Қоғам • 04 Сәуір, 2023

Былтыр «АрселорМиттал Теміртау» 30 млрд теңгеге жуық төлем жасады

232 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Ұжымдық шарт жұмыс беруші мен қызметкердің құқықтары мен міндеттерін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік төлемдер, жеңілдіктер, көтермелеулер жүйесін реттейтін негізгі құралдың бірі болып саналады. Оған қол қойғандардың бәрі қабылданған шарттарды бұлжытпай орындауға міндетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Былтыр «АрселорМиттал Теміртау» 30 млрд теңгеге жуық төлем жасады

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да Ұжымдық шарттың әрбір тармағы мұқият пысықталады. 2022 жылы компанияның Ұжымдық шартының жаңа нұсқасы қабылданды. Онда жұмыскерлерге қажетті жағдайлар айтарлықтай жақсартылды. Бұл жөніндегі жұмыс бір жыл бойы жүргізілді. Осы мақсатта «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Басқармасы, «Жақтау» металлургтер кәсіподағы ҚБ, «Қорғау» көміршілер кәсіподағы ҚБ өкілдерінен бірлескен комиссия құрылды. Бұл ретте жаңа Ұжымдық шарт қабылданбайынша, бұрынғысы күшінде қалады деген уағдаластыққа алдын ала қол жеткізілді. Мұндай қадам кез келген дау-таласты болдырмау үшін жасалды.

Дегенмен, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Ұжымдық шарты туралы әңгімені оның күші кімдерге таралатынынан бастау керек. Олар – ең алдымен, кәсіподаққа мүше болған компания қызметкерлері. Сондай-ақ бұл қатарға жеке өтініші негізінде ұжымдық шартқа қосылған және кәсіподақ мүшелерімен тең дәрежеде кәсіподақ жарнасын төлейтін қызметкерлер кіреді. Бұған қоса, Ұжымдық шарт зейнеткерлермен жұмыс істемесе де компанияның жұмыс істемейтін зейнеткерлерінің кәсіподақ комитетіне мүше жұмыскерлерге де қолданылады.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 2022-2024 жылдарға арналған Ұжымдық шарты туралы айтқанда бірінші кезекте жұмыскерлерді әлеуметтік қолдауды күшейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өткен жөн. 

- Нақты айтқанда, ҚР еңбек заңнамасына қатысты өзгерістер, сондай-ақ жаңа жеңілдіктер мен кепілдіктер енгізілді. Негізгі тармақтардың бірі – компания жұмыскерлерінің жалақысын қаңтардан бастап ҚР Үкіметі белгілеген инфляция деңгейіне сәйкес индекстеу. Ал 2022 жылы инфляция 20,3 пайызды құрағаны белгілі. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Владимир Яблонскийдің бұйрығымен компания қызметкерлерінің жалақысы да сонша деңгейде өсірілді, дейді «Жақтау» металлургтер кәсіподағы ҚБ төрағасы Виктор Щетинин. – Менің ойымша, Қазақстанда әлі еш кәсіпорын жалақыны осылайша көтерген жоқ. 

Жаңа Ұжымдық шартта өзгерген басты жайттың бірі – жыл қорытындысы бойынша өндірістік көрсеткіштерді орындағаны үшін біржолғы төлем немесе 13 жалақы деп аталатын қағида.

- Бұрын 13 жалақы (Болат департаменті бойынша) берік болат жөніндегі (Конвертер цехы бойынша) көрсеткіштер үшін есептелгендіктен, бұл туралы көптеген түсініспеушілік болды. Содан кейін біз 2022 жылдан бастап прокат цехтарындағы прокат сапасы жөніндегі көрсеткішті негізге алдық, - дейді Виктор Щетинин.

Көмір департаментіне келетін болсақ, біржолғы төлемге бірден үш көрсеткіш әсер етеді: көмір өндіру, көмір концентратын өндіру бойынша бизнес-жоспарды орындау, қатардағы көмірдің нақты күлінің бекітілген жоспарлы деңгейден аспауы.  Айтпақшы, 2022 жылы компаниядағы барлық көрсеткішке толық көлемде қол жеткізілді.

Ұжымдық шартта төлемдер автоматты түрде жүргізілетін тармақтар бар. Алайда компания әкімшілігі мен кәсіподақтардың бірлескен шешімімен немесе қызметкердің жеке өтініші бойынша ғана іске асырылатындары да бар. 

