Республикалық және өңірлік институттарда біріккен қазақ тілі мен әдебиеті кафедралары Тәуелсіздіктің қарсаңында ғана ашылды. Бірақ бәрі де оңай болған жоқ. Ақмола университетінде осы кафедраны ұйымдастырудың басында марқұм профессор Шолпан Мертешова тұрды. Оқу орны басшылығы ҚазМУ, ҚазПИ, ҚарМУ-дан жас мамандар шақырып, рухани «тың игеруді» бастады. Қарлығаш Байтанасова – тарихи Абай университетінің түлегі.
Бүгінде ол – ЕҰУ-да «ЖОО-да қазақ әдебиетін оқыту», «Әдебиеттанудың өзекті мәселелері», «Әдебиеттегі ағымдар мен мектептер», «Мәтіннің әдеби-теориялық негіздері», «Эмигранттық әдебиет» курстарынан дәріс оқитын тәжірибелі ұстаз. Қолы қалт етсе, салаға қажетті оқулық пен әдістеме құралдарын жазады.
Айталық, 2014 жылы бірлесіп жоғары мектепке арналған «Қазіргі кезең әдебиеті» атты оқулық дайындадық («Фолиант» баспасы). Жұмыс барысында оның еңбекқорлығына, ізденгіштігіне, әдістеме мен тәлімгерлікті тең меңгергеніне куә болдық.
Қарлығаштың «Сәбит Мұқанов шығармаларындағы фольклорлық дәстүр» атты зерттеуі (Астана, 2004) ғылыми қауымға белгілі. Ол осы кітабында жазушы жинаған халық мұрасын байыпты қарастырып, ғылым талабына сай саралап-салғастырып, жүйелі танып-талдай алған. Әсіресе, С.Мұқановтың батырлар жыры мен ғашықтық жырлардың мәнін, табиғаты мен тарихын, бастапқы кезеңі мен шарықтау тұсын, халық өміріндегі орны мен кезеңдік сипатын зерделеуін жаңаша қарастырады.
Кітап құрылымы да назар аудартады: 1) «С.Мұқанов шығармаларындағы фольклорлық жанрлар мен сюжеттер»; 2) «Ақын шығармаларында фольклорлық кейіпкерлердің бейнеленуі»; 3) «Қаламгер туындыларындағы фольклорлық амал-құралдардың көркемдік қызметі».
Алғашқы тарауда әдебиет пен фольклордың тарихи байланысын, ерекшелігін, ортақ өзекті мәселелерін қарастыруы сәтті шыққан. Осы ретте: «Әр дәуірде әдебиеттің фольклорға бет бұруы, күрделі тарихи заңдылықтардың ашылуы, ақын-жазушылардың фольклордың нақты, тарихи, мәнді кезеңдеріне назар аударуы оның басты ұлттық ерекшелігін, халықтығын танытудағы бірден-бір құрал болғандығын көрсетеді» деген тұжырымы ерекше дер едік.
Зерттеуде фольклор мен әдебиеттің айырмашылығы, эстетикалық жүйе ретіндегі ерекшелігі, өзара әсер үдерістері әр кезеңде әрқалай көрініс бергені қарастырылады. Маңыздысы – С.Мұқанов шығармашылығында фольклор тарихы мен оның өзекті мәселелері кеңірек талданып, елеулі ізденістері әдебиеттанудың нысанасына айналады. Зерттеуші жазушының «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» атты мақаласына тоқталып, ел әдебиеті мен жазба әдебиеті мәнін жан-жақты ашады. Айталық, шыншыл ертегілерде ұшырасатын Тазша баланың іс-әрекетін, айла-тапқырлығын, озбырларды әзіл-әжуа, күлкі арқылы мұқатып, әділетке жол ашатын тұстарын айрықша атайды. Қазақ қоғамының қатпар-қатпар жігін бейнелейтін Мырқымбай, Шоқпыт, Қозыбақ, Қарашұнақ сынды қағажу көрген кейіпкерлерін замана шындығымен астастыра парықтайды.
Кітапта оқырманға әсер беретін бір сала ізденіс – С.Мұқанов шығармашылығында қанатты сөздер жүйесі туралы. Жазушы ұлт мақал-мәтелдерінің семантикалық және эстетикалық орын-үлесіне, жанама һәм тура мағынасына (тұспал, ишара) мән бергені қарастырылады. Сондай-ақ С.Мұқанов шығармашылығындағы «Батырақ», «Жалшы», «Жетім қыз», «Сұлушаш», «Жұпархан» сынды аңыз-ертегі желісіндегі туындылардың идеялық-көркемдік сапасы, сюжеттік мәні, тілдік-стильдік сипаттары сәтімен зерттелінген. Классиктің өлеңдері мен поэмаларындағы фольклорлық элементтердің мәні, жаратылыс сырлары, қоршаған ортамен байланыс сипаттары, танымдық қасиеті де біршама айқындалған.
Ғалым жазушы мұрасындағы «мыстан», «пері», «шайтан», «албасты» ұғымдарын қорлықтағы халықтың талғамына сай қолданғанын, сондай-ақ «тәңірі», «темірқазық», «бақ», «тұлпар»,«қыран» ұғымдарды жаңа заманға сай алғанын дәлелдейді.
