Алматы • 06 Сәуір, 2023

Кенеден сақтан!

463 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күн райын болжаушылар биыл Алматыға көктем ерте келетінін ескерткен еді. Синоп­тиктердің сол сәуегейлігі орындалып, қазір­гі күндері оңтүстік өңірлерде күн жар­қырап тұр. Алайда Алматы сияқты таулы аймақ­тарда мұның да өз қатері бар. Күн жылына бастағаннан кенелер де жыбырлап оянады, жабысқан жерінен айырылмайтын жәндік адамға да, жан-жануарға да жақсылық әкеле қоймайды.

Кенеден сақтан!

Алматыда кене энцефалитінің алдын алу таулы аймақтарда немесе саяжайлар аумағында тұратындар үшін өте өзекті. Бұл, әсіресе, Медеу, Бостандық, Наурыз­бай аудандарына қатысты. Сондықтан биыл мамандар кене энцефалитінің алдын алу шаралары туралы ертерек ескертуге мәжбүр болып отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңын­да өткен бри­фингте Алматы қалалық Қо­ғамдық денсаулық сақтау бас­қармасының штаттан тыс бас травматолог-ортопед дәрі­гері Қанат Тезекбаев күн жы­лынғалы кене шағып, ме­ди­циналық көмекке жүгінген нау­қастардың саны артқанын алға тартты. Өткен аптада ғана 52 науқас мамандардың көмегіне жүгінсе, оның 23-і – бала. Көбінесе кене шағу оқи­ғалары қала маңы мен тау баурайында орын алады.

Ал кене энцефалиті – тұ­рақ­ты табиғи ошақтарда пайда болатын, дене қызуының көтерілуі, интоксикация мен жүйке жүйесінің зақымдануы арқылы білінетін вирустық инфекция.

«Денеге жабысып қалған кенені теріден алған кезде оның бізтұмсығының қа­лып қоймауын қадағалап, мүм­кіндігінше тезірек алып тастау керек. Мұны травма­то­логиядағы дәрігердің жасаға­ны дұрыс. Егер дәрігерге бару мүмкіндігі болмаса, дәріханада немесе кез келген басқа жерде сатылатын қысқышы бар арнайы пинцет қолдануға болады. Кенені барынша жабыс­қан жерінен ұстау керек, пинцет­ті тістеген жерінен көлденең ұстаңыз, кененің денесін айнал­дырған күйі алу керек. Көп ұзамай кене де теріден өздігінен шығуы керек», дейді Қ.Тезекбаев.

Кенелер адамды негізінен тері тіндері ең жұм­сақ жерлері – құлақтың сырт жағы, мойын, бастың шашы бар бөлігі, шынтақтың ішкі жағы, қолтық асты, іш, шап, жіліншіктің ішкі жақтары, тізе астынан шағады. Кененің шаққаны білінбейді: жәндік жараға ауырсынуды басатын зат енгізеді.

Кене энцефалиті жәндіктің өзінен басқа, ауру ешкі мен сиырдың шикі сүтін ішу арқы­лы да жұғуы мүмкін. Кене көк­тем, жаз айларында кез келген уақытта қауіпті.

«Энцефалит вирусын жұқ­тырған кене шақ­қаннан кейін үш күн ішінде шұғыл профи­лактика жүргізу қажет. Дене сал­мағының әр 10 килогра­мы­на 1 мл дозада кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу керек немесе сәйкес кесте бойынша йодантипирин қабылдау қажет. Энцефалиттің асқынуы аса қауіпті, зардабы үлкен, сондықтан алдын алған ма­ңызды», деп кеңес берген дәрігер бұл мәселеде басты про­­филактика вакциналау еке­нін атап өтті.

Жеке қорғаныс шараларынан басқа, мамандар ауладағы қоқысты шығарып отыру, үй жануарларының жүнін арна­­йы құралдармен тазалап, мұ­қият тексеру, кенелерді үркітетін өсім­діктер отырғызу, ескі бұ­тақ­тар мен шөп-шаламды, кө­гал­дарды ұдайы шабу қажет­тігін қаперге салды.

Кенелердің табиғаттағы жауы құстар болса, жем сал­ғыштар орнатып қойған да жақсы, сол сияқты қоршаудың сыртына ені 100 см үгінді немесе қиыршық тас төсеп қойған да нәтижесін береді.

Өз кезегінде қалалық Қо­ғамдық денсаулық сақтау бас­қармасының штаттан тыс эпи­демио­логі Эльвира Ибра­гимова: «Алматы – кене эн­це­­фалиттің эндемиялық аймағы. Тәжірибеде кене ша­ғуы көбінесе наурыз бен қыр­күйек айларында орын алады. Тексерілген кенелердің ара­сында энцефалит жұқ­тырғ­андары да бар», деді.

Кене энцефалитіне қар­сы егу 18 жастан бастап жүр­гізі­леді. Оған кене энцефа­ли­тінің эндемия­лық аумағында немесе сол жерде тұратын адам­дар, сондай-ақ кене энце­фалитінің вирусының тірі да­қыл­дары­мен жұмыс істейтін медицина қызмет­керлері енеді.

«Вакциналау кестесі 1-7 ай аралығымен екі егуден жә­не бастапқы вакциналау кур­сы аяқталғаннан кейін 12 айдан кейін ревакциналаудан тұрады. Бірінші инъекция­ны күзгі кезеңде (қазан-қараша), екіншісін 1-2 айдан кейін жасаған дұрыс», деп түсіндірді эпидемиолог.

Кене энцефалитіне душар болғандар денсаулық жағ­дайына қарай екі жыл және одан да ұзақ уақыт бойы дис­пансерлік бақылаудан өтуге тиіс. Кене шағып алғандарды диспансерлік бақылау тұр­ғы­лықты жері бойынша меди­циналық ұйымда 21 күн бойы тұрақты термометрия арқылы жүргізіледі.

Сонымен қатар сарапшы кене шаққан жағдайда оның антигендік құрамын тексере отырып, Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және сараптама орталығында жүргізуді ұсынады. Бұл сараптама ақылы, зардап шеккендер ақылы негізде СЭСО және РСЭБ-те қан талдауын жүргізе алады.

Брифинг соңында мамандар кене шағып алған жағдай­да қандай стационарларға ме­дициналық көмекке жүгіну ке­ректігі жөнінде кеңес берді.

 

АЛМАТЫ