Сол солақай саясат өз дегенін істеді және ұлттық көсемдердің елді индустрияландырмақ болған барлық әрекеттерін тоқтатып, мүлде тұқыртып тастады. Сөйткен коммунистер «Қазақтың қолынан мал баққаннан басқа түк келмейді» деген ұғымды сол кезден бастап КСРО халықтарының бәрінің санасына сіңіре берді. Кеңес одағындағы барлық ұлт пен ұлыстарға әдейі сіңірілген сол ұғымды кейбір адамдар әлі күнге дейін айтып жүр.
Мысалы, Орталық Азия елдерінде өндірілетін мақта мен түрлі-түсті металлды мыңдаған вагондарға тиеп, мыңдаған шақырым жол басып, салдырлатып Ресейдің Иванова мен Магнитогорск қалаларына алып барып, сонда ғана өңдеудің қаншалықты қажеті бар еді? Бұл экономикалық зымиян саясаттың түбі біздің елдерді өле-өлгенше Ресейге тәуелді етіп қалдыруды көздеді. Әйтпесе зауыт-фабриканы жергілікті жерге салып, сонда өңдесе, жолға кетер 30-40 пайыз шығын, республикада пайда күйінде қалып, халықтың қал-жағдайының оңалуына жаратылар еді ғой...
Сол сияқты одақтың транзит-экспорт саясатын да алыстан орап, негізгі халықаралық дәліздерді тек қана Ресей Федерациясы аумағынан ғана өтетін етіп құрғаны аян. Міне, осы солақай саясаттың зардабын біздің елдер әл-әзір де тартып отыр. Тәуелсіздіктің тізгіні өз қолымызға тиген күннен бастап, мемлекетіміз көп векторлы саясат жолын таңдап алғаны мәлім. Бұл жақсы делік. Бірақ сол күннен бастап транзит-экспорт саясатын да әртараптандырып, елден тауар шығаратын бағыттарды көбейте бермегеніміз бүгінде үлкен өкініш тудырып отыр.
«Ештен кеш жақсы». Қазіргі орын алған геосаяси жағдайды еліміз тиімді пайдаланса дейміз. Халықаралық жолдар мен көлік-логистиканы дамытудың стратегиялық жоспарын заманауи талаптарға сай құра білсек, инвестиция да, жүк ағыны да жөңкілері анық. Оны әлемдегі барлық елдердің басын біріктірген Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандары да көріп, біліп отыр. Орталық Азия елдерімен, яғни жақын көрші мемлекеттермен қанаттасып, транзиттік істе бірге талаптануы ләзім.
Біріккен Ұлттар Ұйымынан алынған мәліметтерде Орталық Азия елдері Ұлы Жібек жолын жандандыратын болса, алдағы 10 жылда ішкі жалпы өнімін 2 есеге дейін ұлғайта алатын көрінеді. «Бұл фактор шикізатқа тәуелді аймақ елдерінің экономикасына үлкен көмек, зор мүмкіндік болары анық. Демек бұл игі жоспар жүзеге асса, осыған дейінгі айтылған мәселелердің бәрін Орталық Азия елдерінің ортақ нарығын қалыптастыруға жасалған қадам деп бағалауға болады», деп қорытыпты ортақ ойын мамандар.
Солтүстіктегі көршінің салқын көзқарасына қарамай, Қазақстан транзиттік қауқарын арттыру үшін қал-қадірінше әрекеттер жасап жатыр. Мысалы, бір ай бұрын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев жетекшілік еткен делегация Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Онда отандық делегация Қытайдың бірнеше теміржол компанияларының жауапты өкілдерімен кездесті. Келелі кездесуде бірқатар игі бастаманың жоба-жоспары пысықталыпты.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Қытай темір жолдары» Мемлекеттік компаниясы басшылығының кездесуі алдымен аспан асты елінің астанасы Бейжің қаласында өтті. «Қытай темір жолдары» Мемлекеттік компаниясының басшысы Лю Чжэньфан, пандемиядан кейін Қытай тарапы қабылдап отырған алғашқы әкімшілік «Қазақстан темір жолы» делегациясы екенін арнайы атап өтті.
Кездесуде мәлім болғандай, екі ел арасындағы жүк тасымалдау көлемі соңғы уақытта оң қарқын алып отыр екен. Мәселен, 2022 жылы жүк тасымалы 23 млн тоннаны құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артып, тарихи жоғары деңгейінен асып түсіпті. Бұл да бір үлкен жетістік. Екі ел арасындағы тауар айналымының әңгімесін әуелетіп алған соң, отандық делегацияның Қытайға келуіндегі аса маңызды шаруаға ойысты.
Өзекті тақырыпты талқылау барысында Қазақстан арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамыту мәселелері жан-жақты сөз болды. Әсіресе Қытай Халық Республикасынан келетін импорт мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Тараптар талқылаған маңызды мәселелер қатарында Достық – Мойынты учаскесін жаңғырту және Бақты – Тачэн учаскесінде үшінші теміржол шекара өткелін салу жобаларына баса назар аударылды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығының Қытайға ресми сапары одан әрі Сиань қаласында жалғасын тапты. Онда қала мэрі Ли Миньюан мырза бастаған Сиань қаласы әкімшілігі өкілдерімен кездесуде көлік бағдарлары мен инфрақұрылымды дамыту сөз болды. Сиань қаласы Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық хабы саналады. Оның аумағында «Сиань халықаралық сауда-логистикалық паркі» құрғақ порты орналасқан. Осы құрғақ портқа жүктің 40 пайызы біздің елден келеді. Сондай-ақ мұнда Қытай Халық Республикасы – Еуроодақ бағдарына жөнелтілетін контейнерлік пойыздардың жалпы көлеміндегі, жүк тиелген контейнерлердің 30 пайызы құрастырылады.
