Үкімет • 05 Сәуір, 2023

Мақсат – Президенттің тапсырмаларын тиянақты орындау

350 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.

Мақсат – Президенттің тапсырмаларын тиянақты орындау

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқару­шы Марат Қарабаев, Энергетика министрінің  міндетін атқарушы Болат Ақшолақов, Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ажар Ғиният, Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Ғани Бейсембаев, Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы Асхат Оралов өз бағыттары бойынша жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

Премьер-министр Үкімет жұмысы­ның негізгі басымдықтары елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы және халық­тың өмір сүру сапасын арттыру екендігін атап өтті. Мемлекеттік органдар Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруда және Парламенттегі басым көпшілік «Amanat» партиясының бағдарламасын орындауға кірісті. Бұл ретте Мәжіліске өткен бар­лық партиялармен бірге белсенді жұмыс жүргізілетін болады.

«Біздің алдымызда биыл экономи­калық өсімді 4%-ға, ал орта мерзімді перспективада 5%-ға дейін жеткізу мін­деті тұр. Экономикалық саясат бірін­ші кезекте, бизнесті қолдауға бағыт­талуы тиіс. Бұл орайда, негізгі сала­ларға тартылатын отандық және шетелдік инвестициялардың көлемін ұлғайтуымыз керек» деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, жыл соңына қарай, инфляцияны 2 есе төмендетуге, экспорттық әлеуетті, жаңа технология­ларды дамытуға, заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шараларды іске асыруға ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, Үкімет алдында инфляцияны ескере отырып, халықтың жалақысының 4,6% деңгейінде нақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл ретте жұмыссыздық 4,8%-ға дейін төмендеуге тиіс.

«Барлығымыз осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет», деп атап өтті ол.

Премьер-министр сонымен қатар азаматтардың талап-тілектері мен өтініштеріне дер кезінде жауап беру бо­йынша жүйелі әрі нәтижелі жұмысты талап етті, олардың дені негізінен жұмыс­пен қамту, табысты арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және тіршілікке қажетті инфрақұрылым нысандарына қатысты.

Сонымен қатар ол әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеуге жаңа тәсілдерді қолдану қажет­тігін атап өтті. Оның ішінде өнімсіз делдалдарды жою, форвардтық сатып алуды белсенді қолдану және кәсіпорындардың кредиттік қаражатқа қолжетімділігін кеңейту қажет.

«Сауда, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­ліктері маусымаралық кезеңде ба­ғ­аны тұрақтандыру бойынша қосым­ша ұсыныстар беруге тиіс», деп атап көрсетті Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы тұрғындардың тарапынан айтылған арыз-шағымдар­дың көп бөлігі энергия объектілері мен жылу желілерінің жағдайына қатысты болғанын еске салды. Осыған байланыс­ты биылдан бастап оларды жөндеу және реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыс басталады.

Премьер-министр ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету және олардың бағасы туралы мәселелеріне жеке тоқталды.

«Елімізде жанар-жағармай өндіру жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар оны тұтыну көлемі де арта түсуде. Бірақ ол ішкі тұтыну көлемінің өсуімен байланысты болып отырған жоқ. Бағасы айтарлықтай арзан болғандықтан, біздің отынды көрші елдерге тасып әкету үрдісі белең алды», деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, бензин құны Ресейде 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 100%-ға жоғары. Салдарынан біз жанармай тапшылығына, әсіресе егін жұмыстарын дизель отынымен қамта­масыз етуде елеулі қиындықтарға кезі­гіп отырмыз. Бүгінде отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде.

«Бензин мен дизель отынының баға­сын одан әрі ұстап тұру елдің энерге­тикалық қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін. Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз. Бізде бұдан басқа жол жоқ. Әйтпесе, бір айдан кейін жанармай тапшылығына тап боламыз», деп атап өтті ол.

Премьер-министр Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларын орындау шең­берінде: Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Сауда министр­ліктері қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шараларды іске асырудың тиімділігін арттыруы, Сыртқы істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвес­тиция тарту рәсімдеріндегі қордаланып қалған жүйелік проблемаларға жан-жақты талдау жүргізу және 1 ай мерзімде оларды жою жөнінде нақты ұсыныстар енгізу керек екенін атап өтті. «Атамекен» ҰКП-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, шағын және орта кәсіпкерлікті экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналдыру үшін оны қолдау бойынша кешенді жоспар әзірлеу керек.

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта биз­нес-қоғамдастықпен бірлесіп мем­ле­кеттің түсінікті және болжамды фискал­дық саясатын қамтамасыз етуге мүм­кіндік беретін жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу жүргізіліп жатқанын еске салды.

