Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаевтың айтуынша, теңіз жағасындағы қамыстың өртенгені 2 сәуірде таңертеңгі сағат 9.12 шамасында белгілі болған. Сол күні 85 гектарда қамыс жанған. Ал 3 сәуірде жалын шарпыған аумақ 89 гектарды құрады.
– Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс өртенді. Бұл – Атырау қаласының маңындағы Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтықтағы аумақ. Төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері 80 гектар аумақтағы өртті сөндірді. Бірақ жел екпіні мен батпақты жер жалынды сөндіруге қиындық келтіріп тұр, дейді Ж.Ақтаев.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы Ғани Ағыбаевтың дерегіне қарағанда, қорық аумағы 15 500 гектарды құрайды. Резерваттың аумағына Каспий теңізінің жағалауы да кіреді. Жағалаудағы қамыс өрті бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін жағалауды әлденеше рет жалын шарпыды.
– Кейінгі жылдары Каспий теңізінің суы кері қайтып, оның орны батпақ болып жатыр. Батпақты жердегі қамыс өртіне бірнеше фактор әсер етеді. Бұл – найзағай жарқылы мен адам факторы. Бұл жолғы өртке адам факторы әсер етуі мүмкін. Жел екпінінің үдеуі де жалынды өршітіп жіберді, деп мәлімдеді Ғ.Ағыбаев.
Мамандардың түсіндіруінше, батпақты жердегі жалынды сөндіруді кешеуілдеуіне бірнеше жайт әсер етеді. Біріншіден, жол талғамай, батпақты кешіп-ақ жүретін арнайы техника қажет. Бірақ дәл сондай техника төтенше жағдайлар департаментінде де, «Ақжайық» резерватында да жоқ болып шықты.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ж.Ақтаевтың мәліметіне сүйенсек, арнайы қызметтің балансында 140 техника бар. Оның ішінде «Трэкол», «Шерп» маркалы көліктер жол талғамайды. Мәселен, «Шерп» биіктігі 70 см құрайтын кедергілерден оңай өтеді. Суда жүзеді. Айдындағы судан мұз үстіне көтеріледі. Батпақта жүре алады. Дөңгелегінің диаметрі – 160 см. Құрлықта сағатына 45 шақырымды, ал суда 6 шақырымды еңсереді. Бірақ бұл көліктер өрт сөндіруге емес, батпақты, қарлы жерде, мұз үстінде, сондай-ақ суда авариялық-құтқару мен іздестіруге арналған.
– Департамент балансындағы техникалар қажетті көліктердің 45 пайызын құрайды. Былтыр 5 көлік, 2 автосаты сатып алынды, дейді Ж.Ақтаев.
Ал табиғи резерваттағы ахуал қандай? Резерваттың бөлім меңгерушісі Ғ.Ағыбаевтың айтуынша, өрт сөндіруге арналған ЗИЛ және УРАЛ көлігі, 4 мотопомпа бар. Жергілікті әкімдік арқылы 1 трактор, 1 қайық сатып алынған. Осының өзінен мемлекеттік табиғи резерват деген аты ғана болмаса, бұл мекеменің әп-сәтте бірнеше ондаған, тіпті жүздеген гектар аумақты тап-тақырға айналдыратын жалынға қарсы тұрар қауқары жоғы байқалады.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, мұнайлы өңірде «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның бір тікұшағы болған. Былтыр сол тікұшақ қамыс өртін сөндіруге тартылған. Алайда тікұшақ апатқа ұшырағаннан кейін жарамсыз болып қалған. Енді теңіз жағалауындағы өртті сөндіру үшін төтенше жағдайлар министрлігі арқылы Маңғыстау облысынан тікұшақ алдыруға шешім қабылданып отыр.
– Батпақты жердегі қамыс өрті өздігінен тұтанбайды. Бұған адами фактордың әсері тигені даусыз. Алдағы уақытта солтүстік Каспий аумағында балық аулауға, аңшылықпен айналысуға тыйым салу мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл үшін Каспий теңізі жағалауының Ресейдегі Астрахань облысы мен Маңғыстау облысына дейінгі аралығы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерват аумағына берілуі қажет. Ал табиғи резерваттың аумағында балық және аң аулауға тыйым салынған. Алдағы уақытта өрт тұтануы мүмкін аумақты ерте анықтауды қолға аламыз, деді Ж.Бисембиев.
«Жығылғанға – жұдырық» дегендей, атыраулықтар түтінге тұншығып жүргенде, 3 сәуірде Атырау қаласының іргесіндегі мұнай өңдеу зауытының мұржасынан қара түтін будақтады. Бірақ зауыт басшылығы ахуалды түсіндіру үшін жұртшылық алдына шыққан жоқ.
