Су тасқыны • 05 Сәуір, 2023

Төрт ауылдың тақсіреті

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Айтып келетін апаттың бірі – көктемгі су тасқыны. Қыс бойы жауған қар бір еріп, бір қатып, буға айналып ұшып кетті. Қызыл судың жылдағыдай мол болмауы бәлкім табиғаттың осы бір құбылысынан шығар. Әйтсе де, еріген судың азабы елді есеңгіреткен оқиғалар да орын алып отырғандығын айту парыз.

Төрт ауылдың тақсіреті

Атбасар ауданындағы Есен­гелді, Новомариновка, Сепе және Сочинское ауылдарының тұрғындары қаншама жылдан бері жол азабын тартып келеді. Көктемгі еріген су онсыз да тозығы жеткен жолды шайып кетіп, төрт ауылдың тұр­­ғындары қызыл судың тұт­қынына айналған. Әлденеше күн­нен бері азық-түліктері таусылып, ем-домға қажетті дәрі-дәрмекке зар болып отыр. Амалы таусылғандар бастарын бәйгеге тігіп, сеңі көшіп жатқан Қашқар өзенінен қайықпен өтуде.

Жолдың жағдайын айтып болмайды. Бұрынғының тілімен айтқанда, «ат өліп, арба сынатын» жағдай. Көктемде ғана емес, қақаған қыста да көрген күндері осы. Жалғыз жолды әупірімдеп тазалағандарымен, сырғыма боран жүрсе болды, жым-жылас етіп жауып тас­тайды. Жол азабын шегіп отыр­ған төрт ауылдың апталап қатынассыз қалуы жиі кездеседі. Осы тығырықтан шығаратын көпір салынуда. Әйтсе де Ат­басар-Сочинское тас жолының 19-ыншы шақырымындағы көпір құрылысы басталғалы екі жыл өтсе де, қашан аяқталары белгісіз. Дәл қазір айналма жолды көктемгі қар суына мелтектеп, күшіне мінген Қашқар өзені шайы­п кеткелі көлік қозғалысына шектеу қойылған. Жауапты ор­гандардың мәлімдеуіне қара­ғанда, су деңгейі түскеннен кейін қиыршық тас төселмек. Қазір бес құтқарушы жол бойындағы халықты өзеннен әрі-бері өткізіп жүр.

Ахуал әбден алаңдатарлық. Аяқастынан орын алған жай болса бір сәрі, сіңірдей созылған, сүр болып қатқан мәселенің әл­денеше жыл бойы шешілмей қойғанына елдің өкпесі қара қазандай.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы