Кеше Кәсіподақтар федерациясының кезекті XXІІ съезіне қатысу үшін Астанаға келген делегация өкілдері Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров бастаған депутаттар тобымен кездесті. Олардың қойған сауалдарына Парламенттің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшелері жауап беріп отырды.
Кездесу кезінде Кәсіподақтар федерациясының өкілдері еліміздің жер-жерінде бой көтеріп жатқан өзекті мәселелерді, олардың шешілуін алға тартты. Бірақ сол мәселелердің негізгі өзегі – ол қарапайым халықтың тыныс-тіршілігі, жағдайы, әл-ауқаты. Бұл ретте жалақыны өсіру, жер-жерде жұмыссыздықтың алдын алу, азаматтардың кәсіби біліктілігін жетілдіру секілді мәселелер бар.
Ел экономикасының дамуы, мемлекет қоржынынан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау, ауыл шаруашылығын өркендету, әлеуметтік түйіндерді шешу жолдары да сөз болды. Мәселен, В.Бобров қазіргі таңда кез келген түйткілді мәселені оңтайландыру бағытында іс-шаралар қолға алынып, бұл ретте арнайы заң жобалары әзірленіп жатқанын тілге тиек ете келе, олардың жүйелі орындалуына мән берілетінін айтты. “Егер де бұл заң жобалары жергілікті жерлерде тиісті деңгейде енгізілмесе, онда ешбір түйін тарқатылмайды. Осыны ескеруіміз қажет”, деді В. Бобров.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов дағдарыс кезінде жүргізілген мониторингке сүйене отырып, кәсіподақтар бар жерлерде олардың өз өкілдерінің жан-жақты қорғалғанын атап өтті.
Бір айта кетерлігі, бүгінде еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы 2 млн. 100 мыңға тарта адамның басын біріктіреді. Олар 26 сала бойынша жұмыс атқарады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
“Егемен Қазақстан”.