«Технологиялық режімнің ақауынан баяу кокстеу қондырғысындағы П-2 пешінде жану режімінің бұзылу фактісі тіркелді. Бұған жанармай газына сұйықтықтың түсуі себеп болған. Соның салдарынан жергілікті уақытпен сағат 10.32-де қысқа мерзімді түтіндеу орын алды. Түтін сағат 10.47-де толықтай сөндірілді. Сондай-ақ сағат 10.40-та және 11.10-да «KEGOK» АҚ тарапынан электр энергиясы кернеуінің төмендетілуіне байланысты хош иісті көмірсутектерді өндіру және гидрогенизациялық үдерістер өндірісі, технологиялық қондырғыларындағы динамикалық жабдықтардың бір бөлігі тоқтатылды. Кейін жабдық қайтадан іске қосылды», деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімінен.
Сол күні, яғни 3 сәуірде полипропилен өндірісі бойынша интеграцияланған газ-химия кешенінің мұржасында ауаға алау жағылды. Алаумен бірге қара тү- тіннің будақтағаны көрген жанды шошытқаны белгілі.
«KPI Inc.» ЖШС-нің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, электрмен жабдықтау желісіндегі ақаудың себебінен өндіріс жартылай тоқтап қалған. Бұған сағат 10.59 бен 11.11-де «KEGOC» АҚ желілерінде қысқаша тұйықталу себеп болған. Газ-химия кешенінде бірнеше жұмыс үдерісі апатты жағдайда тоқтатылған.
«Автоматты режімде өндірістің қауіпсіз тоқтатылуын қамтамасыз ету үшін жобаға сәйкес барлық технологиялық операция сақталды. Пропанды дегидрлеу қондырғысынан факелге шығарындылар жіберілді. Жағындының құрамы зиянсыз, газ плитасында жанатын газға ұқсайды», деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Каспий теңізінің жағалауында тұтанған қамыс өртінің салдарынан екі күн бойы Атырау қаласының аспанын түтін тұмшалап тұрды. Түтіннің иісінен көшеде жүру мүмкін болмады. Тұрғындар «басымыз айналды, жүрек айныды» деп әлеуметтік желіде шағымын айтты. Тіпті көшеге противогаз киіп шыққандар да табылды.
Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтің дерегіне жүгінсек, ауадағы жағымсыз иіс 24 наурызда біліне бастаған. Қазір облыста ауа сапасын бақылайтын 34 станса орналасқан. «Қазгидромет» АҚ өңірлік филиалының балансында – 11, Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі – 4, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясының иелігінде 19 станса бар.
«Қазгидромет» АҚ-ның мәліметіне сәйкес, биылғы 28 наурызда «Загородная», «Шағала», «Акимат», «Восток», «Жилгородок» ауа сапасын бақылау стансаларында күкіртті сутегі қоспасының шекті шоғырлану нормасынан 11-28 есеге артқаны анықталған.
Экологиялық департаменті Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Тухлая Балка», «Квадрат» булану алаңдарына сарқынды суларды ағызуға тыйым салу туралы талап арыз берген. Соттың 2021 жылдың 15 сәуіріндегі шешімімен «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ға сарқынды суларды «Тухлая Балка», «Квадрат» булану алаңдарына ағызуға тыйым салынған. Алайда «Атырау облысы Су Арнасы» сот шешімін орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішпен жүгінген. Соған байланысты сот шешімінің орындалу мерзімі биылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдырылған.
Дәрігерлер ауаның ластануы адам денсаулығына зиян екенін жоққа шығармайды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр туберкулезбен алғаш рет ауырған 397 адам анықталған. Бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған, бұл күндері №7 қалалық емханаға жетекшілік ететін Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, ауадағы жағымсыз иіс, әсіресе, созылмалы ауруларды асқындырып жіберуі мүмкін.
– Атырау облысында тыныс алу ауруына шалдыққан 130 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр. Демікпе сырқатына 100 мыңға жуық тұрғын шалдыққан. Біздің ауруханада тыныс алу ауруы бар 7 мың науқас тіркелген. Оның ішінде 29 бала бар, дейді Г.Таңбаева.
Облыстық білім басқармасы 3 сәуірде түстен кейін мектеп оқушылары мен колледж студенттерін онлайн оқуға жіберді. Себеп – ауадағы түтіннің жағымсыз иісі.
Бәрін айт та, бірін айт, қойнауы «қара алтынға» толы Атырау экологиялық апаттың алдында тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Сол себептен атыраулықтар өздерін сынақ алаңында тұрып жатқандай сезінеді. Алайда өңір экологиясының нашарлағаны жергілікті тұрғындардан басқа ешкімді алаңдатпайтыны ақиқат. Алайда Экология және табиғи ресурстар, денсаулық сақтау министрліктері мен облыстық әкімдік қоршаған ортаны бүлдіргендерге қарсы жедел шара қабылдауға, дабыл көтеруге асығар емес. Әлде әліптің артын бағып отыр ма?
Атырау облысы