Инвестиция • 06 Сәуір, 2023

ЕҚДБ елімізге экономиканы қаржыландырудың жаңа көздерін ұсынды

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінге дейін Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанға 304 жоба аясында 10 млрд еуродан астам инвестиция салыпты. Салынған осыншама қаражаттың ағынына қарап, Еуропа банкі біздің елімізді Орталық Азиядағы тарихы ең ұзақ ірі бөлімшесіне айналдырып қойғандай десек те болғандай екен.

ЕҚДБ елімізге экономиканы қаржыландырудың жаңа көздерін ұсынды

Ендігі жерде ЕҚДБ Қазақстандағы «жасыл» инвестицияларды қолдау мақсатында қаржыландырудың жаңа көздерін ұсынып отыр. GEFF Kazakhstan II «жасыл» экономиканы қаржы­ландыру жобасы аясында бөлінген 150 млн АҚШ доллары кәсіпорындар мен үй шаруашылықтарына көмек ретінде бағытталмақ. «Жасыл» қаржылан­дыру­дың атап өтуге тиісті тұсы ол гендерлік аспектілерді де ескеруі тиіс.

Ал техникалық қолдауды Климаттық инвестициялық қорлары (Climate Investment Funds) көрсетеді.

Осы арқылы 2023 жылдың басында Париж келісіміне толық қосылған Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанға электр энергиясын тұтынуды азайтуға, жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды ілгерілетуге және жергілікті кәсіпкерлерге эколо­гия­лық қауіпсіз тәжірибелерді енгізу­де қолдау көрсетуге көмектеседі.

ЕҚДБ іске қосып жатқан жаңа қар­жы­­лан­дыру бағдарламасының арқа­сында республика бойынша жүздеген кәсіпорын мен мыңдаған үй шаруашы­лығы өндірісін жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттырып, экологиялық тұ­рақтылықты жақсартуға мүмкіндік алады.

Банк бүкіл ел бойынша жеке тұлғалар­ға, жеке компаниялар мен ШОБ-қа кредит беру үшін Kazakhstan Green Economy Financing Facility II (GEFF Kazakhstan II) жобасына қатысатын қаржы институттарына 150 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде (теңгелік баламада) қаржыландыруды ұсынады.

Жоба сонымен қатар жоғары сапалы «жасыл» тауарлар мен жабдықтарды жеткізушілер мен өндірушілерге, оның ішінде Green Technology Selector онлайн-каталогінде орналастырылған және GEFF Kazakhstan II жобасының веб-сайтында қолжетімді тауарларды қаржыландыруды ұсынады.

Сонымен қатар Климаттық инвести­ция­лық қорлардың (Climate Investment Funds, CIF) қолдауымен GEFF Kazakhstan II жобасы жергілікті «жасыл» технология­лар мен жабдықтар нарығын дамытуға жәрдемдеспек. Бұл өз кезегінде «жасыл» экономиканың өсуіне ықпал етіп, «жа­сыл» технологияларды неғұрлым қол­­же­­тімді ете түсуге тиіс. Оған қоса жаңа жұмыс орындарын ашуға септе­седі. Жоба сондай-ақ климаттың өзгеру тәуекел­дерін азайту және оларға бейім­делу жөніндегі жобаларға инвес­тицияларды ынталанды­ратын, тұйық циклді экономиканы ілгерілететін және Қазақстан экономикасының декарбонизациясы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады.

Жоғарыда атап өткендей, жаңа жоба ЕҚДБ-ның гендерлік SMART тәсілін қамтиды, ол мүмкіндіктер теңдігі мен Қазақстан экономикасындағы әйелдердің рөлін арттыруға жол ашады. Жобаға қатысатын қаржы институттары гендер­лік теңдікке негізделген және ген­дер­лік аспектілерді ескере отырып, қаржы­лық қызметтерді ұсынатын жаңа инвес­тициялық мәдениетті пайдаланады.

GEFF Kazakhstan II жобасы 2020 жылдан бастап Аустрия үкіметі мен Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен іске асырылып келе жатқан GEFF Kazakhstan қанатқақты жобасына негізделген. Жоба іске асырыла басталғалы бері оған бір жарым мыңнан астам қатысушы тартылып, елдегі энергетика және энергия тиімділігі жөніндегі жобаларға бағытталған қаржыландыру көлемі 30 млн АҚШ долларын құраған.

Жоба сонымен қатар көмірқышқыл газының жылдық шығарындыларын 200 мың тоннадан астамға азайтуға және бастапқы энергияны үнемдеуге сағатына 573 мың мегваттқа жетуге көмектесіп отыр. Қаржыландыру ЦентрКредит Банкі, Shinhan Bank және KMF микрокредит ұйымы арқылы жүзеге асырылды. Қаржыландырылған жобалардың көп бөлігі (60%) әйелдер басқаратын бизнеске қатысты және ауылдық жерлерде орналасқан.

 

АЛМАТЫ