Қоғам • 04 Сәуір, 2023

Ерекше балалардың өнер әлемі

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясында «Астана Операның» Күләш Байсейітова атын­дағы Камералық зал сахнасында «Күн барлы­ғына нұрын төгеді» атты қайырымдылық концерті өтті.

Ерекше балалардың өнер әлемі

Сазды кеште түрлі диагноздары бар балалар Майра Ілиясова, Светлана Айтбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Арайлым Рахымқызы, Әкімхан Мәженов, Ақбота Құснадин және Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушыларымен бірге өнер көрсетті. Айта кетейік, «Астана Опера» қайырымдылық іс-шарасымен он жылдан бері айналысып келеді.

– Мұндай іс-шараларды өткізу тәжірибемізде бұрыннан болғаннан кейін, балалардың жағдайына музыканың оң ықпал ететінін байқаймыз. Бәрі сахнаға шығатындарына мәз-мейрам күйде болады. Ал олардың ата-аналары бұдан да зор сезімді бастан кешіреді, олардың көздері қуаныштан жайнайды. Мұндай сәттерде осы балаларды бүкіл әлем қамқорлық пен ілтипатқа бөлесе екен дейсің, – дейді «Астана Опера» театры директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева.

Аталған концерт аутизмі бар балалардың ән айтып, билейтінін және музыкалық аспаптарда ойнай алатынын көрерменге паш етуді мақсат еткен. Сондай-ақ ең маңыздысы – шығармашылықпен айналысу балаларға қоғаммен біте қайнасуға көмектеседі.

Кеш бағдарламасы отандық және шетел композитор­ларының музыкасынан құрылды. Оның ішінде Вольфганг Амадей Моцарт, Иоганн Себастьян Бах, Шарль Гуно, Төлеген Мұхамеджанов, Ескендір Хасанғалиев, тағы басқалардың шығармалары бар. Осыншалық күрделі бағдар­ламаны орындау ерекше балалар үшін жоғары көрсеткіш саналады.

Сахнаға шыққан Дарын Әжмолдаев, Жігер Ахметқали, Нұрым Нарымбай, Ербол Зәкәрия, Ерасыл Зәкәриянов, Әділ Кенжебай, Амин Бижан, Ұлан Үсенәлиев, Гүлдана Акимова, Даниял Жуасов, Рахматулла Ділдахан, Ернұр Тұрмаханбетов өз мүмкіндіктерін барынша көрсетті.

Сондай-ақ қайырымдылық іс-шарасы барысында көрме ұйымдастырылды. Онда түрлі күрделі диагнозы бар балалар салған суреттер мен қолөнер бұйымдары ұсынылды. Бала­ларға көрмеге белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттар табыс етілді.