Музей • 05 Сәуір, 2023

Ұлттық музейдің ұтымды дәстүрі

606 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі заман талабы – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан саналы ұрпақ тәрбиелеу. Әрине, бұл мақсатта қазір балаларға арналған түрлі орталықтар жұмыс істейді. Мұндай орындарда жас өскіндер қоғаммен араласып қана қоймай, өздерін жаңа қырынан да танып үйренеді. Жаңа тынысы ашылады. Яғни қосымша орталықтар мен үйірмелердің балаға берер пайдасы көп. Астана төріндегі Ұлттық музей де балаларға ұлттық тәрбие беру мен дамыту іс-шараларынан кенде емес.

Ұлттық музейдің ұтымды дәстүрі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз» дегеніндей Ұлттық музейде барлық жастағы балалардың қалыптасуы­на, дамуына бағытталған әртүрлі сабақ апта сайын өткізіліп тұрады. Бұл туралы Экскур­сиялық жұмыстар, музей педагогикасы және экспозициялық залдарды сақтау қызметінің басшысы Жанар Бейісова баяндады.

– Ұлттық музейдің басты бағыттарының бірі – еліміздің мәдениетін, тарихи ескерткіштерін танымал етуге бағытталған мәдени-ағартушылық саласы. Музей қорында, экспозицияларда ұлт тарихынан сыр шертетін бірегей экспонаттар шоғырланған. Мәдени-ағарту бағдарлама­сы­­ның аясында «Шаңырақ», «Тарихи тұлға», «Әсемдік­ке құштарлық», «Дана», «Музейдегі мектеп күні» секілді бірнеше жоба бар. Сонымен қатар музейге келу­шілердің барлық категориясымен жұмыс істейміз. Мәселен, мәдени-ағарту бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қолөнер ғаламшары» үйірмесі ашылды. Жыл сайын инклюзивті фес­тиваль ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ өткен жылы музейге келуші ерекше жандар үшін «Тактильді экспозиция» ашылған болатын және құлағы дұрыс естімейтін келушілерге сурдоаудармамен экскурсиялар да бар. Жалпы, мәдени-ағарту бағдарламасы аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Ал қазір Наурызға арналған ертеңгіліктер өткізілуде, балалардың қысқы, жазғы демалыс уақыттарымен тұспа-тұс келетін жобалар мен бағдарламалар да көп. Бұл уақыттарда оқушылар музейге тегін келе алады, – дейді.

Сондай-ақ аталған музей өкілінің ай­туынша, балалар өздері оқып, үйреніп, музей бойынша экскурсия жүргізетін «Мирас» үйірмесі жұмыс істеп тұр. Одан бөлек мектепке дейінгі балалардың музейді аралауына арналған «Балдырған гид» бағдарламасы бар. Музейдегі каникулдар балалар орталығында жүзеге асырылады. Ауқымды жобалардың бірі ретінде «Музейдегі мектеп күнін» жобасын атап өтуге болады. Яғни мұға­лімдер, ғылыми қызметкерлер оқушыларға күнтізбелік жос­пар­мен сабақ өткізеді. Мәселен, әр бейсенбіні «Тарих сабағы күні» деуге болады. Осы жоба аясында түсірілген бейнесабақтар да бар, оның барлығын сайт арқылы көріп, мектеп оқы­тушылары сабақтарында қолдана алады.

Музейдегі сондай үйірмелердің бірі – «Көр­кем бейнелеу өнері». Жетекшісі – Еуразия Дизай­­нерлер одағының, Қазақстан Суретші­лер одағының мүшесі Мұхтар Байбосын. Ал­ғашында 5 оқушымен өз жұмысын бастаған үйірмеге қазір келушілер көп. Аптасына екі рет өткізілетін сабақта оқушылар бейнелеу өнерінің графика, кескіндеме, мүсіндеу және композиция сияқты салаларымен танысып, жұмыс істейді.

Бүгінгі күнге дейін үйірме қатысушылары­ның көптеген байқауға қатысып, біраз жетіс­тік­терге жеткенін де айта кету керек. Жақын­да ғана ЮНЕСКО мектебінің ұйымдастыруы­мен өткен «Қызыл кітап балалардың көзімен» атты респуб­ли­калық байқауында үйірмеге қатысушы Таир Байменов үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал «Жыл басы – Наурыз» республикалық көркемсурет байқауында Айша Қасенова «Үздік сурет» номинациясын жеңіп алған.