Конференцияда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің сауда, цифрлық даму және ақпараттық қауіпсіздік министрліктерінің өкілдері бизнес үшін киберқауіпсіздік мүмкіндіктерін талқылады. Бұл бизнестегі бәсекелестіктің артықшылықтарының бірі ретінде қарастырылып отыр.
АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті халықаралық кибер саясат жөніндегі директорының орынбасары Ян Хансен, заңгер кеңесші Кристен Бауэр АҚШ сауда министрлігінің бағдарламасы туралы айтты. «CLDP бағдарламасы 2021 жылдың қарашасында АҚШ пен Орталық Азияның цифрлық сауда жөніндегі жұмыс тобын іске қосты. Бұл бағдарлама Орталық Азия елдерінде және әлемнің басқа елдерімен әрі өңірлерімен сауда және экономикалық байланыстарды ілгерілету үшін құрылған», деді Кристен Бауэр.
Жұмыс тобы озық халықаралық тәжірибені ілгерілетумен, цифрлық сауда үшін кедергілерді жою, өңірде цифрлық сауданың дамуы мен өркендеуіне мүмкіндік беретін қажетті нормативтік-құқықтық базаны құрумен айналысады. Жұмыс тобы электронды төлемдер, қолтаңбалар, транзакциялар саласындағы нормативтік-құқықтық реформалармен, трансшекаралық деректер ағындарымен, ақпараттық қауіпсіздікпен, деректерді қорғау және құпиялылықпен, тұтынушыларды қорғау және цифрлық салықтармен айналысады.
АҚШ пен Орталық Азияның цифрлық сауда жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Алматы іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Ақеркін Ералиева өңірлік интеграция шеңберіндегі ақпараттық қауіпсіздіктің маңыздылығына тоқталды. «Біз CLDP бағдарламасын екі жылдан бері жүргізіп келеміз. Биыл шағын және орта кәсіпкерлік пен IT өкілдеріне арналған «Cyber Readiness Institute» оқу бағдарламасын іске қосамыз. Сонымен қатар CLDP бағдарламасы Киберқауіпсіздік бойынша өңірлік оқу семинарын ұйымдастырды», деді Ақеркін Ералиева.
Спикерлер сенімді жеткізу тізбегін құру және цифрлық сауданың ұлттық/өңірлік мақсаттарын ілгерілету жолдарын қарастырды. Satu.kz бас директоры Максим Мельник елдегі цифрлық сауданы жай-жапсарын жеткізді.
Ал бөлек сессиялар киберқауіпсіздіктің тиімді әдістерін әзірлеу және цифрлық сауданың өсуін қолдау үшін қажетті құқықтық реформаны енгізуге арналды. Негізгі пленарлық отырыста киберқауіпсіздіктің негіздері мен негіздемелік қағидаттарына шолу жасалып, бизнес, тұтынушылармен, инвесторлармен сенімді нығайту мәселелері, цифрлық сауда мен инвестициялардағы кедергілер, киберқауіпсіздікті бизнес үшін бәсекелестік артықшылық ретінде пайдалану және жаһандық жеткізу тізбектерімен байланысты мәселелері қаралды.
– Ақпараттық жүйелер мүмкіндіктерінің артуымен қатар киберқауіпсіздік мәселелері де өзекті болып отыр. Біз киберқауіпсіздік туралы хабардарлықты арттыру мәселелерін және оның сауда мен инвестицияға қалай әсер ететінін, стратегиялық маңызды жүйелер мен құпия ақпаратты киберқауіптерден қалай қорғауға болатынын талқыладық. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту арқылы цифрлық технологияларды пайдаланудың жаңа деңгейіне өтуге болады, – деді Ақеркін Ералиева.
Конференция соңында CLDP бағдарламасының өкілдері «cyber Champions» аймақтық желісінің іске қосылғанын және Орталық Азия өңірі үшін «cyber Readiness» институтының киберқауіпсіздік бойынша тегін оқу бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады. Сонымен қатар Алматыда кибер чемпиондар қоғамдастығының құрылғаны мәлім болды.
АЛМАТЫ