Мәселе • 04 Сәуір, 2023

Су мәселесі сарсаңға салмай ма?

384 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен аптада «Астана су арнасы» мемлекеттік ком­муналдық кәсіп­орны­ның тұрғындарды суды үнемдеп пайдалануға шақырғаны туралы хабар кеңінен тарады. Осыдан кейін біз кәсіпорынның сорғы-сүзгі стансасына ба­рып, мән-жайды бағам­дап көрдік.

Су мәселесі сарсаңға салмай ма?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Астанада демография, урба­ни­­зация үдерісі жеделдеп, қала дамып, кеңейіп жатқа­ны бәрі­мізге мәлім. Осы орайда соңғы жылдары елорда тұрғындары су­дың сапасына қатысты жиі шағымданып жүр. Ал қазіргі судың тапшылығы сор­­ғы-сүзгі стансасының жоба­лық қуатына байланып тұр. Сон­­­дықтан «Астана су арнасы» кәсіп­­орны су қысымын ре­ттеу үшін мін­детті шара қабыл­дауға мәж­­бүр болып отыр. Су қы­сы­мы сор­ғы-сүзгі стансасы іске қо­сыл­­ғанға дейін осылай белгілі бір уа­­қыт­та төмендейді екен. Ес­ке са­лар болсақ, 2021 жылы су тапшылығының алдын алу мақсатында екі жоба басталған. Бірі Вячеслав су қоймасынан Темір­­жолшылар тұрғын алабы­на де­йін тартылатын жаңа су қ­ұ­бы­ры болса, екіншісі Ин­­тер­­национальный тұрғын ала­­­бын­да салынатын сорғы-сүзгі стан­­сасы еді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жоба құрылысы биыл жаз­да аяқ­талады. Қалалық сорғы-сүзгі стансасының басшысы Тал­ғат Бекмағанбетовтің айтуынша, қазір қаладағы екі сорғы-сүзгі стан­­саның қуаты тәулігіне 305 мың текше метр ауыз су өндіруге жетеді.

– Біз қазір қалаға тәулігіне 330 мың­ текше метр су жіберіп отыр­­мыз. Байқасаңыздар, біз­ міндетімізді стансаның жобалық қуатынан асырып орындап отырмыз. Тұрғындарға таза су беру үшін түнгі 12.00-ден кейін су қысымын азайтып, әрқайсысы 20 мың текше метрлік 4 резервуарға жинаймыз. Себебі түнде жиналатын 80 мың текше метр судың есесіне таңертең судың қысымы жоғары болады, – дейді сорғы-сүзгі стансасының басшысы.

Мәселенің мәнісі түсініктірек болу­ үшін Астана қаласының ауыз­­­су жүйесі жайында тарқатып жаз­­ғанымыз жөн болар.

Негізі қала тұрғындары тұтынатын су­ Вячеслав су қоймасынан диа­­метрі 1000-1400 милиметрлік 3 құбыр арқылы келіп, әуелі су қабылдағышқа құяды. Одан әрі су екі сүзгі-сорғы стансасына келеді. Стансалардың суды тазарту үдерісі бірдей. Тек бірі тәулігіне 200 мың текше метр су қабылдаса, екіншісіне 105 мың текше метр су келеді. Осыдан кейін стансада алды­мен суды залалсыздандыру­ үшін натрий гипохлоридін, кейін бұлыңғырлығын азайту үшін реагенттер қосады. Көп ұзамай 52 тонна кварц құмы арқылы сүзгіден өтіп, әбден тазарған соң, ауызсу резервуарла­ры­­­на құйылады. Әрі қарай ре­зер­вуардағы су сорғымен қалаға тарайды. Яғни су үш кезеңнен өтіп, тазартылған соң ғана тұтынуға жарамды болады. Суды тазартудың осы технологиялық үдерісіне шамамен 5-7 сағат уақыт кетеді. Мұндағы сорғы-сүзгі стансасының бірі тәулігіне 105 мың текше метр, ал екіншісі 200 мың текше метр суды тазартатынын айттық. Демек көктем келгелі «Астана су арнасы» кәсіпорнының сорғы-сүзгі стансасындағы мамандар тәулігіне 330 мың текше метр су беру арқылы өз құзырындағы жұмысты расында артығымен орындап отыр деген сөз.

Жоғарыдағы мағлұматтарға зер салсақ, тағы бір мәселенің шеті қылтиып тұрғанға ұқсайды. Алдымен сорғы-сүзгі стансасына келетін судың мөлшеріне назар аударсақ, су тапшылығының Вячеслав су қоймасынан тартылған үш құбырға да қатысы бар деген тоқтамға келеміз. Өйткені сорғы-сүзгі стансасына су молынан келсе, ондағы мамандар резервуарларды толтыру үшін белгілі бір уақытта судың қысымын төмендетпесе де болар. Негізі Астанадағы ауызсу мәселесі бұған дейін де талай мәрте айтылып келді. Осы жайдың барлығын елеп-ескеріп, су тапшылығына ертерек қамданғанда қазір жағдай басқаша болар ма еді, кім білсін?

Қош, судың тапшылығы неге қыста емес, көктемде туындап отыр? Себебі көктемде суды орынды-орынсыз пайдаланатындар көбейеді. Күн жылына құрылысқа, аула суаруға, тағысын тағы шаруаларға су кететіні айтпаса да түсінікті. Кейінгі жылдары тек елдің ғана емес, әлем ғалымдары, сонымен қатар мемлекет басшылары суды үнемдеп пайдалану керек деп тектен-тек шырылдаған жоқ. Көктем мейлі, ал жазда су тұтынатындар, тіпті, көбейсе керек.

