Ауыл • 05 Сәуір, 2023

Ауылыңа бардың ба?

303 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауылдың қазіргі ахуалы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа жолдауларында ауыл мәселесіне ерекше тоқталып, әркез көңіл аударып келеді. Кейбір облыстардағы болашағы жоқ делініп, мүлдем тарап кеткен ауылдарды көріп жүрегің сыздайды.

Ауылыңа бардың ба?

Ауылды қолдау үшін бірнеше қау­лы қабылдадық, мемле­кет­тік бағдарлама жасадық, «Ауыл жылын» жарияладық, қанат­қақты жобалар ұсындық, қар­жылай қолдау мақсатымен мил­лиондаған, миллиардтаған теңге субсидия да беріп жатыр­мыз, Ауыл шаруашылығы министрлігі тыным­сыз еңбек етуде және тағы­сы­ның тағы бар... Жас маман­дармен қамтамасыз ету мақ­сатында «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасын енгіздік. Тығыз орна­ласқан Оңтүстік өңірдің тұрғын­дарын ел саны аз Солтүс­тік, Шығыс аймақтарына қоныс­тандыруды да қолға алдық. Шама­мыз жеткенше ауылдарды сақ­тап қалуға тырысып-ақ бағудамыз. Бірақ осының бәрінен оңды нәтиже көріп отырмағанымызды мойындаймыз.

Туған жерім Қаратаудың төс­кейінде көсіліп жатқан Көсе­генің Көкжонында орналасқан алақандай ғана Үшбас ауылы 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде бірнеше ұжымшардың басын біріктірген «Түркістан» астық кеңшарының бір бөлімшесі еді. Кезінде өңірдегі маңдайалды шаруашылық болды.

Қазір ауылда жастар үшін жұмыс жоқтың қасы. Сондықтан олардың басым көпшілігі қалаға қоныс аударған. Мектепке баратын балалар саны азайып бара жатқанын мектеп директоры Мақсат Мамытов жиі айтады, тіпті осылай кете берсе мектеп жабылып қала ма деген қауіп те жоқ емес. Қазіргі ауылдың тұрмыс-тіршілігін көріп жаның ауырады. Егіндікке бөлінген жерлер мен шабындықтар билік иелерінің, «қалталы азамат­тар­дың» иелігіне кеткен. Ауыл тұрғын­дарының қолын­да қажетті ауылша­руа­шы­лық техника да жоқ. Со­дан олар не қылсын, әлгі дөкей­лерге жал­данып нәпақасын ажыратып жүр.

Ауыл жастарының мәселесі мені ерекше толғандырады. Үшбас ауылында тепсе темір үзетін 30-ға жуық бойдақ жігіт бар екен. Олар әке-шешелерімен бірге тұрады. Шаруашылық жұмыс­тар­ды бір азаматтай атқарып жүр. Үйленейін десе әлгілердің тұрғын үйі жоқ, қол қысқа. Егер мемлекет сол ауыл жастарын қолдап, үй тұрғызуға төмен пайызбен қаржы-несие берсе, көп мәселе дер кезінде шешілер еді.

«Егер ауылды көркейтіп, берекелі мекенге айналдырғымыз келсе, жастарды еңбекке баулып, оларға тиісті жағдай туғызып, бағдарлама бойынша үй салып, барынша қолдағанымыз жөн. Әйтпесе, «Ауыл – алтын бесігіміз» деп жүз рет кеңірдегімізді қызартып айтсақ та, бұл істі түзей алмаймыз. Қазақ ауылсыз қалай тіршілік етеді? Осыны ойлап қатты толғанамын», дейді еңбек ардагері Дулат Өтешев.

«Кеңшар кезінде Үшбас өзенін бірнеше жерден буып, тоған салып, су қоймаларын жасап, жүгері, картоп, қызанақ, тіпті қауын мен қарбыз өсіріп, Жаңатас қаласының тұрғындарын қамтамасыз еткеніміз есімде. Ауыл маңындағы алма бақ қандай еді, шіркін! Қазір осының бірі де қалмаған. Көпшіліктің бойын енжарлық, жалқаулық жаулап алды. Жұмыс көзін таба білсек, ауылда берекелі істер аз емес қой. Бірақ осыны жүзеге асырар белсенді жастар ортамыздан табылмай отыр және мемлекеттен қолдау да жетіспей тұр», дейді ауыл қариясы Ілес Айтжанов.

Ауыл ардагерлерінің толға­нысы кімге болмасын терең ой тастайды. Көңіліңді құлазытып, жүрегіңді сыздатады. Тіпті бірте-бірте уақыт ауысқан сайын «қазақтың ауылы» деген ұғым жоғалып кетпей ме деген үрей, уайым пайда болады бойыңда.

...Көңілге  көп ой түйіп, сана­мызға салмақ салып ауылымнан аттанып бара жатырмыз. Киелі Қаратау­д­ың биік қыраттарының бірі Аққырқа асуына жетіп, баяғы дәстүр бойынша бір сәт аялдадық. Артымызға бұрылып, көз ұшында көлбеңдеп, сағымға бөгіп, артта қалып бара жатқан тау баурайындағы шө­кім­дей Үш­бас ауылына қимай қарай­мын. Көктемнің ерке қоңыр сама­лы бетімізді қытықтап, бейне, аймалап тұрғандай сезімде боласың. Туған жерге деген махаббат, аяулы сезім қанша жыл өтпесін еш ес­кірмейтін, жүректің бір түкпірінде әрдайым түлеп, ұшқындап жататын ерекше жұмбақ, тылсым, сырлы дүние екен.

Қыр жотасына желге айналатын қырыққа жуық зәулім генераторлар бой көтеріпті, біразы әлі орнату кезеңінде екен. Айтушыларға сенсек, көрші Қытай мамандары Көкжон аймағында жел­дің қай бағытта, қандай күш­пен соғатынын сегіз жыл бойы зерт­теп, зерделеп, жел генератор­ларын орнатуға ең тиімді орын деп осы Ақбиік қыратын таңдапты. Қазір сол жел генераторларын жердің қашықтығына, жол қиын­­дығы­на қарамай ту сонау Қытай­дан бөлшек-бөлшек күйінде тасымал­данып, Қаратау жотасына жет­кізіліп, оларды орнатып жат­қан сәті екен. Келешекте бұл сан­да­ған жел генераторы осы өңір­­дегі елді мекендерді және кәсіп­­орын­дарды арзан «жасыл энер­гия­­мен» қамтамасыз етеді деп жоспар­ланған екен. Лайым соған жетейік! 

Дала жұмысы қызу басталып кетіпті, егін алқаптары еңбек симфониясына айналған. Әнеубір тұстан «Еврохим» компаниясының соңғы жылдары бой көтерген кәсіп­орындарының жаңа ғимараттары көзге шалынады. Тынымсыз жүйт­кіп жүрген ауыр «Белаздар», белі майысып тонна-тонна руда тиеген вагондар әр жерден көрінеді. Өңірде тыныс-тіршілік бір сәт үзілмей, қарбалас іс қанат қағып жатқаны көңілге демеу береді.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы