Бірінші орында аусыл тұр
Облыста былтырдан бері ірі қара, қой-ешкі және шошқада кездесетін аусылға, модулярлық дермотит, қарасан, пастерелез аурулары мен құс тұмауына қарсы вакцина егіледі. Екпені үсті-үстіне еге беруге болмайды. Сондықтан вакциналау уақыт аралығы ескеріле отырып нақты жылдық жоспар бойынша жүзеге асырылады.
– Мысалы, қаңтар, ақпан айларында аусылға қарсы вакцина егіп алдық. Наурыз айында негізінен сібір жарасына қарсы екпе жасадық. Одан кейін төрт жасқа дейінгі жас төлге қарасанға қарсы вакцина егеміз. Бұрын пастерелез шыққан елді мекендерді де қолайсыз аумақ ретінде бақылап, екпе жасап отырамыз. Бұл енді жыл бойы жүргізілетін жұмыс. Бұрын мал ауруы шыққан жерлер үш жыл бойы эпизотиялық бақылауда болады. Ал сібір жарасы шыққан жердегі малға жыл сайын вакцина егіледі, – дейді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет.
Бауыржан Ғалымжанұлының айтуынша, Қостанай облысында өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдары, одан бергі кезеңдерде сібір жарасы шыққан 156 елді мекен бар. Аса қауіпті аурудың бактериясы құмда да бола береді және жүз жылға дейін сақталады. Ол, мысалы, желмен, құммен бірге көшіп басқа елді мекендерге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ветеринария саласының стратегиясы бойынша өңірдегі малға сібір жарасына қарсы вакцина жыл сайын тұрақты түрде егіледі. Бүгінде аса қауіпті аурулардың ішінде бірінші орында аусыл, одан кейін сібір жарасы тұр. Бұл аурулардың алдын алып отырмаса, малға ғана емес, адамға да қауіп төндіреді.
– Былтыр Федоров ауданындағы Запасный деген ауылдан, осыдан екі жыл бұрын Денисов ауданындағы «Алтай», «Баталинский» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден сібір жарасы шыққан. Біз қазір бұл шаруашылықтарды бақылауға алып, уақтылы вакцина егілуін қадағалап отырамыз. Таяуда ғана біздің мамандар «Баталинскийге» барып, малдың жағдайын көзбен көріп, вакцина егуге қатысып қайтты. Оның алдында Запасныйға барып, бір күнде 500 бас егіп келді. Қазір Жітіқара, Қамысты аудандарында да вакцина егуге қолұшын беру, қадағалау жұмыстарын атқарып жатыр. Бұл өңірлерге сәуір айында тағы мамандар жібереміз. Өйткені егілмей қалған жекеменшіктің малы бар, соларды егу жұмыстарына қатысады, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Бруцеллездің таралу аясы тарылып келеді
Бруцеллез – жұқпалы әрі созылмалы ауру болғандықтан, мемлекеттен арнайы қаражат бөлініп, кеселдің бұл түріне қарсы үздіксіз күрес жүргізіліп келеді. Ветеринарлардың сөзіне сенсек, өңірде бруцеллезбен ауырған мал басы жылдан-жылға азайып келеді. Мысалы, 2015 жылы облыс көлемінде бруцеллездің таралу көрсеткіші 1 пайыз шамасында болса, 2021 жылы 0,24 пайызға түскен. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша 0,2 пайызға дейін кеміген. Цифр тілімен айтсақ, 2015 жылы 5 мыңдай ірі қарадан бруцеллез анықталса, 2022 жылы небәрі 895 бастан ғана ауру шыққан.
Бруцеллез ошағы анықталған шаруашылықтар мен елді мекендерге сауықтыру жұмыстары жүргізіледі. 2020 жылы облыста осындай 23 сауықтыру орны болыпты. Былтыр олар 13-ке дейін азайған. Бұл ұзақ жылдар бойы жүргізілген ветеринарлық жұмыстардың жемісі дейді мамандар. Ал енді өңірдегі қой-ешкінің жыл сайын 0,02 пайызы ғана бруцеллезга шалдығады. Облыс бойынша жылына тұрақты түрде 60-70 ұсақ малдан ғана бруцеллез шығады, яғни бұл цифр ұсақ мал арасындағы бруцеллездің ең төмен деңгейде екенін көрсетеді. Сондықтан қой-ешкінің эпизотиялық жағдайы өте жақсы деп айтуға болады.
Бруцеллездің алдын алу шараларына мемлекеттен арнайы қаржы бөлінеді. Облыс ветеринарлары жылына 500 мыңнан аса ірі қарадан қан алып, зертханаларға жіберіп, тексеріп отырады. Бұл бағыттағы жұмыстардың дені наурыз айында басталады.
– Таяуда Ұзынкөл ауданындағы ірі шаруашылықта жүргізілген жоспарлы зерттеу жұмыстарының барысында 36 бас ірі қарадан бруцеллез шықты. Шаруашылық басшысы ауру малдың бірін қалдырмай «Север-Ет» ЖШС-ға тапсырды. Әлі де күмән туғызатын 72 бас бар. 15 күннен соң, солардан қан алып тексереміз. 9 бастан сынама алынып, облыстық ветеринарлық зертханада талдау жасалып жатыр. ПТР қорытындысы оң нәтиже көрсететін болса, аталған шаруашылыққа уақытша шектеу шаралары енгізіледі. Сонымен қатар Жітіқара ауданындағы Степной елді мекенінен де бруцеллез анықталған. Қазір бұл ауылда сауықтыру шаралары жүріп жатыр, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары.
Ветеринар маманның айтуына қарағанда, кеселдің бұл түрін анықтау жұмыстары енді басталып жатыр. Сондықтан бруцеллез әлі де шығуы мүмкін. Мұнымен ауырған малды емдеу ұзақ уақытты және қомақты қаражатты қажет етеді. Яғни бруцеллезді емдеу – экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан онымен ауырған ірі қара 15 тәуліктің ішінде сойылуы қажет. Адамнан малға, малдан адамға жұғатын қауіпті аурудың арты індетке ұласып кетпеуі үшін мал басын жылына кем дегенде екі рет тексеріп, ауру деген малдың көзін құртып отыру керек. Одан басқа ем жоқ.
Әр ауданда ауру малды таситын арнайы көліктер бар. Бруцеллез анықталған мал осы көліктермен тегін тасымалданады. Ол көліктердің жанармайы мен жүріп-тұруына қажет қаржыны мемлекет төлейді. Одан кейін ауру ошағын залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, бруцеллездің шығуы кейде мал иелерінің салғырттығынан болып жатады.
– Мысалы, кейбір ағайындар малын уақтылы тексертпеуі мүмкін. Қорада он бас тұрса, әй соям ғой деп, сегізін тексертіп, екеуін қалдыра салады. Артынан оны соймай, басқа біреуге беріп жібереді. Ол ауырып тұрған мал болса, барған жеріндегі басқа малға жұқтыруы мүмкін. Әртүрлі факторлар бар. Сондықтан малды міндетті түрде ектіру керек. Адамдар әртүрлі ғой. Ауру анықталған соң, біреулер малымды бермеймін деп қасарысып тұрып алады. Ондай жағдайда, ең алдымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал енді малын ектіруден мүлде бас тартқан жағдайда, біздің мамандар жергілікті жерлердегі аудандық, қалалық, аумақтық ветеринарлық инспекцияларға бәленше малын ектірмей жатыр немесе ауру анықталған малын тапсырмаймын деп жатыр, 15 күннен асып кетті. Соған шара қолдануыңызды сұраймын деген мазмұнда баянхат жазады. Олар заңмен белгіленген өкілеттігі бойынша жаңағы шаруашылыққа тексеру жүргізіп, әкімшілік хаттама толтырып, әкімшілік құқық бұзушылықтың дәрежесіне сәйкес 5-10 АЕК көлемінде айыппұл салады. Тіпті соттасатын да жағдайымыз болады. Ал жалпы алғанда, облыста бруцеллез деңгейінің төмендегенін бақылап, көріп отырмыз, – дейді Бауыржан Бекет.
Жолдауда айтылған сөз іске асып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрынғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болуы үшін салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс екенін айтқан еді. Президент, атап айтқанда, мал басын тіркеу үдерістерін цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, мал дәрігерлерінің жалақысын көбейту сияқты көптің көкейіндегі өзекті мәселелерді шешуді міндеттеген.
– Президент біздің ұлттық қауіпсіздігіміз, биологиялық қауіпсіздігіміз ветеринарияға байланысты деді. Өйткені күнделікті ішетін сүтіміз бен жейтін тамағымыздың таза болуы, сондай-ақ шетелге ет, сүт өнімдерін, мал шығаратын болсақ, соның бәрі ветеринария жұмысымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы ветеринарияны дамытпай, мал шаруашылығы ілгерілемейтінін түсініп, осылай деген. Бұл салаға содан кейін барып, көңіл бөліне бастады. Осыдан біраз жыл бұрын еңбекақы мардымсыз болып, дәрігерлер мүлде келмей кетті. Былтырдан бастап еңбекақы өсіп жатыр. Мысалы, 2021 жылға дейін еңбекақы көлемі 90 мың теңгенің шамасында болды. 2022 жылы 175 мыңға дейін өсті. Биыл жыл басынан бері әр ауданның қаржылық мүмкіндігіне байланысты ветеринарлар 190 мыңнан 240 мың теңгеге дейін айлық алып отыр, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Бүгінде өңірге вакцинаның бәрі республикалық бюджеттен тегін келіп түседі. Малға да тегін салынады. Мал дәрігерлері атқарып жатқан ветеринарлық жұмыстардың бәрі тегін. Мал иесі бұған көк тиынын да шығармайды. Мемлекет халықтың қолындағы мал мен шаруашылықтардың малына алаламай бәріне бірдей вакцинасын, мал дәрігерінің еңбекақысын, оның жүріп-тұруы үшін жанармайын тегіс тегін тауып береді. Яғни биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп беріп отыр.
