Құқық • 04 Сәуір, 2023

Құрық бойламаған қулық

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде интернет алаяқтарының қулығы түпсіз, құрығы ұзын болып тұр. Желі арқылы жұртты сазға отырғызып кеткендердің көбі арам ойын алыстан-ақ жүзеге асырады.

Құрық бойламаған қулық

Жұрттың «қаржыңды еселеп бе­ре­міз», «тиімді шартпен тауар неме­се­ несие алуға мүмкіндігіңіз бар» де­­генде құлай түсетінін біліп елдің тап­қан-таянғанын сыпырып алып отыр­ғандардың дені шекараның арғы жа­ғындағылар. Одан қалды полиция­ қызметкері болып «жа­қы­ныңыз қылмыс жасады, мынадай кө­лемде ақша берсеңіз, мәселені ың-шың­сыз шешеміз» деп те телефон шала­тын­дар бар.

Облыстық полиция департаменті криминалды полиция басқармасы бастығының орынбасары Рустам Сайділдинов қазір интернет алаяқтық әлемді әбігерге салып отырған мәселе екендігін айтады.

– Жыл басынан бергі алаяқтық қылмыстар көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 64 пайызға төмендеген. Екі айдағы тіркелген 29 деректің 23-і интернет алаяқтыққа қатысты болып отыр. Бұл бағыттағы қылмыс жасаған жанды табу қиын, анықталғанмен де желі арқылы жасалған шым-шытырық шырғалаңның шетіне шығу оңай емес. Сондықтан да тергеу жұмыстары ұзаққа созылады.

Халық интернеттегі алаяқтарға алданып қалмауы үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ІІМ-нің өңірлік департаменттерімен бірлесіп «Fingramota.kz» атауымен ресми сайт әзірленіп, көпшілік назарына ұсынып отыр. Күнделікті әлеуметтік желілерде түсіндірмелік мақалалар мен профилактикалық бейнероликтер жариялаймыз. Мұндай қылмысты болдырмаудың басты жолы – мұқияттылық. Тұрғындардан жеке куәлік деректерін, төлем карталары мәліметтерін пайдалануда абай болуға шақырамыз, – дейді ол.

Облыс бойынша жыл басынан бері тіркелген 29 деректің онына қатысты тергеу амалдары аяқталып, сотқа жолданыпты.

Естеріңізге сала кетейік, «Fing­ramota.kz» ақпараттық-түсіндірме сайты – Қаржы нарығын реттеу­ және дамыту агенттігінің ха­лық­тың қаржылық сауатын арттыру­ мақсатында іске қосқан жо­ба­­ла­­рының бірі. Қаржы жаңалық­тары, оқыту роликтері, бейнелі ақ­параттық графикасы және қаржылық сауаттылық бойынша басқа да ақ­па­­раты бар бірегей алаң қаржылық сауат деңгейі және қаржылық мүм­кіндіктері әртүрлі ауқымды ауди­то­рия­ға арналған.

 

ҚЫЗЫЛОРДА