Оның журналистік жолы облыстық «Атырау» газетінде шыңдалған. Кейін оңтүстік астана – Алматыға қоныс аударып, ұзақ жыл ел газетінің құқық бөлімін басқарған. Қаламгер әділдік іздеген жандардың жанайқайы, заңды белден басқан оспадарлардың теріс әрекеті туралы үзбей жазды. Соңғы кезде қазақ баспасөзінен сирек көрінетін фельетон жанрының шебері өмірден өткенге дейін журналистік кәсібіне адалдықтан жаңылмады. Қолынан қаламын тастамады.
Өткен аптада белгілі қаламгер Нури Муфтахтың Атырау қаласында тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Оған «Атырау – ақпарат» ЖШС ұйытқы болды. Серіктестіктің бас директоры Жасын Біркеновтің айтуынша, бұл – журналистика ардагерін есте қалдыруға арналған игілікті іс-шара.
«Қазақ баспасөзінен қол үзбеген оқырмандар Нури Муфтахты әділдіктің ақ семсері ретінде есте сақтайды. Өйткені ол әділдік жолында ешкімді алаламады. Сол себептен, қиянат көрген жандар алдымен Нури Муфтахты іздеді. Ол мұңын да, сырын да айтқан жандарды қолында билігі бар әпербақандардан қорғады. Сөйтіп, құқық саласындағы әділдіктің орнауына өзіндік үлесін қосты. Оның әділдікті ту еткен ұстанымы ізінен ерген шығармашылық өкілдері үшін үлгі-өнеге болып қала береді», дейді Жасын Біркенов.
Сондай-ақ облыстық «Атырау» газетіне екі рет бас редактор болған Теңдік Жауыровтың тұрған үйіне де ескерткіш тақта ілінді. Әріптестері қос қаламгердің адамгершілік болмысы, шығармашылық қыры туралы естеліктерімен бөлісті.
Атырау облысы