– «Астана су арнасына» сорғы-сүзгі стансаларын салып берсе, өнімділігі артады. Бірақ құрылыс жұмыстары біздің қолымызда тұрған жоқ. Қазіргі ахуал бойынша толық қуатында жұмыс істеп тұрған стансалардың әлеуеті жылдан-жылға кеңейіп жатқан қаланы үздіксіз сумен қамтуға дәрменсіз болып отыр. Біз былтыр жазда тәулігіне 330 мың текше метр су беріп отырдық. Қазір осы көлемді ертерек, яғни көктемде жібере бастадық. Сәйкесінше, жаз шыға суға сұраныс қазіргіден де артатын секілді, дейді сорғы-сүзгі стансасының жетекші инженер-технологы Жанна Досжанова.

Әрине, осы жайды ескерсек, қаланы ауызсумен қамту мақсатында қолға алынған жобалар мезгілінен кешікпей аяқталса екен дейсің. Жаз шыға пайдалануға беріледі деген сорғы-сүзгі стансасының әлеуеті тәулігіне 105 мың текше метр суды тазартуға жетеді екен. Қазіргі стансалар қала кеңейгеннен шаһардың ішінде қалса, кейінгісі қашық болатынын ескеріп, кемі 200 мың текше метрлік сорғы-сүзгі стансасын салған әлдеқайда тиімдірек болар ма еді? Себебі құрылыс қарқыны қысы-жазы бәсеңдемейтін елордада бірер жылдан кейін тағы да бір сорғы-сүзгі стансасы қажет болуы мүмкін ғой.

Астана қаласында қазір екі сорғы-сүзгі стансасы бар дедік. Оның бірі қаланың атауы Целиноград болған тұста пайдалануға берілген. Екінші станса 2011 жылы іске қосылған. Ертеректегі жағдай түсінікті, ол кезде халық саны аз болды, бір станса жететін. Бірақ 2011 жылы бір емес, бірнеше сорғы-сүзгі стансасын салуға шешім қабылдау тиімдірек болар ма еді деген ой туады. Ал қазір Астана қаласындағы кейбір үйлердің тұрғындары судың қысымы азайғаны былай тұрсын, кейде ауызсудың уақытша тоқтайтынын айтады.

– Біз «Хан Шатырдың» маңындағы «BI Group» құрылыс холдингі салған 11 қабатты «Токио» тұрғын үй кешенінде тұрамыз. Үйдің пайдалануға берілгеніне 4 жылға жуықтады. Су мәселесі бізді былтыр көктемнен алаңдата бастады. Әр жексенбіде кешке қарай су тоқтататын. Ол кестеге үйреніп, шаруамызды сол уақытқа ыңғайлайтынбыз. Кейінгі айларда су әдеттегіден көбірек тоқтайтын болды. Мысалы, өткен аптада жексенбіден сәрсенбіге дейін шамамен 18.00-ден 1.00-ге дейін су болған жоқ. Бір қызығы, біздің үйдің 4, 5, 6 кіреберістерінде су үзілмейді. Білуімізше олар басқа құбырға қосылған. Жуырда судың қысымы төмендейтін уақыт белгіленген кестеге назар салдық. Алайда су сол кестеге сай берілмейді. Бұрын жексенбіде су уақтылы тоқтағанда үйдегі ыдыс­тар­ды қаз-қатар тізіп, су толты­рып­ алатынбыз. Қазір судың қашан тоқтайтынын білмеген соң, кейде су алып үлгермей қалатын кездер болады, – дейді қала тұрғыны Серуен Оқасова.

Бұл мәселенің де бір емес, бірнеше себеп-салдары бар. Су қы­сымы төмендегенде кейбір үй­лердің сорғысына байланыс­ты­ да су жетпей қалуы мүмкін. Өйт­ке­ні бұрын су қысымы жоғары бол­ған­да тұрғын үйлердегі сорғыға аса­ салмақ түс­пейтін. Тағы бір се­бебі, ауызсу­ стансаға қашық жат­қан және кейінгі салынған тұрғын үйлерге жетпеуі ықтимал.

Сорғы-сүзгі стансасы Вячес­лав­ су қоймасынан 52 шақырым қа­шықтықта жатыр. Бір жағынан су­ ауызсу резервуарларына ке­ліп жатса, екінші жағынан қа­лаға жіберіліп, осы үдеріс тоқ­та­майды. Айтпағымыз, 1968 жы­лы салынған Вячеслав су қой­масының суы уақыт өте са­па­ға әсер етеді. Демек Астана қала­сының маңынан басқа да су көздерін қарастыру – бүгінгі күннің басты тақырыбы. Бұл – бөлек әңгіме. Оның үстіне биыл қардың аз түскені Вячеслав су қаймасын толтыруға әсер етсе керек. Осыны ескерсек, кейбір шығындарды шаруашылық мақсатта пайдаланатын сумен жабуға басымдық берілсе дейсің. Әйтпесе, жоғары қысымды ұстап тұрған сорғы-сүзгі стансалары да уақыт өте тоза бастайды. Әрине, бұл мәселелерді реттеу – келер күннің еншісінде. Әзірге жуық арада Вячеслав су қоймасынан тартылып жатқан төртінші құбыр пайдалануға берілсе, жазда іске қосылады деп күтіп отырған сорғы-сүзгі стансасына су жеткізуге септігін тигізеді. Сонда қала халқына тәулігіне берілетін 350 мың текше метр судың орны толады.