басталды. Оған еліміздің айтулы ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыс, аудан әкімдеріне дейін қатысып жүр. Одан кейін жазба ақындарының «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» атты республикалық мүшәйрасы өтті. Оған еліміздің барлық түкпірінен жүзге жуық ақын қатысып, соның 30-ына жүлде берілді.

«Мағжанның маржан жырлары» атты келесі іс-шара тіпті өзгеше болды. Бұған Сол­түстік Қазақстан облысының қала мен аудан орталықтары, ауыл мектептерінен 300 оқу­шы қатысты. Бұл жарыстың шарты бойынша әрбір оқушы ақынның 30 өлеңін жатқа айту­ы керек. Жеңістен үміткерлердің ара­сынан 72-сі іріктеліп алынып, облыс сахна­сындағы финалға қатысты. Жарыстың шарты бойынша қатысушы қоржыннан асық алады. Ал онда Мағжан өлеңінің тақырыбы берілген, асықты алған бала соны жатқа айтып беруі керек. Мысалы, С.Шаймерденов атын­дағы қалалық классикалық гимназиясының оқушысы Махаббат Смайылова өзіне түскен ақынның «Жан сөзі» өлеңін жаңылмай оқып берді және баға беруші жандардың айтуды ұсынған өлеңдерін әрі қарай іліп әкетті. «Мен Мағжанның 40 өлеңін жатқа білемін. Осындай сайыстарға жыл сайын қатысып, жүлделі орындар алып жүрмін», дейді Махаббат.

Осынау үлкен-кішінің бәріне әсерлі бол­ған жарысты «Мағжан жылына» орай ұйым­дастырған Жарқын Жұпархан: «Бұл – Қызыл­жарда кем дегенде 300 бала Мағжанның 30 өлеңін жатқа айтады деген сөз. Өткен жазда жолым түсіп Қарасазға барғанда байқадым, көшеде кез келген адамды тоқтатып сұрасаң, Мұқағалидың кем дегенде бір өлеңін жатқа біледі екен. Қызылжарлықтар да дәл солай, Мағжанның жырларын жүрек түкпірінде ұс­тауы керек», деді ол бізге.

Осылайша, Мағжанның 130 жылдығы туған жерінде лайықты аталып жатыр, басқалардың да одан қалмасына сенімдіміз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы