Қаржы • 05 Сәуір, 2023

«HAS Holding» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«HAS Holding» қаржы пирамидасының ұйымдастырған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz

«HAS Holding» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті хабарлағандай, ұйымдастырушылар сенгіш азаматтарды инвестициялауға итермелеп, салынған соманың 70%-ы ай сайын пассивті табыс ретінде қайтарылатынын айтқан. Бұл қаржы пирамидасы өзін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде көрсетті.

Салымшылармен «Upgrade-AS», «Holding AS», «XAS-Logistic», «light-AS» және басқа да компаниялардың атынан келісім-шарттар жасалды.

Салымшылар үшін міндетті шарттардың бірі 180 000 теңгеге Қытайдан әкелінген тұрмыстық тауарларды сатып алу болды.

Бұл ретте салымшылар алдында жұмысының көрінісін жасау үшін алынған ақшаның бір бөлігі салымшыларға сыйақы ретінде бағытталған. Алайда салымшылар алған сыйақысын пирамидаға қайта салып отырған.

Ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жалған акция ұйымдастырып, Астана мен Қосшыда көпқабатты үйлер салғанын көрсеткен, ол үшін құрылыс декорациясы жасалып, арнайы техника жалданды.

Осылайша, пайдаға кенелген алаяқтар бірқатар жылжымалы және жылжымайтын мүлік (жер телімдері, пәтерлер, автокөліктер) сатып алып, оларды жақын туыстарының атына рәсімдеген.

Аталған қылмысты жасады деген күдікпен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған қатысты соттың санкциясымен «қамау» бұлтартпау шарасы таңдалды.