Қ.Байтанасова фольклор мен әдебиет арасындағы байланыстың тарихи мәні мен сипатын, жаңашылдық-жасампаздық қасиетін, поэзиядағы өлшемдерді, өлең өрімі мен мазмұн мәнін салыстыра зерттегені де оқырманды тәнті етеді. Осы еңбекте С.Мұқановтың «Поэзия мәселесі» атты мақаласы көркемөнер табиғатымен етене сөз етіліп, фольклор мен әдебиет арақатынасын ашудағы ұстанымы жан-жақты жазылған. Осы ретте Қарлығаш Медетқызының әйгілі қаламгер мұрасын, ондағы фольклорлық дәстүр тарихнамасын әдебиеттану аясында қарастыруы, дереккөздермен байытып, ғылыми-шығармашылық тұрғыдан зерттеп-зерделеуі жалғасын табады деп сенеміз.
Профессор Қ.Байтанасованың елеулі бір еңбегі – «Эмиграция әдебиетіндегі идеялық-көркемдік сабақтастық» атты монографиясы. Бұл – бұрын аз қозғалған тақырыпқа арналған ғылыми еңбек. Ғалымның тұжырымдамасы тұрғысынан қарасақ, қазақ әдебиетіндегі эмиграциялық әдебиеттің бастау-тұмасы XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғармен соғыс кезеңінде жатыр. «Ақтабан шұбырынды» заманындағы жырлар – ұлттың рухани жадының көрінісі. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп басталатын қайғылы жыр жолдары ел көкейінде жатталды. Оның арғы тамыры Асан қайғының «Жерұйық» іздеуі, Қорқыт атаның «Өліммен күресі» секілді әпсанаға барып тіреледі. «Зар заман» уақытындағы Жүсіпбек, Кәрібай, Албан Асан, Әсет, Ақыт, Көдек сынды ақындар мұрасының мәні де – ел мен жер тағдыры, туған топырақ, рух, дәстүр парасаты. Әйгілі үркіншілікке амалсыз әкелген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 20–30 жылдардағы саяси қуғын-сүргін, ұжымдастыру кезеңінде де жалғасты. Төңкерістің алды-артында Жетісу қазақтары – Құлжа, Шығыс Қазақстан қазақтары – Алтай, Тарбағатай арқылы Қытай жеріне үдере көшті. Әуелі сол жерде атақонысында отырған қазақтарды пана тұтып, кейін біртіндеп сіңді. Әйгілі большевизм зардабы бір бұл емес. Оңтүстік, Батыс қазағы бүгінгі Өзбекстан, Тәжікстан жеріне дейін, одан әрі Иран, Ауғанстанға қарай босты. Зайырлы эмиграцияның ірі өкілі – Түркістан бірлігі қозғалысының көсемі Мұстафа Шоқай. Оның 12 томдық мұрасы – телегей теңіз зерттеу нысанасы.
Эмиграциялық қазақ әдебиетінің байсалды арнасы – Алтайдан Анадолыға дейін жеткен көштің тағдыры. Алтай қазақтарының Қытай үкіметімен соғыса жүріп, ханзудың Гансу, Шиңхай жерлеріне қоныс аударып, одан Гималай асып, Пәкістан, Үндістан еліне қинала жетіп, ақырында Түркия Республикасының бауырлық ыждағатымен Анадолы жұртында аялдауы – ұлт әдебиетінің кейінгі «зар заманы», бәлкім өршіл рух заманы. Бұл ретте Халифа Алтай, Хасан Оралтай сынды біртуар тұлғалардың еңбегі, кешегі марқұм Қабдеш Жұмаділов қаламынан туған «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр», Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай», Зейнолла Сәніктің «Сергелдең», Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары», Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романдары, Жәркен Бөдешұлы мен Серік Қапшықбайұлының жырлары эмиграциялық әдебиеттің сан қатпар үдерісін сезіндіреді.
Зерттеуші Қ.Байтанасова осы тақырыпқа батыл ғылыми көзқараспен барған. Әсіресе күрескер жазушы Хасан Оралтайдың «Қазақ түріктері» «Ұлы түрікшіл Мағжан Жұмабайұлы», «Шығыс Түркістан тарихындағы басты мәселелер», «Елім-айлап өткен өмір» атты еңбектеріндегі Алаш мұратына, Мағжан мен Мұстафа жолына, Түркі бірлігіне адалдығын жан-жақты саралайды.
Қарлығаш Медетқызы кейінгі жылдары жоғары оқу орындары филология мамандықтарына арналған «Қазақ әдебиетін мектепте оқыту үдерісін ұйымдастырудың инновациялық технологиялары мен әдістемесін», «Қазақ әдебиетін мектепте оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемесін» даярлауға да үлес қосып жүр. Бұл оның тәлімгерлік сапасын, деңгейін көрсетеді. Сала министрлігі ғалымға 2018 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын берсе, 2025 жылы «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
профессор,
Гүлназ САҒЫНАДИНА,
PhD