Қаржы • 04 Сәуір, 2023

Желге ұшқан миллиардтар немесе қаржы пирамидасын қалай анықтаймыз?

427 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаржы пирамидалары не түрлі ұйымның атын жамылып, әралуан бейнеде көрініс беріп жатады. Содан да болар, аңдаусызда олардың құрығына түсетін адамның да қарасы қалыңдап барады. Қысқасы, қаржы салып, тезірек баю жолын ұсынған кез келген жобаға үлкен күмәнмен қарау керек. Шындап келгенде, алаяқ ұйымдардың белгісін тану да аса қиын іс емес.

Желге ұшқан миллиардтар немесе қаржы пирамидасын қалай анықтаймыз?

«Қаржы пирамидалары бірнеше түрге жіктеледі. Классикалық пирамидада бір адам келіп, ақшасын салып, артынан тағы 2-3 адамды алып келуі керек. Яғни кейін келген адамдардың есебінен бұрын келген азаматтардың қалтасы қалыңдайды. Бұл – классикалық түрі. Сонымен қатар желілік маркетинг атын жамылып отырған пирамидалар бар. Оларда тауар не мүлдем жоқ немесе бағасын шарықтататын тауарларды сату арқылы пайда табуды көздейді. Түрлі инвестициялық компа­ния­лардың атын жамылған қар­жы пирамидалары да бар. Олар көбіне құнды қағаздар нарығына ақша салуды ұсынып, тағы да басқа акциялар туралы айтып жатады. Адамның бұл саладан бейхабар екенін ақпарат жоқтығын пайдалана отырып, түрлі терминдерді жаудырып айтады. Қар­жылық сауаттылығы, қаржы сала­­­сын­дағы білімі өте жоғары болған азаматтардың өздері акция нары­ғында көбінесе ұтылып жатады. Сон­дықтан осыған мұқият болу керек», деді  Қаржылық мониторинг агент­тігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Кейінгі кезде пайда болған қаржы пирамида­сының тағы бір түрі – крипто­алаңдарда пайда табуды ұсыну. Спикердің айтуынша, мұның өзі белгілі бір дайындықты, белгілі бір жоғары сауаттылық пен білімді қажет ететін бірден-бір сала.

«Ең біріншіден, сізге ақшаны инвестициялауды ұсынып жатса, ең бастысы сол компания туралы толыққанды ақпаратты біліп алуыңыз керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында арнайы реестр бар, сол арқылы жеке тұлғалардан, яғни азаматтардан ақша тарту туралы лицензиясының бар-жоқтығын тексеріп алу керек. Одан кейін қазіргі ақпараттың қолжетімділігі заманында компания туралы кез келген ақпаратты алуға болады», деді.

Былтырдың өзінде 6,5 мың сайт бұғаттал­са, биыл жыл басынан бері 3 мыңға жуық сайт жұмысы шектелген. Сондай-ақ Қаржы­лық мониторинг агенттігі Телеграм мессенд­жерінде «Байқа, пирамида» деген бот жасап шығарды. Енді кез келген азамат қандай да бір әлеуметтік желінің немесе сайттың сілтемесін алып, сол ботқа жібере алады.

Агенттік басқарма басшысының орынбасары Андрей Давыдовтың айтуынша, адамдар, өкінішке қарай, тез және көп ақша табуға үміттеніп, алаяқтардың тұзағына түседі. Сондықтан желідегі тез табыс туралы барлық ұсыныстарға аса сақтықпен қарау керек.

«Әрбір қаржы пирамидасы төрт кезеңнен өтеді: бастау-өсу-дағдарыс-күйреу. Біздің міндетіміз – жалған қаржы компанияларын олардың жұмыс істеуінің ерте сатысында анықтауды қамтамасыз ету. Ол үшін мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың арнайы алгоритмі әзірленді», деді ҚМА өкілі.

Сондай-ақ ол жасанды зерденің қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларды ұстауға көмектесетінін де атап өтті. Спикердің айтуынша, IT құралдарын пайдалана отырып, интер­нет кеңістігінде (жаңалықтар порталдары, блог­тар, сайттар, әлеуметтік желілердің аккаунт­тары) заңсыз контентті іздеу жүзеге асырылады.

«Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасының Қаржылық  мониторинг агенттігі (ҚМА) қаржы пирамидаларына жазылушылардың нысаналы аудиториясымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын мақсатты жүргізуге мүмкіндік беретін талдамалық жүйені енгізді. Биылғы 5 айда 39 мың ескер­ту хабарламасы жіберілді. Күдікті аккаунт­тардан 38,2 мың адам бас тартты. ҚМА жүйесінде қаржы пирамидасының арнайы модулін іске асыру жоспарлануда. Ол әлеуетті қатысушылар ұйымдарының қосы­луын анықтауға қабілетті, өңірлер бөліні­сінде қаржы пирамидаларының өзін қарастыру көзделген, сондай-ақ олардың таралу ошақтары анықталады», дейді.

ҚМА өкілі атап өткендей, қазіргі заманғы қаржы пирамидаларының қызметі бүгінде ұлттық шеңберден шығып отыр, осыған байланысты шетелдегі алаяқтық элементтер жандануда. Мәселен, соңғы екі жылда Қазақстанда «Q-net», «Finico», «Antares» сияқты трансұлттық жобалар анықталды.

«Биыл Алматыда елімізде «Innova Gold» қаржы пирамидасын ұйымдастырған транс­ұлт­тық қылмыстық топ анықталды. Олар 1,3 мың салымшыдан 1 млрд теңгеден астам қаражат тартқан. Компания қызметі лицензия негізінде Еуропадан алтын құйма­ларын импорттаумен байланысты болған делінген. Іс жүзінде бұған лицензиясы болмаған», деді А.Давыдов.

Қаржы пирамидалары саласын­дағы транс­ше­каралық қылмыстың алдын алу үшін ҚМА халықаралық байланыстар орнатып жатыр. Осылайша, ТМД елдерінің салықтық зерттеулер органдарының үйлестіру кеңесінің алаңын­да Қазақстан трансшекаралық қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобын құруға бастамашылық жасаған. Барлық қатысушылар бұл ұсынысты қолдады. Биылға арналған өзара іс-қимыл және жоспарлау тетігі әзірленуде, деректер алмасу жүріп жатыр, өңір үшін жалпы қауіптер анықталуда.

«Жиналған мәліметтер ұлттық деңгейде, оның ішінде сайттар мен аккаунттарды бұғат­тау жолымен шұғыл шаралар қабылдау үшін пайдаланылатын болады», деді ҚМА өкілі.