«Салықтық әкімшілендіру толығы­мен тәуекелдерді басқару жүйесіне негіз­делуі керек және бақылауды барын­ша цифрландыру қажет. Бюджет кодексі­нің жобасында мемлекеттік борыш­тың өсу проблемаларын шешуге, Ұлттық қордан берілетін трансферт­терді төмендетуге, сондай-ақ барлық деңгейдегі бюджеттерді игерудің тиімді­лігін арттыруға бағытталған түзетулер көзделуге тиіс», деді ол.

Үкімет басшысы елден Заңсыз шыға­рылған активтерді мемлекетке қай­тару жөніндегі заң жобасын Пар­ламентке уақтылы енгізілуінің, сондай-ақ стратегиялық жоспарлау сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Атап айтқанда, сарапшылар мен бизнес өкілдерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуі тиіс.

Экономиканың нақты секторындағы міндеттерге көше отырып, Премьер-министр Тауар газын тиімді және ұтымды тұтыну жоспарын әзірлеу, депутаттық корпуспен жылу және электр энергетикасын реттеуге бағытталған заң жобаларын сапалы пысықталуын қамтамасыз ету және барлық коммуналдық инфра­құ­рылымның тұрақты жұмысын қамта­масыз ету үшін олардың алдын алатын шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Біз қазірдің өзінде энергия қадағалау қызметін күшейтіп жатырмыз, сондай-ақ энергия кәсіпорындарының бірінші басшыларының жауапкершілігін арттырамыз. Тұтастай алғанда, елдің орнықты ин­фрақұрылымдық каркасының ұлт­тық жоспарын әзірлеуге тиіс. Онда инф­рақұрылымдық дамудың барлық негізгі мәселелерін ашып көрсетіп, 2029 жылға дейінгі негізгі жобаларды белгілеу қажет», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар оның айтуынша, Су кодексінің әзірленіп жатқан редакциясында, әсіресе ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді басқару және су қорын үнемдеу бойынша түбегейлі жаңаша көзқарас қажет. Сонымен қатар Құрылыс кодексі арқылы құрылыс сала­сындағы барлық құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюы қажет. Премьер-министр азаматтардың тарапынан қажеттіліктің өсуін ескере отырып, тұрғын үй саясатын қайта қарау қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, шекара маңындағы аудандарға қоныс аударғысы келетін азаматтар үшін тұрғын үй бағасын арзандатуға көңіл бөлу керек.

Үкімет басшысы атап өткендей, шекара маңындағы аудандарды дамытуда тиісті инфрақұрылымды басым қар­жы­ландыруды қамтамасыз ету және жер­гілікті тұрғындарды қолдаудың жаңа шараларын көздеу, оның ішінде жалақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге үстемеақылар мүмкіндігін қарастыру маңызды.

Әлихан Смайылов сонымен қатар заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін агробизнес субъектілерін қолдау құралдарын жылдам жетілдіру есебі­нен геологиялық саладағы рәсім­дерді жақсарту және оңайлату қажетті­гін атап өтті. Мысалы, «Ауыл аманаты» жаңа бағдарламасы жеке қосал­қы шаруашылықтарды дамытуға жеңілдік­пен кредит беруді көздейді, бұл да ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Мәселелердің әлеуметтік блогына көше отырып, Премьер-министр мүгедектігі бар және оларға күтім жасай­тын, сондай-ақ асыраушысынан айы­рылған адамдарға төленетін жәр­дем­ақылардың мөлшерін арттыруды және төлеуді қамтамасыз етуді, сон­дай-ақ зиян­ды еңбек жағдайындағы жұмыс­шылар үшін арнайы төлемдер енгізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Оның айтуынша, мұғалімдерді «қағазбастылықтан» арылтып, есеп беру жүктемесін азайту, экономиканың түрлі секторларынан бизнес өкілдерін тарта отырып, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды пысықтау қажет.

ҚР МСМ желісі бойынша Үкімет бас­шысы бұқаралық спортты дамыту­дың, саламатты өмір салтын насихаттау­дың, отандық фильмдердің үлесін арт­ты­рудың, сондай-ақ әдебиетті басып шығару мен таратуды ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Туристік саланың әлеуетін арттыру үшін Мәдениет министрлігіне инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сервисін жақсарту және осы салада бизнес жүргізу үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау мәселелерін пысықтау тапсырылды.

«Біз Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған барлық міндеттерін орындауға тиіспіз. Шынайы бәсекеге негізделген нарықтық шарттарды және экономиканы демонополизациялауды қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды жаңғыртуымыз қажет. Әділетті әрі ашық салық жүйесін қалыптастырып, бюджет саясатын жетілдіруіміз керек. Еліміздің бүкіл өндірістік әлеуетін пайдаланудың, адам капиталының сапасын арттырудың маңызы ерекше. Ұзақ мерзімді перспективаға арнал­ған барлық стратегиялық міндеттерді жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерді ескере отырып жүргізу қажет», деп қорытындылады Әлихан Смайылов.