Еңбек • Бүгін, 09:00

Қарашығанақтың «кіндігін кескен»

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүниежүзі бойынша газ қоры жөнінен үздік ондыққа кіретін Қарашығанақ кен орнын кім ашқанын білесіз бе? Оралдық ғалым Сухан Камаловты әріптестері «Қарашығанақтың өкіл әкесі» деп атайды.

Қарашығанақтың «кіндігін кескен»

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Көрнекті геолог-мұ­найшы, Қара­шығанақ кенішін ашқан ал­ғаш­қылардың бірі, геология-минералогия ғылым­дарының докторы, Ұлттық ғылым ака­демия­сының академигі, Орал қала­сының, Бөрлі, Қазталов аудан­дарының құрметті азаматы Сухан Мақсотұлы Камалов 1935 жылғы желтоқсанда Орал облысының Қазталов ауда­нына қарасты шалғайдағы Асан­құ­дық ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасында туып-өскен қара бала еңбекпен есей­ді, тағдыр тауқыметімен ерте шынықты. Бала жасынан білім­паз­дығымен, талап-талпынысымен көзге түсті. 1954 жылы Қазталов орта мектебін күміс медальмен бітірген бозбала сол кездегі ең беделді мамандықтың бірі – геология саласын таңдап, алыстағы Алматыға жол тартты. Осылайша, Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанған жас ғалымның ұзақ та ұлағатты ғұмыры басталған еді.

Сухан Мақсотұлы еңбек жолын 1959 жылы геологиялық партия құрамында коллектор ретінде бастады. Жігерлі жас маман бірден көзге түсіп, мансап сатысымен көтеріле берді. 1960 жылдардың ортасында Қазақ КСР Геология министрлігінің бас геологі қызметіне тағайын­далды. 1964 жылы Орал мұнай барлау экспедициясының бас геологі болып, кейін Ақтөбеге осындай қызметке ауысады. Сухан Камалов Каспий маңы ойпаты аумағынан жерасты қазба байлығын іздестірудің келешегі зор екенін қайта-қайта дәлелдеумен болған. 1973 жылы Ленинград мұнай ғы­лы­ми зерттеу институтында кандидаттық диссертациясын қорғаған кезде де өзінің осы ойын негіздеген екен. 1975 жылы Оралға қайта оралған бас геолог Ақжайық өлкесінің төрт құбыласын түгел шарлады. Әуке­тай шағыл, Болған мола, Теплов, Токарев, Батыс Теплов, Тас­қала мұнай-газ орындарының геологиясын зерттеді.

Сухан Камаловтың елдегі бірнеше кен орнын ашуға тікелей қатысы болғанымен, бас­ты бағыт Қарашығанақ болды. Қарашығанақ картаға алғаш рет оның қолымен белгі болып түсті. Осы жерде мол байлық барын жария етіп, Қарашығанақтағы П-10 ұңғымасын бұрғылауды табанды түрде ұсынды. Ұңғыманы бұрғылауды кейін Социалистік Еңбек Ері атанған С.Лапшиннің бригадасы 1978 жылғы 27 сәуірде бастаған. 1979 жылғы 19 наурызда Қарашығанақта 3906–3937 метр тереңдіктен газ конденсатының алғашқы бұрқағы атылып, елі­міздің тәуелсіздігінің тұғы­ры­на айналған көмірсутек шикіза­ты­ның мол қоры ашылды. Бұл – Сухан Мақсотұлының ең бас­ты еңбегі, өміріне өшпес із қалдырған елеулі табысы.

Әлі есімде, 2000 жылдардың ба­сында Батыс Қазақстан об­лысының әкімі болған Қырымбек Көшербаев облыс орта­­лы­ғынан 6 пәтерлік элита­лы үй салдырып, өңірдің ең танымал мәдениет-өнер қай­рат­­­­кер­леріне сыйға тартты. Ақұштап Бақтыгереева, Тұяқ­бер­ді Шәмелев, Қатимолла Бердіғалиев, Жанғали Нәби­ул­лин сынды майталман­дар­дың қатарында Сухан Кама­лов та болған еді. Сахнада жиі көрі­нетін ақын немесе өнер қайрат­керлеріндей емес, Сухан Мақсот­ұлының есімі мен өмір жо­лын сол кезде жақынырақ танып едік.