– Оның сыртында, төтеннен аусыл ауруы шықты ғой. Қорғаныс аймағына Қостанай облысы да енеді. Сондықтан біз де вакцина еге бастадық. Өте ауқымды жұмыс атқарылды. Қой, ешкі, қара мал, шошқаның бәріне бірдей вакциналадық. Бір малды бірнеше рет ектік. Нәтижесінде, жұмыстың көлемі ұлғайып кетіп, соған байланысты осы жұмысты аяғына дейін атқару үшін Үкімет қосымша қаражат бөлді. Мал дәрігерінің қасында санитары болады, көбіне, егілген малды жазып жүреді. Олар келгенде мал иесі малды өзі ұстауы керек, өзі фиксация жасауы керек. Ол ветеринардың міндетіне кірмейді. Ветеринар келгеннен кейін, мал иесі ұстап, фиксация жасаған малдан қан алады. Вакцинасын егеді. Қасындағы адам оны жазып, вакцина салынған қорабын көтеріп жүреді. Көп жағдайда малды өз иесі байламайды. Екі қолын қалтасына салып, ал істеңдер деп қарап тұрады. Мұндай жағдайда біздің ветеринар дәрігерлер сырттан үшінші адамды алады. Фиксатор дейді оны. Ол адамның қолында арқан-жібі болады, қораға кіріп малды байлап, көмектеседі. Оның еңбегін мал иесі қалтасынан төлеу керек. Кәдімгі соғым сойып беретін қасапшы сияқты, екеуі ауызша келісім жасайды. Осыдан басқаның бәрі тегіс тегін. Мемлекет соны қарастырып қойған, – дейді Бауыржан Бекет.
Бүгінде облыс аумағындағы 17 ауданда мемлекеттік ветеринарлық зертханалар бар. Мұның сыртында, Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный кентінде білікті мамандары бар облыстық зертхана жұмыс істейді. Қандай да бір күдік туған жағдайда малдың ішкі органдарынан, қанынан сынама алынып, осы аталған зертханаларда құтырма, пастереллез, сібір жарасы сияқты вирустық және бактериялық ауруларға қатысты талдау жасалады.
Ірі шаруашылықтардың жеке ветеринар дәрігерлерін қоспағанда, әр ауданда мемлекеттік ветеринарлық бекеттер жұмыс істеп тұр. 20 ауданда 25 бекет бар. Оның ар жағында, әр ауылдық округте мал дәрігері мен санитары бар ветеринарлық пункттер жұмыс істейді.
Бүгінде ветеринария саласын цифрландыру мәселесі де жақсы жолға қойыла бастаған.
– Бұрын әр бастың қағаз түріндегі құжаты болған. Бірақ ол бюджеттен көп қаражат бөлуді қажет етті. Қағазды басып шығару керек. Бір жылдары 17 млн теңгеге тапсырыс беріп жібердік. Көп ақша ғой. Әр облысқа есептеңіз, 17-20 млн теңгеден келсе қаншама ақша! Қазір электронды құжатқа көштік. Бізде малды тіркейтін «Ауыл шаруашылығы өнімдерін сәйкестендіру жүйесі» деп аталатын портал бар. Мысалы, кез келген адам ведпунктке барып, бәленбай жерден мал сатып алатын едім, соның құжатын беріңіз деп сұраса, бірден желіге кіріп шығарып береді. Онда малдың нөмірі, түр-түсі, бұрын кімнің атында болды, қандай ауруларға қарсы вакцина егілді деген сияқты керек мәліметтің бәрі бар, – дейді мамандар.
Мал дәрігерлерінің еңбекақысы өскеніне қарамастан, Ұзынкөл, Қарабалық аудандарында әлі күнге дейін ветеринар мамандар жетіспейді. Өйткені көптеген ауылдың тұрмыстық жағдайы әлі де мәз емес. Ауыл әлі де болса, бір ауық бір жерге барып демалып, көңіл көтеруді, спортпен шұғылдануды, басқа да игіліктерді жаны қалап тұратын жас адам үшін қолайсыз. Сондықтан жастардың көбі оқуын бітірген соң, қалада жұмыс істегісі келеді. Оларға ауыл қорасында қи кешіп жүріп сілекейін шұбыртқан сиырды емдегеннен гөрі, қаладағы жылы клиникада пәтерде тұратын «мәдениетті» ит-мысықтарды емдеген тиімді.
Қостанай облысы