03 Шілде, 2014

«Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен»

314 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
атты халықаралық бәйгенің қорытындылары шығарылды Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан журналистер одағы «Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» атты халықаралық бәйгенің қорытындыларын шығарды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Бәйге заманауи Қазақстанның экономикасы, мәдениеті, өнері мен көпжақтылығы жөнінде шетелдік БАҚ-тардың сапалы, объективті мате­риалдарын алу мақсатында, сонымен қатар, осы тақырыптар аясында айтарлықтай жарқын репортаж, очерк және сараптамалық-талдау ма­териалдардың авторларын ынталандыру мақсатында 2014 жылғы 1 сәуір мен 15 маусым аралығында өткізілді. Географиялық тұрғыдан бәйге Оңтүстік және Солтүстік Америка, Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және ТМД елдерінің журналистерін қамтыды. «Эйр Астана» және «Rixos Almaty» қонақ үйі бәйгеге демеушілік етті. Бәйге ережелеріне сәйкес жоғарыда аталған аймақтардан бір-біреуден бес жеңімпаз анықталып, оларға жүлде ретінде Алматы, Астана немесе Бурабайға сапар ұйымдастырылатын болады. Бәйге жеңімпаздарына ұшып келу/кету, тұратын орын, мәдени бағдарлама, ресми тұлғалармен, ғалым­дармен, сарапшылармен және журналистермен кездесулер ұйым­дастыру қарастырылған. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Қазақстан журналис­тер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев, «Rixos Almaty» қонақ үйінің бас менеджері Ибрагим Челикт және «Эйр Астана» АҚ-тың қоғаммен байланыс жөніндегі вице-президенті Белла Тормышевадан құралған бәйге комиссиясы 23 елден келіп түскен 42 жұмысты бағалады. Америка елдерінен жеңімпаз болып әр түрлі елдерден бола тұра бірін бірі тапқан адамдардың тағдыры туралы әсерлі мақала жазған, сонымен қоса, Қазақстан мен Гаяның кейбір дәстүрлерінің, әсіресе, ұлттық асханаларының ұқсастығын сайтта (www.kaieteurnewsonline.com) сипаттай білген Гаянаның журналисі Нил Маркс (Neil Marks) анықталды. Еуропадан жеңімпаз ретінде Қазақстандағы қайта жаңартылатын энергия көздерінің даму болашағы мен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы Brussels Diplomatic (www.brusselsdiplomatic.com) басылымында мақала жазған бельгиялық журналист Сибиль Грейндл (Sibylle Greindl) анықталды. Сонымен қатар, алқа мүшелері Астана мен Алматы жөнінде, халал-индустрия, ғылым және Қазақстанның ұлттық дәстүрлерінің ерекшеліктері туралы Bernama (www.bernama.com) ақпарат агенттігінің порталында бір­қатар мақалалары үшін Азия айма­ғынан малайзиялық журналист Нур­шазлин Нуразманды (Norshazlina Nor’azman) жеңімпаз деп таныды. Таяу Шығыс елдерінен ең жақсы басылым ретінде таңдау катарлық журналист Хусейн Ахмадқа (Hussain Ahmad) The Peninsula Daily (www.thepeninsulaqatar.com) газетіндегі мақаласы үшін түсті. Ол Қазақстанның саяси және экономикалық дамуы, еліміздің аймақтағы рөлі, Еуразиялық эконо­микалық одақ құру мен оның бола­шағы жайлы мақалаларымен көзге ілінді. ТМД және таяу орналасқан шетел елдерінен қазылар алқасы украиналық Светлана Островскаяны оның Wellness (www.wellness.org.ua) журналындағы «Дала ертегісі» атты Қазақстанның мәдени-рухани мұрасы мен ел дамуының қазіргі заманауи үрдістері туралы көркем репортажы үшін таңдады.