«Егер әрбір қазақ Сухан Мақсотұлы сияқты туған еліне үлкенді-кішілі еңбек етсе, қандай керемет болар еді, шіркін!» депті бүгінде өзі де еңбек ардагері бол­­ған қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев Оралға жол­даған жеделхатында.

Жақында Орал қаласын­дағы «Атамекен» өнер ордасы­ның көрме залында «Қарашы­ға­нақ­тың кіндігін кескен Камалов» атты ғажап көрме ашылған еді. Егемен елдің экономикасына ерен үлес қосып отырған кеніш­­тің авторына құрмет көр­сетуге алыс-жақыннан ғалым­ның әріптес достары, отбасы мүшелері де келді. Көрмеге об­лыстық тарихи-өлкетану му­зейі­­нің қорынан ғалымның өзі тұ­тынған бұйымдары, құжат­тары, көптеген құнды жәдігер қойылды.

Қарашығанақ кен орны КСРО кезінде ашылып, игеріле бас­тағанымен, Одақ тараған соң бұрынғы байланыстар үзіліп, барлық жерде тоқырау басталған еді. Әсіресе жас мемлекетке әлемдік нарыққа газ және газ кон­денсатын өткізу мәселесі өте қиынға соқты.

Бастапқыда Қарашығанақ шикізаты Орынбор газ өңдеу зауыты арқылы қайта өңдеуден өтетін. Экономикалық байланыс құлдыраған кезде «Қара­­шы­ғанақгазпром» басқармасын басқару Сухан Камаловқа сеніп тапсырылды. Мұны қазір «дағ­дарыс менеджері» деп атап жүр­міз ғой. Ол кезде өзара қарыз өсіп, жұмысшылар бірнеше айлап жалақы алмайтын. Ең басты міндет мамандар мен құрал-жабдықты сақтап қалу еді. Сухан Камалов осы сынақтан абыроймен шықты. Қарашығанақ кен орнын игеруге шетел инвесторларын тарту жөнінде тарихи шешім қабылданған сәтте сол кездегі Президенттің алдында Қарашығанақтағы жағдайдың мәнін баяндаған Сухан Камалов болатын.

1991 жылы С.Камалов ҚазКСР Геология және кен қой­­науын қорғау жөніндегі мем­ле­­кеттік комитет төрағасы­ның бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бір жылдан кейін «Қазақгаз» холдингі құрамындағы «Қарашығанақ­газ­өндіріс» бірлестігіне бас­шы­лық етті. Ол 80-ге жуық ғылыми ең­бектің авторы еді. Сухан Мақсотұлы – еліміздің мұнай және газ кен орындарының картасын жасаған адам. Әріптес­терінің, мамандардың айтуынша, бұл картаның күні бүгінге дейін практикалық маңызы өте зор.

Сухан Камалов қалтқысыз қыз­метімен, адал еңбегімен сый-құрметке бөленді. Даңқты геолог КСРО кезінде «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерін, еліміз тәуелсіздік алған тұста «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерін өңіріне тақты. 2003 жылы Ұлт­тық ғылым академиясының ака­демигі атанды. Оның мұнай-газ кен орындарының картасын жа­саған ісін атақты Қаныш Сәтбаев­тың еңбегімен салыстырып, «Ақжайықтан шыққан Сәтбаев» дейтін жастар да бар екен.

Сухан Мақсотұлы 2018 жылғы 29 желтоқсанда 83 жасын­да дүниеден озды. Бірақ оның есімі, еңбегі ұмытылмақ емес. Осындай тұлғаны ұлықтап, өмі­рін кейінгі ұрпаққа өсиет-өнеге ету – біздің және келешек буын­ның парызы.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қауқарлы құс фабрикасы

Экономика • Бүгін, 09:05

Талап пен тәжірибе

Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 08:55

Қазақ тойының төлқұжаты

Руханият • Бүгін, 08:53

Бір тәулікте – 8,3 миллион дана

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:45

Тәлімгер тәлімі

Қоғам • Бүгін, 08:38