Экономика • 04 Сәуір, 2023

Орта кәсіпкерлікті ынталандыру бойынша кешенді жоспар әзірленеді

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, соның ішінде орта кәсіпкерлікті ынталандыру жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді. Бұл туралы бүгін елордада өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орта кәсіпкерлікті ынталандыру бойынша кешенді жоспар әзірленеді

Министрдің айтуынша, салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталған жұмыс шеңберінде саланың басымдығы мен рентабельділігіне қарай қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығы ставкаларын саралау мәселесі пысықталады.

«Тарифті инвестицияларға айырбастау» қағидатына сәйкес, тарифтік саясатты реформалау шеңберінде электрмен, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы желілердің тозуын (20%-ға дейін) төмендету жұмысы басталды. Бұл авариялардың санын азайтуға және қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда тарифтерді өзгерту және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту үшін құқықтық негіздер қалыптастырылды», деді Ұлттық экономика министрі.

Сонымен қатар ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында шекара маңындағы аумақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлінді.

«Шекара маңындағы өңірлерді қоса алғанда, бүкіл ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған құралдардың бірі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру болады. Ол үшін әрбір ауылдық округтің мамандығын айқындай отырып, скрининг жүргізу керек. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника мен жабдықтың лизингін қамтамасыз ету шаралары іске асырылады», деп атап өтті министр.