- Қызметкерге оның ауыр материалдық жағдайына, алдағы операцияларға, болған өрттерге және басқа жағдайларға байланысты материалдық көмек көрсету тармақтары бар, - деп нақтылады Виктор Щетинин.

Сол сияқты тиісті комиссия пайызсыз несие беру туралы өтініштерді де қарастырады. Ұжымдық шартқа сәйкес мұндай несие тұрғын үй сатып алуға немесе жөндеуге, емделуге, оқуға беріледі. Бірақ қажеттілікті растайтын құжаттар болуға тиіс. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлерге 175 114 000 теңге пайызсыз несие берілді, оның ішінде Болат департаменті бойынша – 84 325 000 теңге, Көмір департаменті бойынша – 90 789 000 теңге. Компания қызметкерімен оның денсаулық жағдайы бойынша еңбек шарты бұзылған жағдайда Ұжымдық шартқа сәйкес өтемақы төлеу де көзделген.

Ұжымдық шарт бойынша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының 2022 жылғы шығындары 29,03 млрд теңгені құрады, оның ішінде Болат департаментінде – 12 317 049 мың теңге, Көмір департаментінде – 16 714 780 мың теңге.

Айта кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Ұжымдық шартында бұрынғы жеңілдіктер мен төлемдерді сақтаумен қатар, оның 2022 жылғы жаңа редакциясында қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға, оларды ынталандыруға және қолдауға бағытталған қосымша тармақтар пайда болды.

Әрине, компанияның кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мойындап айтқанындай, талқылау барысында көптеген даулар да болған.

- Бірақ біз ортақ тіл таптық. Бұл – біз келіспеушілік хаттамаларынсыз әрі мемлекеттік органдардың қатысуынсыз қол қойылған алғашқы Ұжымдық шарт. Бұл – біздің ортақ еңбегіміз. Осы орайда компания басқармасының даналық пен шыдамдылық танытқан салиқалы ұстанымын атап өткім келеді, - дейді Виктор Щетинин.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы Ұжымдық шартты жаңарту тәжірибесі компания тарапынан жұмыскерлерге деген адал көзқарас пен қамқорлық барын айғақтайды. Бүгінде компанияда жұмыскерлерді ақпараттандыру, қажет болған жағдайда Ұжымдық шартты түсіндіру және ең бастысы – шарттың барлық тармақтарын орындау үшін барлық шара қолданылып жатыр. Кәсіподақтарда егер даулы мәселелер туындай қалса,  оларды шешумен айналысатын комиссия құрылған.

Мемлекеттік органдар да компанияның еңбек жағдайларын жақсарту мен еңбекақыны көбейту, сондай-ақ жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау саласындағы жұмысы күшейтілгенін айтып отыр. Мәселен, 2021 жылғы 11 қарашадан бастап Келісім комиссиясы жұмыс істейді, оның құрамына «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, кәсіподақтар мен облыс әкімдігінің өкілдері кірген. 

Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, 2021 жылғы талаптар бойынша уағдаластықтарға қол жеткізіліп, жалақы 15 пайызға артты, 13-ші жалақы төленді және басқа да әлеуметтік мәселелер шешілді. Көмір өндіру жоспары да төмендетілді.

2022 жылғы қарашада Ленин атындағы шахтада болған қайғылы оқиғадан кейін Көмір департаментінің еңбек ұжымдары қосымша талаптар қойды. Барлығы 18 талап қойылды, оның 3-і – орталық мемлекеттік органдардың қарауында, 12-сі орындалды, 3-і орындалу үстінде. Келісім комиссиясы жұмысының нәтижесі бойынша мынадай шешімдер қабылданды: 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұжымдық шартқа сәйкес жалақыны инфляция деңгейіне сәйкес индекстеу жүргізіледі. 2022 жылғы 16 желтоқсанға дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ барлық жұмыскеріне 100 пайыз мөлшерінде 13-ші жалақыны төледі.

Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы басқармасы бүгінгі таңда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Ұжымдық шарты барлық мүдделі тараптардың ұсыныстары ескерілген, әрі барынша әлеуметтік бағдарланған шарттардың бірі екенін атап өтті.