Кездесу қорытындысы бойынша келісімге қол қойылып, аталған маңызды құжат негізінде Қытай жағы қазақ теміржолшыларына Сиань қаласындағы Құрғақ порт аумағында терминал салу үшін 8 гектар жер телімін беретін болды. Сиань қаласының әкімдігі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға жаңа логистикалық жобаны іске асыру бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін де жеткізді.
Біздің ел делегациясының миссиясы мұнымен ғана аяқталған жоқ. Екі күннен кейін «Қазақстан темір жолы» мен «Үрімші темір жолы» компанияларының басшылары кездесті. Онда 2022 жылдың жұмысы қорытындыланып, 2023 жылға арналған жүк тасымалы көлемін арттыру жоспары талқыланған. Бұл басқосуда да Бақты – Аягөз теміржол желісін салу және Достық – Мойынты телімін жаңғырту мәселелері тағы басты тақырыпқа айналған.
Қуантарлық хабардың тағы бірі, қытай теміржолшылары Цзинхе – Алашанкоу телімінде екінші жолдар құрылысы басталғаны туралы айтып, одан екі және үшінші елдерге қандай пайда келетіні жөнінде әңгіме қозғады. Сондай-ақ Бақты – Тачэн телімінде үшінші теміржол шекаралық өткелінің құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыруға қолдау білдіруге дайын екендерін де жасырмады. Тараптар Үрімші қаласында отандық терминалды құру мүмкіндігін қарастырып, қытайлық әріптестерімен әр тоқсан сайын кездесіп тұруға уағдаласты.
Енді ел ішіндегі жағдайға қайта оралсақ, бұл істе сала қызметкерлері қол жеткізген табыстар жоқ емес. Мәселен, транзиттік жүктің жолды жүріп өту уақыты былтырғы жылмен салыстырғанда Транскаспий халықаралық көлік бағдарының қазақстандық телімінде екі есеге дейін қысқарған. Бұл мәліметтер Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту шараларына арналған Үкімет отырысында айтылды.
Отырыста аталған бағыттың біздің ел аумағы арқылы өтетін теліміндегі белсенді жұмыстың арқасында республика аумағы арқылы транзиттік жүктің транзиттік уақыты өткен жылмен салыстырғанда екі есеге – 12 күннен 6 күнге дейін қысқарғаны атап өтілді. Және бұл шектеу емес. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті бес күнге дейін қысқарту көзделіп отыр екен.
Жалпы, Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясында Қытайдан Қара теңіз порттарына жүк жеткізу мерзімі қазірдің өзінде 38-53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарған. Ал үстіміздегі жылдың соңына қарай ол 14-18 күнге дейін қысқарады деген үміт бар.
Бағыт бойындағы инфрақұрылым нысандарын одан әрі жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар шеңберінде Ақтау портында контейнерлік хаб құру, жүк тиеу жабдықтарының паркін жаңарту және мұнай айлақтарын қалпына келтіру бойынша жобалар да Үкімет отырысында қызу талқыға түскен.
Бұлармен бірге Құрық портында жаңа су айлағын салу, көп функционалды және астық терминалын іске қосу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ 2030 жылға қарай Каспийде 10 мұнай баржасы, 8 паром, 6 танкер және контейнерлік кеме жұмыс істей бастайды.
Еліміздегі жолдар мен көліктерге қарап отырып, алыс-жақын шетелдердің де осы саладағы табыстары мен жетістіктеріне аракідік назар аударасың. Сөйтесің де, кейбіріне тамсанбай тұра алмайсың.
Швейцарияда ақпанның басынан бері цифрлы автотіркемесі бар және қуаттағыш доңғалағы арқылы деректерді беретін жүк пойызы қанатқақаты режімде қызмет етуде. Сынақ DAC+ қанатқақаты жобасы аясында өтіп жатыр екен. DAC+ жобасында вагонға орнатылған қуаттағыш пен деректер беру доңғалақтарын автоматты түрде қосу мүмкіндігі сыналуда.
Қазіргі уақытта жүк пойызының вагондары арасында электр энергиясын және деректерді берудің әртүрлі технологиялары қолданылады. Ал DAC+ пойызында деректерді доңғалақ арқылы беретін жүйе қосылған.
Жақын көрші Қытай елі бір сағатта 450 шақырымды басып өтетін жылдам жүретін CR450 пойызын жасап жатыр. Негізі өткен жылдың қаңтарында Қытай ұлттық теміржол операторы China State Railway Group компаниясы CR450 EMU жобасының техникалық сипаттамаларын жариялаған болатын. Келер жылы жалпы жобалық және ішкі жүйе макеттері пысықталады. Сондай-ақ пойыз жақын арада таныстырылмақ көрінеді.
Қытай Халық Республикасы бұл жобаны шетелдік инвестицияның көмегінсіз жүзеге асыратынын айтып жүр. Мамандар қазір пойыздағы шамадан тыс шуды азайту шаралары бойынша жұмыс істеп жатыр. Өйткені өте жоғары жылдамдықпен жүретін пойызда желдің гуілдеген дыбысы қатты естіледі.
Айта кету керек, соңғы 15 жылда Қытайдың теміржол саласы, әсіресе жоғары жылдамдықты жүрдек пойыздарды жасау басқа елдермен салыстыра қарағанда, әлдеқайда тез дамып барады. Қытай еліндегі 155 мың шақырым теміржол желісінің 42 мыңы жоғары жылдамдықты пойыздарға арналған.
Осындай орасан мәліметтердің мәнісіне жеткенде «Біздің көріп жүргендеріміз бүргенің көзіндей екен ғой» демеске лаж жоқ.